Президент • 19 Қыркүйек, 2019

Бақуатты ел – қуатты мемлекет

657 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«...Серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясат. Менің мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру». Сайлауалды бағдарламасында Президент Тоқаев осылай дегені есімізде. Осылайша экономика мен әлеуметтік саясатты сабақтастырып қатар жүргізу биліктің кейінгі қадамдарында көрініс тапты.

Бақуатты ел – қуатты мемлекет

Мемлекет басшысы таяуда жария­ла­ған Жол­да­уында бизнес­мен­дерді алаңдатқан маңызды бір мәселеге нүкте қойғаны да экономика мен әлеуметтік секторды тең ұстаудың белгісіндей болды. Бұған дейін әлеуметтік ахуалды оңалту үшін зейнатақы төлемдерін жұмыс берушінің есебінен тағы 5 пайызға ұлғайту туралы ұсыныс ай­ты­­лып, Үкімет тарапынан оны қолда­ған пікірлер де естіле бастағаны бел­гі­лі. Бірқатар батылдау кәсіпкерлер оған ашық қарсылық білдіріп, 5 пайыз­дық  қосымша төлем бизнес саласы үшін ауырға соғатынын, жабылып қалу қаупі бар екенін айтқан-ды.  Президенттің: «Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырамын. Кейін бұл мәселеге қайта ораламыз» деген сөзінен соң аталған тақырыпқа біржола нүкте қойылды.

Кейінгі жылдары әлеуметтік мәсе­ле­лерді, айталық тұрмысы төмен отбасыларды жергілікті бинесмендердің қаражаты есебінен баспанамен қамту сынды үдерістердің үйреншікті жайт­қа айнала бастағаны жасырын емес. Бұл кә­сіпкерлердің мемлекетке деген сенімін әлсі­ретіп, ертеңгі күнге деген күмән-күдігін күшей­тетін, инвес­тиция салуға деген ынтасын төмен­дететін фактор екені түсінікті. Алайда Президент Қ.Тоқаев әлеуметтік әлсіз топтарды кә­сіпкерлердің мойнына артып қоймай, мем­ле­кет­тің есебінен қамқорлыққа алуды күшейтті. Тұтас кәсіпкерлік саласын дамытуға баса назар аударыла бастады. Шағын және микробизнесті несиелеуге «Бизнестің жол картасы» аясында 250 миллиард теңге қаражат бөлдіру, 3 жылға дейін тексеріс жүргізуге мораторий жариялау, салықтық жеңілдіктер... Мұның барлығы отандық кәсіпкерлердің еңсе тіктеп, шаруасын дөңгелетуіне септігін тигізуге тиіс. Бір айта кетер­лі­гі, өңірлердегі кәсіпкерлердің са­лы­ғы есебінен түскен қаражат ендігі уақытта сол өңірлердің экономикасына жұмсалмақ. Бұл Жолдаудағы «Қуатты өңірлер –  қуатты ел» деген тарауында айтылғандай, жергілікті бюд­жет­ті қалыптастыруға және кәдеге жаратуға сол өңір халқының жұмыла қатысуына әсер ететіні сөзсіз.

Үкіметке жүктелген маңызды тап­сыр­ма­лар­дың бірі – ұлттық бизнес­ке халықаралық нарық­та қолдау көр­сету. Қазір Үкімет экспортқа өнім шығаратын компанияларға мем­ле­кет­тік қолдау тетік­терін қарастырып жатыр. Бұл орта бизнес өкіл­деріне өнімдерін шетелдерге шығаруға және өткізуге көмектесуге тиіс. Бизнеске жасал­ған салықтық, қаржылық және әкімшілік қол­дау­лар экспорт көлемін арттыруға ықпал ететін фак­торлардың бірі.

