«2019 жыл – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында өзім ұсынған еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығы және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығы мерейтойлық даталармен ерекшеленіп отыр», делінген Елбасының жеделхатында.
Еуразиялық экономикалық одақ 180 миллионнан аса халқы бар бес мемлекеттің әлеуетін біріктіріп отырған маңызды интеграциялық ұйым болып табылады. ЕАЭО қызметі тең құқықтық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін құрметтеу қағидаттарына негізделген.
«Экономикалық интеграцияны құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету – оны нәтижелі дамытудың ажырамас әрі міндетті шарты. Сондықтан ЕАЭО сотының шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштерін қараудағы және ЕАЭО құқығын мүше мемлекеттер мен Одақ органдарының, сондай-ақ Одақтың үшінші тараптармен халықаралық шарттарын біркелкі қолдануды қамтамасыз етудегі рөлі ерекше» делінген Н.Ә.Назарбаевтың жеделхатында.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Төрағасы ЕАЭО Соты ЕАЭО құқығын түсіндіру бойынша өз міндеттерін табысты орындап, туындаған даулы жағдайларды объективті түрде шешуіне, ол біздің ортақ ісіміздің дамуына баға жетпес үлес болатынына сенім білдірді.
Конференцияда сөйлеген сөзінде Сенат Төрағасының орынбасары Б.Бекназаров ЕАЭО мемлекеттері арасындағы экономикалық құқықтық қатынастардың алуан түрлілігі, тауарлар мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету қажеттігі ЕАЭО Сотынан құқықтық кеңістіктегі олқылықтарды тез әрі тиімді толтыруды, мүше мемлекеттердегі қазіргі кездегі құқық қолдану проблемаларын жою мақсатында Одақ құқығындағы түсініксіздік пен екіұштылықты уақтылы жоюды талап ететінін атап өтті.
Бектас Бекназаров сөз соңында ЕАЭО туралы шартты, сондай-ақ Одақ Сотының мәртебесін одан әрі жетілдіру ЕАЭО мүше мемлекеттері ішіндегі тауарлар мен жұмыс күшінің еркін қозғалысындағы кедергілерді уақтылы жоюға мүмкіндік береді деген пікірін білдірді.