26 Қаңтар, 2013

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бұйрығы № 406

1164 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бұйрығы № 406


Сенбі, 26 қаңтар 2013 6:01

2012 жылғы 13 желтоқсан, Астана қаласы

«Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 3) тармақшасына сәйкес, бұйырамын:

Сенбі, 26 қаңтар 2013 6:01

2012 жылғы 13 желтоқсан, Астана қаласы

«Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабының 3) тармақшасына сәйкес, бұйырамын:
1. «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7447 тіркелген, 2012 жылғы 26 мамырдағы №154-156 (26973-26975) «Казахстанская правда» газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Ереже мемлекеттік нотариустар мен жекеше практикамен айналысатын нотариустардың (бұдан әрі – нотариус) нотариаттық іс-әрекеттер:
1) мәмілелерді куәландыру;
2) мүлікті иеліктен алу туралы шарттарды куәландыру;
3) мүлікті пайдалану тәртібі туралы шарттарды куәландыру;
4) некелік келісім-шарттарды куәландыру;
5) өсиеттерді куәландыру;
6) сенімхаттарды куәландыру;
7) шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай құжаттарын куәландыру;
8) мұрамен сенімгерлік басқарушыны тағайындау;
9) мұраға құқық туралы куәліктер беру;
10) жұбайлардың және ортақ бірлескен меншік құқығы негізінде мүлкі бар басқа адамдардың ортақ мүліктегі үлесіне меншік құқығы туралы куәліктер беру;
11) мүлікті иеліктен алуға тыйым салу және тыйымды жою;
12) құжаттардың көшірмелері мен олардан алынған үзінділердің дұрыстығын куәландыру;
13) құжаттардағы қолдардың түпнұсқалығын куәландыру;
14) құжаттардың бір тілден екінші тілге аудармасының дұрыстығын куәландыру;
15) фактілерді куәландыру;
16) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа жеке және заңды тұлғаларға беру;
17) ақшаларды депозитке қабылдау;
18) вексельдер наразылықтарын жасау;
19) құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтауға қабылдау;
20) теңіз наразылықтарын жасау;
21) дәлелдерді қамтамасыз етуді жасау тәртібін белгілейді.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде нотариустар жасайтын өзге де нотариаттық іс-әрекеттер көрсетілуі мүмкін.»;
7-тармақтың жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Нотариус БНАЖ арқылы Қазақстан Республикасындағы нотариустар куәландырған сенімхаттарды беру фактісін тексереді»;
15-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«15. Егер нотариаттық іс-әрекет жасауға заңды тұлға жүгінсе, оның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі және тұрған жері көрсетілді.»;
16-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Нотариус нотариаттық іс-әрекет жасауға нотариаттық іс жүргізу тілінен өзгеше тілде жасалған, аудармасы тиісінше ресімделмеген, сондай-ақ өшірілген, қосылып жазылған, сызылған немесе өзге де келісілмеген түзетулері бар, қарындашпен жазылған құжаттар, сондай-ақ мөр бедерлемесі анық көрінбейтін құжаттарды қабылдамайды.»;
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«20. Куәландыру жазбасының мәтіні техникалық құралдармен (жазба машинасымен, дербес компьютермен) немесе қолдан анық жазылып орындалады, өшірулерге жол берілмейді. Куәландырушы жазбаларды жасау үшін тиісті жазбасы бар мөртабан қолданылуы мүмкін. Құжаттағы куәландырушы жазба осы бетте немесе құжаттың артқы бетінде азаматтардың қолтаңбасынан кейін қойылады.»;
22-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Сенім білдірілген басқарушы мұраны тағайындаған кезде, нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартылғанда, нотариаттық іс-әрекет тоқтатылғанда немесе кейінге қалдырылғанда нотариус тиісті қаулы шығарады.»;
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«30. Нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаудан Заңның 48-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ нотариаттық іс-әрекет жасауға алкогольдік, есірткілік, токсикологиялық масаю халінде келген адамдар келген кезде бас тартады.»;
31-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) нотариаттық іс-әрекет жасауға келген тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде), оның тұрғылықты жері (немесе заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері);»;
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«34. Нотариус жылжымайтын мүліктермен мәмілелерді куәландырған кезде және мемлекеттік тіркелуге жататын мұраға құқық туралы куәлікті берген кезде – «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» – мемлекеттік деректер қорында БНАЖ арқылы жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және олардың техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы сұратады немесе анықтаманың бірегей нөмірі бойынша оның алынғандығын тексереді.
