Саясат • 19 Қыркүйек, 2019

Басқа елде бой тасалағандар жазасыз қалмайды

196 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Апта сайын Мәжіліс үйінде көтерілетін маңызды мәселелер бірқатар заң жобасын қараумен шектелмейді. БАҚ арқылы Парламенттегі жиындардың жай-жапсарынан хабардар болып отырған халық депутаттық сауалдарға да ерекше назар аударады.

Басқа елде бой тасалағандар жазасыз қалмайды

Ұлттық паркке қоқыс төгеді

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығма­ту­линнің төрағалымен өткен Парламент Мә­жілісінің бұл жолғы жалпы отырысында күн тәртібінен тыс бірнеше депутат түйткілді мәселелер қамтылған депу­таттық сауалдарын Үкіметке бағыттады. Атап айтсақ, Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жолдаған сауалында телемедициналық қызмет мәселесін көтерді. Оның айтуынша, телемедицина ең жоғары деңгейде дамыған ел АҚШ-та қашықтықтан консультациялар беру мен мониторинг жүргізу науқастарды госпитализациялауды 19%-ға, дәрігерлік кеңес алу үшін тікелей дәрігерге жүгінуді 70%-ға қысқартуға мүмкіндік берген және онлайн-консилиумдар арқылы ауыр науқастарды тасымалдаудан жыл сайын 500 млн доллар қаржы үнемдеуге қол жеткізілген. Қазақстан үшін де телемедицинаны дамыту маңызды. Өйткені шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету қиынға соғып отыр. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында да Ұлттық телемедицина желісін кеңейту көзделген.

– Қазіргі уақытта «Цифрлы Қа­зақ­стан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес денсаулық сақтау саласында еліміздің әрбір азаматына арналған электронды денсаулық паспортын енгізу, бірыңғай деректер базасын құру, қағазсыз денсаулық сақтауға көшу сияқты игі істер қолға алынып жатыр. Алайда, елімізде телемедицинаны дамытуға онша көңіл бөлініп отырған жоқ. Атап айтқанда, 2004 жылы «Ауылды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Ауылдық жердің денсаулық сақтау саласында мобильдік және телемедицинаны дамыту» жобасы бойынша құрылған ұлттық телемедицина желісі қазір 700-ден астам денсаулық сақтау ұйымының 217-сін ғана қамтып отыр. Әу баста ауылды дамытуға арналған жоба болғандықтан, ҰТМЖ-ға бірқатар шағын және моно қалалар әлі күнге дейін қосылмаған, – деді депутат.

Депутат Үкіметтен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жауап беруді сұрады.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова Премьер-Министрге жолдаған сауалында экология мәселесін қозғап, ұлттық парктерді дамытуға мән беру жайын көтерді. Ол бұл мәселелерге Қазақстан қол қойған әртүрлі табиғат қорғау конвенцияларында бекітілген халықаралық құқық нормаларын енгізуге тікелей жауап беретін мемлекеттік ор­гандарға қарағанда, азаматтық қоғам өкілдері көп алаңдаушылық білдіретінін алға тартты. Депутаттың айтуынша, әлемдік қауымдастық біздің елде осы сала­да кәсіби жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар арқылы экологиялық мәсе­ле­лердің жай-күйіне тұрақты монито­ринг жүргізеді. Осы жолмен олар мемлекеттік ор­гандардың қатып қалған цифрлары ар­­қылы емес, азаматтық қоғам арқылы Қа­зақ­стандағы шынайы жағдайға қанығады.

– Мысалы, Іле Алатауы ұлттық пар­кінің біраз бөлігі Алматы қаласының қоқыс тастайтын жеріне, мал жаятын орынға, иесіз қалған құрылысқа айналып барады. Туристер алыстан ат арылтып біздің ұсқынсыз мекендерді тамашалауға келмейді. Экотуризм және тау туризмі үшін оларға болмысы бұзылмаған бүтін табиғат керек. Тіпті дамыған инфрақұрылым мен жоғары сапалы қызметтің сыртында табиғаттың сұлулығы көрініп тұруы қажет. Ерекше қорғалатын аумақтар мен ұлттық парк­тер алдындағы мақсат – табиғи жүйелер мен олардың алуандығын сақтай отырып экологиялық жағдайды тұрақтандыру, – деді депутат.

