Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Тұрғындардың тұрмысын жақсарту – басты талап

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынды. Өңір қазіргі кезде аталған бағытта қолға алынып отырған ауқымды қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға дайын. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов баяндаған болатын.

Тұрғындардың тұрмысын жақсарту –  басты талап

Ауылды жерлердегі халықты жап­­­пай жұмыспен қамту маңызды мә­селе. Ал ауыл тұрғындарын жұмыс­тан­дырудың тиімді жолы ретінде қо­салқы шаруа­шылыққа қолдау көр­сетіп, оны да­мыту қарастырылған. Осы орайда А.Мырзахметов бастаған жұмыс­шы топ өңірдегі барлық аудандар мен ауыл­ды елді мекендерге арнайы барып, нәтижесінде 138 мың аула толық зерделенген болатын. Тал­дау нәтижесі көрсеткендей, салыс­тырмалы түрде өңір тұрғындары тиіс­ті ұйымдастыру жұмыстарының жоқ­­тығынан қосалқы шаруашылықты тиім­ді табыс көзіне айналдыра алмай отыр.

Осы тұрғыда зерделеу барысында тұрғын­дардың ұсыныстарымен ха­­лық­тың тұрмысын жақсарту мақ­са­тында 5 бағыт қарастырылған. Олар үй іргесіндегі және ауыл сыр­тын­да­ғы (пайлық) жерлерді тиімді пай­да­­лану, үй ауласында мал және құс өнім­ділігін арттыру, қосалқы ша­руа­шылықтарды жемісті жүргізуге қол­байлау мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы ша­ғын жобаларды қаржыландыру болып отыр. Аталған 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 млрд теңге болатын 31 мыңнан ас­там жобаны іске асыру мүмкіндігі анықталды. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге ай­налады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, сүт пен етті қайта өң­­деу кәсіпорындары жүктемесінің 30 пайызға артуы есептелген. Бұл алдағы уақыттарда жалпы жұмыстың түпкі табысына айналады.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, әуелі қанатқақты жобаның жеміс­тілігіне көз жеткізу үшін әрі жұмыс­тың үлгі-бастауы ретінде облыстың 10 ауылдық округі таңдалып алын­ған. Бұл жоспарлы жұмыстың ал­ғаш­қы кезеңі болмақ. Бұл ретте А.Мырзахметов Үкімет басшысы А.Маминге алғашқы кезеңде атқа­рылар жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Таңдалып алынған 10 ауылдық округ бойынша 7 мыңнан астам аула қамтылады десек, онда 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Шара барысында сол жерлерді ұтым­ды ұқсатудың жолдары да нақты жүзеге асады. Өңірдегі бау-бақшалықтың тиімділігін еселеу­де жылыжайлардың, мал шаруа­шылығын көтеруде коопе­ративтердің маңыздылығы ес­керілген. Сондай-ақ ол үшін сапалы тұқым, кө­шет, тыңайт­қыштарды тауып, жеткі­зіп беру, тіпті, тапшы техника мен қа­жетті мамандармен қамту мәселесі де оңынан шешімін табады. Сонымен қа­тар зерделеу барысында мұндағы әр ауылдық округтің табиғаты, яғни жер мен су жағдайлары да ескерілген. Нақ­ты нәтижеде өнімділіктің 2-4 есе өсі­міне қол жеткізу жоспарланған. Бү­гінде жобадағы ауылдық округтер­де қосалқы шаруашылықтан бөлек 137 шағын жобалардың тізімі жасақталып, оларды жүзеге асырудың жол-жобасы бекітілген.

А.Мырзахметов жобаны қаржы­лан­дыру шарасы әкімдікке кредит беру жүйе­сімен «Еңбек» бағдарламасы ая­сында іске асыру ұсынылатынын ай­тып, әкімдік әрі қарай сенім агенті арқылы 2,5 пайыздық несие ре­тін­де тұрғындарды, кооперативтерді қаржы­ландыратынын жеткізді. Бүгінде несие алушылардың алғашқы базасы түзіліп те үлгерген. Жалпы, 10 ауылдық округ бойынша жобалардың іске асуымен 7 мың отбасы немесе 35 мың адам келесі жылдың қорытындысы бойынша айына кемінде 104 мың теңге (өсім 2,5 есе) табыспен қамтамасыз еті­леді деп күтілуде. Ал 2229 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыс­сыздар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейтін кәсіпкерлерге айналатын болады.

«Біз жобаны іске асыруға дайын­быз. Әкімдікке қатысты барлық ұйым­­дастыру пысықталған. Соның ішін­де бюд­жеттік әкімші болатын ауыл шаруа­шылығы басқармасының штат­тық саны 18 қызметкерге көбей­тіл­­ді. Аудан, ауыл әкімдерінің арнайы жұмыс алго­­­рит­мі бекітілді, тиісті жұ­мыс топтары құрылды және жауап­ты мамандар оқы­тылды. Қанатқақты ауыл округтерінде бір­неше кез­десу­лер өткізіліп, кооператив тө­раға­ла­ры анықталды», деді өз сө­зінде А.Мырзахметов.

Премьер-Министр А.Мамин бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, қол­дайтынын білдіріп, тиісті шешімдердің дер кезінде рәсімделуін назарға алатынын жеткізді. Жауапты тұлғаларға қанатқақты жобаның механизмін ұйым­­дас­тыруды тапсырды.

 

Жамбыл облысы