Нотариустың – «Жылжымайтын мүлік тіркелімі»- мемлекеттік деректер қорынан БНАЖ арқылы алынған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және олардың техникалық сипаттамалары туралы анықтама, тіркеуші органның басшысының, оны алмастырушысының (белгіленген қызметтік міндеттерін бөлуге сәйкес) цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама тіркеуші мемлекеттік органның мөрімен куәландырылған анықтамамен тең қабылданады.»;
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«36. Кәмелеттік жасқа жетпеген немесе қорғаншы немесе қамқоршысы бар басқа тұлғалардың мүлкінің кемуіне әкеп соқтыратын кез-келген мәмілелерді жасаған кезде осындай мәмілені жасауға қорғаншы және қамқоршы органның келісімін талап ету қажет.»;
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«38. Мемлекеттік тіркеуден өткен жылжымайтын мүлікті иеліктен айыру туралы шартты бұзу туралы келісімді нотариус жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманың негізінде шарт бұзылған сәтте куәландырады, оны қағаз нұсқасында және нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде тіркейді және құқық белгілейтін құжатты мүліктің иесіне қайтарады, келісімнің данасының көшірмесі шартқа қоса тігіледі.»;
40- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«40. Сыйға тарту шартында егер сыйға тартушы сыйлық алушыдан кейін тірі қалатын болса, сыйға тартудың күшін жою құқығы көрсетілуі мүмкін.
Бұл ретте, сыйлық алушы қайтыс болған жағдайда нотариус сыйға тартушының жазбаша өтініші бойынша құқықты белгілеуші құжаттарды сыйлық алушының қайтыс болғаны туралы куәліктің негізінде қайтарады. Өтініш пен сыйлық алушының қайтыс болғаны туралы куәлік нотариустың істерінде сақталатын сыйға тарту шартының данасына қоса тіркеледі. Сыйға тарту шартының барлық даналарында, сондай-ақ тізілімде сыйға тартуды жойғаны туралы белгі жасалынады.»;
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«Соттың заң күшіне енген шешіміне сәйкес мәміле жарамсыз деп танылған кезде, нотариус бұл туралы нотариалдық әрекеттерді тіркеу тізілімінде, БНАЖ электрондық тізілімінде белгі қояды, сот шешімінің көшірмесін қоса тіркейді және құқықты белгілеуші құжаттарды мүлік иесіне қайтарады.»;
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«44. Жұбайлардың біреуі жұбайлардың ортақ мүлкіне билік ету жөніндегі мәміле жасасқан кезде, егер неке шартымен мүліктің өзге тәртібі белгіленбеген болса, екіншісінің келісімі керек болады.
Жұбайлардың некеге дейінгі кезеңде өтеусіз мәміле негізінде алған немесе мұраға алу тәртібімен алғанды қоспағанда, сондай-ақ жұбайлардың неке шарты негізінде бөлек меншік ретіндегі жұбайына тиесілі болған мүліктерді қоспағанда, жұбайлардың біреуі жылжымайтын мүлікке билік ету жөніндегі мәмілені және белгіленген тәртіппен нотариаттық куәландыруды және (немесе) тіркеуді талап ететін мәмілені жасасу үшін жұбайлардың екіншісінің нотариаттық куәландырылған келісімін не иеліктен айыруға жататын мүлік иесінің некеде тұрмайтыны туралы өтінішті талап ету қажет. Соңғы жағдайда нотариусқа неке шарты ұсынылды.