Бүгінгі таңда экономиканың тұ­рақ­ты дамуын қамтамасыз ету және нәтижелі жұмыс орындарын құру үшін Үкімет инвестициялардың жаңа толқынын тартуға ерекше маңыз беріп отыр. Міндет – жыл сайын негізгі капиталға салынатын инвестицияны орта есеппен 20 пайызға арттыру. 2025 жылға қарай инвестицияның үлесі ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін жетуге тиіс деген жоспар бар. Тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 2025 жылға қарай 34 млрд-ға көтерілуге тиіс.  Бұл орайда Үкімет өңдеу өнеркәсібінің, отын-энергетика кешенінің, көлік және ло­гис­тиканың, агроөнеркәсіп кешенінің және туризм­­нің әлеуетіне арқа сүйеп отырғанын айта кету керек.

Жоспар бойынша биыл жұмыспен қам­ту шаралары, оның ішінде «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағ­дар­ла­малары аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылған азамат­тар­дың қатары былтырғыдан 4 есе көбейіп,  300 мыңнан астам адамды құрамақ. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағыт­тал­ған гранттар көлемі 37 мыңнан астам адамды қамтитын болады.

Елімізде азаматтарды кәсіп­кер­лік­пен айна­лысуға ынталандыратын бағдарламалар көбе­йіп келеді. Солардың бірқатарын тілге тиек етер болсақ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қо­­ры­ның аясында «Бастаушы кәсіпкерлер үшін», «Кәсіпкерлер үшін», «Бизнестегі әйел­дер үшін» арнайы бағдарламалары қа­растырылған. «Бизнестің жол картасы-2020» құ­жа­ты, «Атамекен» кәсіпкерлер пала­­та­сы­ның арнайы «Бастау», «Жас кәсіп­­кер» бағ­дар­­ламалары.  Айта берсек, бизнесмен боламын дегендердің бетін қақпай, белін буатын бағ­дар­ламалар баршылық. Қазақстанның даму банкі, Ұлттық технологиялық даму агенттігі, «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығын қолдау қоры, «Қазақ­инвест» ұлттық агенттігі сынды ұйымдар беретін жеңілдетілген гранттардың өзі бір төбе. Дүниежүзілік банк қаржылай демеуші болған «Жас прожект», Еуропа қайта құру және даму банкінің жобалары біраз азамат­тың жолын ашты.

Мемлекет басшысы жастардың әлеуетін тұтас елдің әлеуетін көтеруге, оның ішінде эконо­микалық жобаларға жұмылдыруды қолдай­ды. Ұлықтау рәсімінде: «...Жастардың стар­тап­та­рын қолдаймыз. Менің міндетім – Сіз­дердің ең үлкен мақсаттарыңызды жүзеге асыруларыңызға, дербес «табыс тарихын» жазуларыңызға барлық мүмкіндікті жасау» дегені белгілі. Биыл бастау алған «Жас кәсіпкер» мен одан ертерек қолға алынған «Бастау» сынды бағдарламалар бизнес идея­лар­дың жолын ашатын бірегей жобаға айналып келеді.

Президенттің тапсырмасы бойынша Ұлттық банк қаржы секторының рөлін күшейту жұмыс­та­ры мен ақша-несие саясатының аясында бір­қа­тар шараны қолға алды. Бас банктің ресми дерегіне сүйсенсек, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл екінші деңгейлі банктердің жал­пы несие портфелі былтырғы көр­сеткішпен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайып, 12,8 трлн теңгеге өсті. Банктердің жаңадан берілген неси­есі 14,2 пайызға ұлғайды. Оған несие талаптарының жеңілдетілгені ықпал етті деуге болады. Мәселен, теңге­мен берілетін несие­нің пайыздық мөлшер­ле­месі былтыр 12,5 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 11,9 пайызға дейін төмен­де­ді. Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асы­рып жатқан Ұлттық банк банк­терге 600 млрд теңге сомаға ұзақ мер­зім­ді қорландыруды ұсы­нып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы – еліміздің негізгі ресурсы. Өз елімізде ғана емес, шет­елде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.  Ол үшін суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға ұлғайту жоспарланған. Бұл агроөнеркәсіп кешеніндегі дайын өнім көлемін  4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.