Галина Баймаханова «Халық ком­мунистері» фракциясы депутаттарының атынан Үкімет басшысынан Іле-Алатау ұлттық паркіндегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру және ай­тылған мәселелер бойынша қабыл­данып жатқан шаралар туралы ақпарат беруді сұрады.

 

Украина асқанға – бір тосқан

Жалпы отырыста депутаттардың назарына «Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылып, мақұлданды. Ісінен шикілік шығып шекара асқандарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін шешетін бұл шартты Мәжілістің мінберінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов жан-жақты таныстырды.

Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шарт 2018 жылы 29 қазанда елордада жасалды. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін екі елде де кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса, ол ұстап беріледі. Бұл құжатта істі болған адамды еліне кері қайтарудан бас тарту негіздері де қарастырылған. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, сондай-ақ Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе, мұндай сұраулармен келіспеуге болады.

– Соңғы үш жылда Украина бізге
6 қылмыскерді ұстап берді. Қазір аталған елде жасырынып жүрген 6 адам бар. Оларды қайтару қаралып жа­тыр. Бүгінде екі ел арасында бұл мәселе Минск конвенциясымен реттелуде. Конвенция екіжақты шарт жасауға тыйым салмайды, – деді Марат Ахметжанов.

Осы тұста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Украинада бір жылдан аса уақыт бой тасалап жүрген ерлі-зайыптылар ісін еске салды. Спикер көктем мен күзде «ауруы» қозатын ол жұптың YouTube-те небір сандырақты соғып жүргенін, олардың елде жауап­кершілікке тартылу керектігін айтты.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, экстрадиция үшін 2019 жылы бюджеттен арнайы қаражат көзделген. Жалпы, аталған шарт тектес құжаттар 21 елмен бекітілген. Жақында Малайзия, Грекия, Кипрмен осындай келісімге қол қою жоспарланып жатыр екен.

Допингпен шатылғандар айыппұл төлейді

Мәжіліс депутаттары дене шы­нық­­тыру және спорт мәселелерін кеңі­нен талқылап, аталған сала бо­йынша кейбір заңнамалық актілерге өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын егжей-тегжейлі қарас­тырды. Заң жобасы осы саладағы заңна­маны жетілдіруге, допингке қарсы қағи­даларды бұзғаны үшін әкімшілік жауап­кершілік енгізуге, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағыт­талған. Бұған қоса заң жобасында Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті бюджеттер қаражатынан тұрғын үй беру рәсімі ұсынылды.

Депутаттар заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында ұғымдық атауларды нақтылауды мазмұнды түрде қозғайтын түзетулер енгізді. Айталық, құжат жұмыс процесінде «спорттық әдеп», «бірінші жаттықтырушы», «жеке жат­тықтырушы», «спорттық жарысқа қатысатын жануарларды жарыстан шеттету» деген ұғымдармен толықтырылды.

Допингке қарсы қағидаларды бұз­ғаны үшін жазалау мақсатында депу­тат­тардың түзетулерімен спортшы­ларды, жаттықтырушыларды, дене шы­нықтыру мен спорт саласындағы өзге де қатысы бар субъектілерді тұр­ғын­жайдан, спорттық атақтан, спорттық раз­­рядтан және біліктілік санатынан айы­рудың құқықтық негіздері пысық­талып, нақтыланды. Осы ретте допинг дауына іліккендерге Үкімет ұсынған әкім­шілік айыппұл 200 айлық есептік көрсеткішке (АЭК) дейін ұлғайтылды.

Ал заң жобасындағы тағы бір өзгеріс
– чемпиондар мен жүлдегерлерге жер­гілікті атқарушы органның коммуналдық тұр­ғын үй қорынан жалға баспана беру. Бұл үйді 10 жыл өткен соң меншікке алу негіздері бекітіледі. Чемпиондар мен жүлдегерлер қайтыс болған жағдайда, осы тұрғын үйді меншікке алу үшін олардың мұрагерлерінің мүдделерін ескеру ұсынылды.

Екінші оқылымда мақұлданған бұл заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.