Бұл туралы шарт мәтініне мүлік жұбайының келісімі негізінде иеленіп жатқандығы, мүлік иесінің тегі, аты және әкесінің аты (болған кезде), әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған жылы, айы, күні толық көрсетіледі, не болмаса, мүлік иесі шартты жасау кезінде некеде тұрмайтындығы, ал неке шарты болған жағдайда неке шартын куәландырған нотариустың тегі, аты, әкесінің аты, куәландырған күні және орны тізілім нөмірі мен мүліктің құқықтық тәртібі көрсетіледі.
Жұбайлардың некелік қарым-қатынастарын нотариус неке туралы куәлік бойынша тексереді, бұл туралы өтініште белгі жасайды және куәліктің нөмірін және берілген күнін, құжатты берген органның атауын көрсетеді.
Мүлік иесі берген сенімхаттың негізінде мүлікті иеліктен айыру жөніндегі мәмілені куәландырған кезде, егер оған осы нотариаттық іс-қимылды жасауға уәкілеттік берілген болса, сенім білдірілген өкілден некелік қатынасының жоқтығы туралы өтініш алынады.
Егер жұбайының біреуі Қазақстан Республикасында ықтиярхаты жоқ шетелдің азаматы болса, сондай-ақ неке шартында жұбайлар арасында бөлінетін меншік режимі белгіленбеген болса, (Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 23-бабында көрсетілген) пәтерлер, тұрғын үйлер, жер учаскелерін сатып алу жөніндегі шарттар («Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы), нотариаттық куәландыруға жатпайды.»;
46-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) қолтаңбасының түпнұсқалығы нотариалды куәландырылған, нотариусқа ортақ үлестік меншік қатысушыларын үлесті сату ниеті туралы хабарландыру үшін берілген үлесті сатушының өтініші, сондай-ақ осы өтініш ортақ үлестік меншік қатысушысына берілген пошталық немесе өзгедей хабарлама.»;
55-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Нотариус кепілі бар мүлікке меншік құқығын иеліктен айыру мүлікті иеленуші үшін барлық міндеттердің ауысатынын түсіндіреді.»;
58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«58.Айырбастау шартын нотариус тараптардың таңдауы бойынша жылжымайтын мүліктің кез-келген объектісінің тұрған жері бойынша куәландырады, бұл ретте нотариус ауыртпалықтың жоқ екендігі фактісін анықтайды.»;
59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«59. Мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiктi иеліктен айырған кезде (үлескердің тұрғын құрылыста қатысу үлесі туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру шартын куәландыру) нотариус мыналарды:
1) мүліктің меншіктенушіге тиесілі екендігін растайтын құжаттары;
2)»Жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган берген заңды, жеке тұлғаны, жеке кәсіпкерді салық төлеуші ретінде тіркеген жері бойынша жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзіндісін;
3) құрылыс салушының үлестік қатысу шарты бойынша толық есебі туралы, оның ішінде мүлікті меншіктенуге беру туралы құжатқа қол қоймағаны, құрылыс салушының иеліктен айыруға келісімі туралы мәліметтерді;
4) тараптардың жұбайларының осы мүлікті иеліктен айыруға (егер ол бірлескен некеде тұрған кезінде сатып алынған мүлік болса) немесе иеленуге нотариаттық куәландырылған келісімі немесе меншік иесінің және (немесе) сатып алушының иеліктен айыратын мүлікті сатып алған кезде некеде тұрмағаны не болмаса тұрғандығы туралы нотариаттық куәландырылған өтінішті талап етеді.
Осы Ереженің 59-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжат шартты куәландырғаны туралы белгісімен иеленушіге қайтарылады, оның көшірмесі нотариустың сақтауында қалдырылады.
Тараптар беру актісін немесе үлестік құрылыс объектісін беру туралы өзге құжатына қол қойғанға дейін олар шарттың бағасын төлеген соң ғана үлестік құрылыс қатысушысының шарт бойынша талаптар құқығын басқаға беруіне жол беріледі.»;
60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«60. Жылжымалы мүліктің жекелеген түрлерін иеліктен айыру шартын куәландырған кезде нотариус «Жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес ауыртпалықтың бар/жоқ екендігі туралы уәкілетті органның анықтамасын талап етеді.
