Руханият • 18 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда халықаралық ақындар айтысы басталды

752 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс басталды.

Қарағандыда халықаралық ақындар айтысы басталды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шайырлар сайысында Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Қытайдан және еліміздің түпкір-түпкірінен келген 18 ақын бақ сынайды.

Жыр додасының Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Ерлан Қошанов құттықтау сөз сөйлеп, айтыс өнерінің бүгінгі күнде үлкен маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

– Айтыскерлер үшін ең жоғары мандат, ең жоғары құрмет – халықтың ниеті мен сенімі. Себебі халық ақындардан тек қана шындықты күтеді. Ақын мінезі мен арын ешуақытта сатпайды. Сәкен Сейфуллинің тілімен айтқанда,  «Айтыс – заманның ақиқаты». Екіншіден, айтыс – ол жүрек. Ашығын айту керек, кейде адамды көз алдайды, құлақ алдайды, тіпті тіл де алдауы мүмкін. Бірдеңеге алып келіп, соқтыруы мүмкін. Бірақ – жүрек алдамайды. Ал ақын – мәселені жүрекпен көреді, жүрекпен жеткізеді. Сондықтан жүректен шыққан жырларды халық жүрекпен қабылдайды, – деді өңір басшысы.

1

Ал халықаралық айтыс және жыршы-термешілер одағының басшысы Жүрсін Ерман осы айтыстың Qazaqstan ұлттық телеарнасының эфирінде көрсетілетінін қуана жеткізді. «Бұл телерадиокорпорация, Nur Otan партиясы және біздің қоғамдық бірлестік жасаған меморандумның арқасында мүмкін болды», деп атап өтті ол.

Қырғызстаннан келген айтыскер ақын Жеңісбек Тоқтобеков мұндай жобалардың рухани жандандыруға, ұлттық мәдени кодтың сақталуына ықпал ететініне баса назар аударды.

– Сәкен Сейфуллин құрметіне өткізілетін осы айтыстың қазақ халқы үшін маңызы өте зор. Қазақстанда айтыстар біздегіге қарағанда жиі өткізіледі. Осылайша мәдени мұраны бағалайтындарыңыз, салт-дәстүрді құрметтейтіндеріңіз және халық өнерін қолдайтындарыңыз адамды еріксіз тәнті етеді, – деп ағынан жарылды Бішкектен келген қонақ.

Халықаралық айтыстың қорытындысы 19 қыркүйек күні белгілі болады.

 

Қарағанды облысы