Спорт • 19 Қыркүйек, 2019

«Астана» «Манчестер Юнайтедті» жеңе ала ма?

354 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әрине, төтесінен қойған сұрағымыз біраз ыңғайсыз және күлкілі болуы мүмкін, бірақ футболда сіз бен біз күтпеген нәтижелер де тіркеліп жататынын естен шығармаған жөн. «Астана» МЮ секілді әлемдегі ТОП командамен бірінші рет жолыққалы тұрғанымен, Еуродода бәсекелерінде бірінші жыл ойнап жатқан жоқ.

«Астана» «Манчестер Юнайтедті» жеңе ала ма?

«Манчестер Юнайтед» командасын жанкүйерлерге таныстырудың өзі артық болар. 2017 жылғы Еуропа лигасының чемпионы бүгінде УЕФА клубтар рейтингінде 10-орында келеді. Сондай-ақ клуб жазғы трансфер кезеңінде 19 футболшысымен қоштасты. Олардың арасында бельгиялық шабуылшы Ромелу Лукаку, испаниялық жартылай қорғаушы Андер Эррера, эквадорлық қорғаушы Антонио Валенсия бар. Сонымен қатар чилилік шабуылшы Алексис Санчес, ағылшындық тәжірибелі қорғаушы Крис Смоллинг пен тағы 9 футболшыны жалға берген. Бір командалық құрамды таратып жіберген МЮ ішкі біріншілікте әжептәуір әлсіреп қалды. Ағылшын Премьер-лигасының алғашқы бес турдың екі ойынында жеңіске жетсе, екі матчта тең түсті. Ал бір ойында қарсыластарына есе жіберді. Алғашқы турда «Челсиді» 4:0 есебімен тас-талқанын шығарғаны болмаса, қалған ойындарда Манчестер командасының жағдайы аса мәз емес. Бесінші турда өз алаңында «Лестер» клубын қабылдап, 8-минутта Маркус Рашфордтың пенальтиден соққан жалғыз голының арқасында әрең жеңіске жетті. Құлдырау кезеңін бастан өткеріп жатқан ағылшындық клубты «Астана» да жеңіп кетуі ғажап емес.

Елорда командасы ел чемпиона­тын­дағы соңғы турда «Шахтер» командасын жеңіп, Англияға жақсы көңіл-күйде аттанды. Сондай-ақ «Астана» Чемпиондар және Еуропа лигасының топтық кезеңінде Еуропаның ТОП-5 чемпионатындағы «Атлетико Мадрид», «Вильярреал» (Испания), «Селтик» (Шотландия), «Бенфика», «Спортинг» (Португалия) секілді азулы командалармен кездесіп, тәжірибе жинақтаған. Бұған дейін  «Манчестер Юнайтед» командасы  «Ас­та­наның» Чемпиондар лигасының алғаш­қы іріктеу кезеңіндегі қарсыласын Румы­нияның ЧФР (2:1), Швейцарияның «Ба­зель» (2:1) командалары жеңіп кетсе, Ре­сейдің ортанқол командаларының бірі «Ростовпен» (1:1) тең түскен. Міне, осы нәтижелерден-ақ футболдың болжап болмайтын ойын екенін аңғарамыз. Чем­пиондар лигасының былтырғы мау­сымындағы «Ливерпульдің», «Тот­тен­­хэмнің» камбэктерін футбол жан­күйерлері біразға дейін ұмытпайтыны анық.

Оған қоса, «Астана» футболшылары да жеңіс үшін барын салатынын айтып жатыр. Мысалы, команданың үздік қорғаушыларының бірі Дмитрий Шомко Манчестерге алаңда «саяхаттау» үшін емес, жеңіс үшін барымызды салуға барамыз дейді.

«Әрине, қазақстандық футбол жан­күйерлеріне Еурододаның күзгі маусымын сыйлағанымызға қуаныштымыз. Сондай-ақ топтағы алғашқы кездесуді азулы «Манчестер Юнайтед» командасына қарсы өткіземіз. Құрамында жұлдызды футболшылары бар «Манчестер Юнайтед» біздің топтың үздігі екеніне ешкім күмән келтірмейді. Бірақ жұлдыздар да адам екенін ұмытпауымыз керек. Олар да қателесуі мүмкін. Жеңіс үшін барамызды саламыз», дейді Шомко.

Евгений Постников топтық кезеңге жеребе тарту рәсімі алдында «Арсенал» немесе МЮ біздің топқа түссе екен деген ой болғанын және сырт алаңда МЮ-дан ұпай алуға тырысатындықтарын жеткізді. «Меніңше, «Манчестер Юнайтед» әлем бойынша жанкүйерлері ең көп, нөмірі бірінші команда. Атмосфераны сезіну және ағылшын командасының деңгейін көру өте қызықты болмақ. Қанша дегенмен ТОП команда ғой. Қызықты ойын болатынына күмәнім жоқ. Жоқ дегенде Манчестерден бір ұпай алуға тырысамыз», дейді қорғаушы.

Қос команда арасындағы кездесу бүгін түнде өтеді. Матчты «Qazsport» телеарнасынан сағат 01:00-де тікелей эфирден тамашалай аласыздар.