Егер жылжымалы мүліктің тиесілігі міндетті мемлекеттік тіркелуге жатпайтын болған жағдайда, қандай-да бір құжатпен анықталмаса, шарт мәтініне оның тиесілігін тараптардың айтуы бойынша көрсетеді.»;
64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«64. Ортақ меншіктегі үлесте тұрған мүлікті уақытша ақысыз пайдалану немесе жалға беру мүліктің барлық иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі.»;
68-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«68. Кепіл шартын куәландырған кезде нотариус Заңның 75-бабының 2-тармағына сәйкес жылжымалы және жылжымайтын мүлікті тіркеу органдарында мүлікті иеліктен айыруға тыйымның салынғаны туралы кепіл туралы шарттың көшірмесін қоса тіркей отырып, хабарлайды.
Бұл туралы кепіл шарт мәтініне мүлік жұбайының келісімі негізінде салынып жатқандығын оның толық тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, туған жылы және жері, не болмаса кепіл беруші мүлікті иеленген уақытта некеде тұрмағандығы туралы, ал егер неке шарты болған жағдайда неке шартын куәландырған нотариустың аты, тегі, әкесінің аты, куәландыру уақыты, тізілім нөмірі және мүліктің құқықтық реті көрсетіледі.»;
69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«69. Нотариус жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ортақ (бірлескен немесе үлестік) меншігіндегі мүлікті пайдалану тәртібі туралы шарттарды куәландырады.
Нотариус тараптардың келісімімен белгіленген ортақ мүлікті пайдалану тәртібі туралы шартты куәландырады. Дау болған жағдайда нотариус сотқа жүгіну тәртібін түсіндіреді.»;
73-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«73. Нотариус ортақ (бірлескен немесе үлестік) меншіктегі мүлікті бөлу туралы шарттарды куәландырады.
Ортақ мүліктің бөлек (жеке) меншікке ауыстырылу шарты мүліктің бөлінетін бөлігін құқықтың дербес нысаны ретінде қарау мүмкіндігі болып табылады (Кодекстің 218, 221-баптары).»;
74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«74. Тұрғын үйді (пәтерді) сол тұрған қалпында бөлу үй-жайдың тұрғын жайы да, қосымша жайлары да бөлінгеннен кейін уәкілетті органымен берген ұсынылған құжаттарға сәйкес бірнеше тұлғаның ортақ меншігінде (пайдалануында) қалмайтын болады. Бөлінген бөлікте (бөліктерде) жеке есік шығарудың және қажетті қосымша үй-жаймен қайта жабдықтаудың техникалық мүмкіндігі болмаған жағдайларда, нотариус мүдделі адамдарға олардың мүлікті пайдалану тәртібі туралы шарт жасауы мүмкіндігі туралы түсіндіреді.»;
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«76. Тұрғын үй-жайды бөлу туралы шарттың мәтінінде әрбір бұрынғы меншік иесіне ауысқан жиынтық пайдалы алаңның, тұрғын үйдің (пәтердің)
жалпы пайдалы алаңына қатынасы арифметика тілімен көрсетілуі керек, сондай-ақ жалпы үлестік меншікте қалатын объектілер көрсетілуі керек.»;
79-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«79. Жұбайлардың мүлкін бөлгенде нотариус некені бұзылғанда мүліктік салдары және ортақ мүліктік меншік режімі белгіленген некелік шартының бар немесе жоқ екендігін анықтайды. Некелік шарт болған жағдайда мүлікті бөлу оның шарттарына сәйкес жүргізіледі»;
80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«80. Жылжымайтын мүлікті бөлу туралы шартын, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті бөлу шартын куәландырған кезде нотариус құқық белгілейтін құжатты талап етеді.
Мүлікті бағалау туралы есепті нотариус, егер ол тараптардың келісімімен көзделген жағдайда талап етеді.»;
81-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
88-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Өсиетті нотариус өсиет қалдырушының сөзімен жазған кезде жалпы қолданылатын техникалық құралды (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдаланады.»;
90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«90. Өсиет қалдырушының қалауы бойынша нотариусты оның мазмұнымен таныстырмай, нотариус құпия өсиетті бір данада куәландырады.
Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупі ескеріліп, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылады және қолы қойылады, екі куәнің және нотариустың қатысуымен куәлар өз қолдарын қоятын конвертке желімденіп салынады, куәлардың қатысуымен куәлар қол қояды, нотариус куәландыру жазбасын қойып, басқа конвертке бекітіледі. Конверт нотариустың ісінде қалады.
Құпия өсиетті куәландырған кезде нотариус өсиет берушіге Кодекстің 1050-бабында көзделген өсиет нысанына қойылатын талаптарды түсіндіреді.»;
102-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«102. Сенімхат мәтінінде оның жасалған жері мен куәландырылған күні, сенім білдірушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) мен туған жері, тұратын жері (заңды тұлғалар үшін – заңды тұлға органының атауы мен орналасқан жері) және сенім білдірілген адамның тегі, аты, әкесінің аты мен тұратын жері көрсетіледі.»;
103-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«103. Сенімхаттың қолданылу мерзімі жазбаша көрсетіледі және үш жылдан аспауы керек.
Егер сенімхатта мерзім көрсетілмесе, ол жасалған күннен бастап бір жылға дейін күшін сақтайды.
Сыйға тарту сенімхатында сый алушы және сыйға тарту заты көрсетіледі.»;
108-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«108. Қайта сенім білдіру тәртібімен берілген сенімхатта негiзгi сенiмхатты куәландырған нотариустың тегі, аты, әкесінің аты, куәландыру уақыты мен орны, тiзiлiм нөмiрі, негізгі сенімхат берілген адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туған және тұратын жері немесе негізгі сенімхатты берген заңды тұлғаның атауы мен тұрған жері, сондай-ақ өкілеттіктер берілетін адамдар, тиісті жағдайда олардың қызметі көрсетіледі. Негізгі сенімхатта қайта сенім білдіру туралы белгі соғылады. Негізгі сенімхаттың көшірмесі нотариуста қалатын сенімхаттың данасына қосылады.
Сенім білдірілген адам негізгі сенімхат бойынша өкілеттіктерін толық ауқымда берген жағдайда қайта сенім білдірілген деген белгісі бар бастапқы сенімхат қайта сенім білдіру тәртібінде берілген сенімхатқа тігіледі және үшінші тұлғаға беріледі.
Негізгі сенімхатта көрсетілген жекелеген өкілеттіктер немесе бірнеше адамдарға қайта сенім білдірілген кезде қайта сенім білдірілгені туралы белгісі бар бастапқы сенімхат сенім білдірілген адамға қайтарылады, ал бастапқы сенімхаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі және қайта сенім білдіру тәртібімен берілген сенімхат үшінші тұлғаға беріледі.»;
115-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«115. Нотариус мұраны ашқан жері бойынша, заң бойынша бір немесе бірнеше мұрагерлердің өтініштері бойынша, сондай-ақ мұрагерлер заң бойынша болмаған немесе белгісіз болған кезде – жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша мұраға сенімгерлік басқарушы тағайындайды.
Заң бойынша мұрагерлер келген жағдайда, сенімгерлік басқарушыны оған қажетті шығыстардың орны толтырыла және мұраның есебінен қисынды сыйақы төлене отырып, олардың талабы бойынша кері шақырылады.»;
117-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«117. Сенімгерлік басқарушыны тағайындау туралы нотариус қаулы шығарады.
Қаулыда:
1) қаулының шығарылған күні, уақыты мен жері;
2) қаулыны шығарған нотариустың тегі, аты, әкесінің аты, оның лицензиясының нөмірі не мемлекеттік нотариаттық кеңсенің атауы;
3) тағайындалатын мұраны сенімгерлікпен басқарушының тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы мен жері, оның тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері;
4) мұра қалдырушының тегі, аты мен әкесінің аты (болған кезде), сондай-ақ қайтыс болған күні, соған қатысты қорғау шараларын қабылдау қажет болатын мүліктің атауы мен тұрған жері көрсетіле отырып, мұралық мүлікті қорғауға қабылданған шаралар туралы тапсырманың мазмұны;
5) мұраны сенімгерлікпен басқарушының өкілеттігін түсіндіру жөніндегі жазба;
6) тізілім нөмірі мен нотариусқа төлеген сомасы:
7) нотариустың қолы, мөрі болуы тиіс.»;
122-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«122. Нотариус мұрадан бас тарту туралы өтінішті куәландыру кезінде нотариус мұрагерлерге мұрадан бас тартудың қайтарымсыз, шартсыз екендігін, бұндай арызды мұраның ашылған жері бойынша нотариуске беру қажеттігін түсіндіреді, ол туралы өтінішке тиісті жазба жасалады.
Мұраны қабылдаудан бас тарту туралы өтінішті нотариус мұраның ашылған орны бойынша мұра ашылған күннен бастап алты айдың ішінде қабылдайды.
Нотариус мұрагердің өтінішін Кодекстің 1074-бабының 4-тармағымен көзделген негіздер бойынша мұраны қабылдаудан бас тарту құқығынан айырылған жағдайда, сондай-ақ қамқоршылық пен қорғаншылықта тұрған адамдардың мұрада бас тартуы кезінде қамқоршылық пен қорғаншылық органдары алдын-ала рұқсат бермеген жағдайларда қабылдамайды. (Неке (ерлі-зайыптылық) туралы Кодекстің 125-бабы 2-тармағы).
Мұра қалдырудан айырылған мұрагерлерді қоспағанда, мұрадан бас тарту өсиет бойынша немесе заң бойынша кез келген кезектегі мұрагерлердің арасынан басқа адамдардың пайдасына, сондай-ақ ұсыну құқығы бойынша мұраға шақырылмаған мұрагердің пайдасына жасалуы мүмкін.»;
125-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«125. Мұрагерліктен бас тартқаны немесе мұраға құқық туралы куәлікті беру туралы жазбаша түрде алынған өтініштер (мұраны қабылдау туралы) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтар № 32 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7445 тіркелген) Нотариаттық іс жүргізу нұсқаулығының талаптарына (бұдан әрі – Іс жүргізу жөніндегі ереже) сәйкес Мұралық істерді тіркеу кітабы мен мұралық істерді есепке алудың Алфавиттік кітабына тіркеледі.
Егер өтініште мұрагердің қолтаңбасы нотариаттық куәландырылмаған болса немесе өтініште (нотариусқа пошта арқылы немесе басқа нотариустан берілген болса) қате табылған болса нотариус өтінішті қабылдайды, оны Мұрагерлік істерді тіркеу кітабында және мұрагерлік істерді есепке алудың Алфавиттік кітабында тіркеледі. Бұл ретте нотариус мұрагерге тиісті ресімделген өтінішті жіберуді немесе нотариусқа жеке өзі келіп жолығуды ұсынады.»;
126-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«126. Мұра қалдырушылар мен мұра қабылдаушы мұрагерлер арасындағы туыстық және некелік қатынастар өтініш беру кезінде немесе мұраға құқық туралы куәлік берілгенде тексеріледі.»;
130-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«130. Мұрагерлік мүліктің құрамы мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке мұрагерлер ұсынған құқық белгілеуші құжаттардың, сондай-ақ мұра берушіге тиесілі бағалы қағаздардың, жинақтаушы кітапшалардың және басқа да құжаттардың негізінде тексеріледі.»;
132-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«132. Мұра қалдырушының қайтыс болу фактісін, мұраның ашылу уақыты мен орнын, мұралық мүліктің құрамы мен тұрған жерін растау үшін нотариус құжаттарды, мұрагерлік іске тігілетін көшірмелерді талап етеді.»;
133-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«133. Өсиет бойынша мұраға құқығы туралы куәлікті бергенге дейін, өсиетті басқа нотариус куәландырған жағдайда нотариус өсиеттің сақталған жерінен өсиеттің өзгермегені және жойылмағаны туралы мәліметті талап етеді. Аталған мәліметтер күні қойылып және құзыретті адамның қолымен және мөрімен бекітіліп өсиеттің өзінде және бөлек құжатта (өсиет мұрағатта сақталғанда) жазылуы тиіс.»;
134-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«134. Мұрадағы міндетті үлеске және жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске құқығы бар адамдар шегі мыналар негізінде анықталады:
1) өсиет бойынша мұрагердің (мұрагерлердің) жазбаша өтініші;
2) мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар адамның жазбаша өтініші;
3) жұбайлардың некеде болу кезінде жинаған ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беру туралы көзі тірі жұбайының жазбаша өтініші;
4) туыстық фактісін және/немесе некелік қатынасын растайтын құжат.
Міндетті үлесінің мөлшерін анықтаған кезде, егер мұраға ие болу тәртібі өсиетте өзгертілмеген болса, нотариус мұраға ие болатындарды барлық мұрагерлер қатарынан заң бойынша кезектілікпен шақыруы тиіс.»;
138-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«138. Мұраға құқық туралы куәлікті беру кезінде нотариус басқа мемлекеттік нотариаттық кеңселерден және аумақтық нотариаттық палаталардан немесе нотариустардан мұраның ашылған жері бойынша мұрагерлік істің жоқтығы туралы ақпараттық анықтаманы сұратады.
Мұрагерлікті қабылдау не бас тарту туралы өтінішті бірнеше нотариус қабылдаған жағдайда мұраға құқығы туралы куәлік мұрагерлердің таңдауы бойынша беріледі, мұрагерлер мұраға құқығы туралы куәлікті алғысы келетін нотариусқа мұрагерлік істі беру туралы өтініш алынады. Егер мұрагерлер арасында келісім болмаған болса, мұраға құқығы туралы куәлікті мұра ісін бірінші бастаған нотариус береді.»;
139-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«139. Егер мұрагерлер мұраны рәсімдеу үшін қажетті құжаттарды нотариусқа көрсету мүмкіндігінен айырылса, нотариус құзіретті органдардан қажетті құжаттарды талап ету жөнінде жәрдемдесуге құқылы. Егер тиісті органдарда аталған құжаттар сақталмаса, нотариус мүдделі адамдарға сотқа жүгіну тәртібін түсіндіреді.»;
140-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«140. Мұраға құқық туралы куәлік (заң бойынша да, өсиет бойынша да) барлық мұрагерлерге бірге не олардың қалауына қарай әрқайсысына жеке-жеке беріледі.
Мұрагерлік мүлікке ауыртпалықтар болған жағдайда мұраға құқық туралы куәлікті беру кепіл ұстаушының немесе ауыртпалық салған құзыретті органдарға хабарлау арқылы жүргізіледі»;
142-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«142. Мұрагер нотариусқа жүгінген сәтте жылжымайтын мүлікке құқық ресімделген не мұра қалдырушының атына ресімдеу сатысында болған, алайда бұл құқықты мұра қалдырушы заңнамада белгіленген тәртіппен тіркемеген жағдайда, нотариус ҚР АК (Ерекше бөлім) 1040-бабына сәйкес, мұрагерге мүліктік емес құқықтардан, соның ішінде мұра қалдырушыға меншік құқығын тіркеу үшін тіркеуші органға өтініш жасау құқығынан, құрылыстарды пайдалануға беру құқығынан, құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқасын және басқа да құжаттарды алу үшін уәкілетті органға жүгіну құқығынан тұратын мұраға құқық туралы куәлік береді.»;
145-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«145. Мұраны қабылдау туралы немесе мұрадан бас тарту туралы немесе мұраға құқық туралы куәліктер беру туралы өтініштер негізінде мұрагерлік іс қозғалады және реттік нөмір беріледі. Басқа мұрагерлердің одан кейінгі өтініштері, оның ішінде қосымша өтініштер іс жүргізу ережесінде көзделген нысан бойынша Мұрагерлік істерді есепке алу кітабына да тіркеледі. Барлық өтініштерде оның түскен күні көрсетіледі, мұралық іс нөмірі, бірінші келіп түскен өтінішке берілген нөмір сақталады.»;
148-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«148. Жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік берген кезде нотариус мыналарды талап етеді:
1) неке отбасылығын (ерлі-зайыптылық) куәландыратын құжат;
2) жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарын;
3) көлік құралына техникалық төлқұжаты;
4) жұбайлар мүлкінің құрамы мен мөлшерін растайтын өзге де құжаттар.»;
150-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«150. Жұбайлардың бірі қайтыс болған жағдайда жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беру туралы көзі тірі жұбайдың өтінішін алған жағдайда, нотариус қайтыс болған жұбайдың мұраны қабылдаған мұрагерлеріне хабарлайды, онда көзі тірі жұбайының меншік құқығы туралы куәлік беру туралы үлесіне жұбайлардың ортақ мүлкінің құрамы көрсетіледі.»;
«157. Жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлеске меншік құқығы туралы куәлікті берген кезде нотариус:
1) белгіленген тәртіппен тіркелген құқық белгілеуші құжатты талап етеді;»;
160-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«160. Мүлікті иеліктен алуға тыйым салынған кезде мүлікке меншік құқығына куәліктер тек ауырпалық қойған органның рұқсатымен ғана беріледі.»;
161-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«161. Жұбайлардың ортақ бірлескен мүлкіндегі үлесіне меншік құқығы туралы куәлік немесе ортақ бірлескен мүлкіне құқығы бар басқа адамдардың меншік құқығы туралы куәлік бөлінген үлеске құқық белгілеуші құжат болып табылады.»;
162-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«162. Куәлікті беру туралы белгісі бар құқық белгілеуші құжат қайтарылады, бұл жағдайда нотариустың ісінде құқық белгілеуші құжаттың көшірмесі қалдырылады.»;
164-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«164. Жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы куәлік осы Ереженің 149-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұрған жері бойынша беріледі.»;
165-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«165. Несие (кредит) шартын, өзге де міндеттемелерді қамтамасыз ету мақсатында жасалынған жылжымайтын немесе жылжымалы мүлік кепілі шартының негізінде, сондай-ақ кепіл туралы шартты нотариаттық куәландырған кезде нотариус тіркеуші органға тиым салуды шарттың көшірмесімен бірге жібереді.»;
173- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«173. Шетел мемлекетінің ресми мекемелері берген құжаттың көшірмесінің дұрыстығын куәландыруды құжатта заңдастыру немесе апостиль қойылғаны туралы белгі болғанда ғана жүргізеді. Егер Қазақстан Республикасы мен шетел мемлекеті арасында тиісті келісім болған жағдайларда құжатты заңдастыру немесе апостиль қою талап етілмейді.»;
174-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«174. Көшірменің дұрыстығы көшірме жасалатын құжатта өзара байланысты емес жеке бөлек мәселелер туралы мәліметтер болған жағдайда куәландырылады. Көшірмеде құжаттың белгілі бір мәселе бойынша бөлігінің толық мәтіні қайталануға тиіс. Бірнеше жеке-жеке, бірақ өзара байланысты бір тұлғаға қатысты (жеке де, заңды да) мәселелері бар құжаттан алынған жазулардың дұрыстығы куәландырылмайды.»;
184-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«184. Аударма аударылған құжаттың түпнұсқалы данасына, ол мүмкін болмаған жағдайда оның көшірмесіне қоса тігіледі.»;
184-тармақтың төртінші бөлігі алып тасталсын;
186-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«186. Нотариус азаматтың тірі екендігі, азаматтың белгілі бір жерде екені туралы куәлік береді және Заңның 81, 82, 83-баптарына сәйкес құжатты ұсынған уақытын жазбаша өтінішінің негізінде куәландырады.»;
200-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«200. Нотариус Заңның 93-бабына сәйкес құжаттар мен бағалы қағаздарды жазбаша өтініш негізінде сақтауға қабылдайды.»;
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасына жүктелсін.
3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Б. ИМАШЕВ.

Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылғы 26 желтоқсанда Нормативтік құқықтық келісімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 8230 болып енгізілді.