Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

«Жоғалмайсың, жоқтаушы халқың барда...»

595 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған апталық өтті.

«Жоғалмайсың,  жоқтаушы халқың барда...»

Ол – адалдықтың үлгісі. Ай­ны­мас адалдықтың. Отыздан енді асқан жасында:

..Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау

тағдырым болып

О баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! – деп ар алдында, жыр алдында берген сертіне ғұмырының соңғы сәтіне дейін беріктік танытты. Сол асыл қасиеті Атыраудың Ма­­наш деген шағын ғана ауылы­нан қанат қаққан ақын қызды Поэзия падишасы деп халқы берген биік­ке көтерді.

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Фариза Оң­ғар­сынова биыл 80 жасқа келер еді... Өзі өмірден өтсе де, өлеңін құрметтеген, барша қа­зақ үшін аяу­лы есімге айналып кеткен атын қастерлеген туған жері ардақты перзентін сағынышпен еске ал­ды. «Патша-сөздің Фаризасы» ап­талығының аясында Атырау об­лысында кең ауқымды шаралар өтті.

Қаланың ең көрнекті жері­не орнатылған Фариза Оңғар­сынова ескерткішінің жанына атыраулықтар жиі жиналады. Бұл жолы да осы үрдіс жал­ға­сын тапты. Мектеп оқушы­ла­ры мен студенттер бір апта бойы ескерткіш алдына келіп гүл шоқтарын қойып, ақын өлең­де­рін оқыды. «Патша-сөздің Фаризасы» апталығына келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері де Атырауға сапарларын осы жер­ден бастады. «Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңбасымен дара­ланған Фариза Оңғарсынова – тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қайрағындай бол­ған шығармашылығымен мил­лиондардың жүрегін жаулаған ақын. Бұл ескерткіш – ел-жұрт­тың, алты Алаштың ақын қызына деген құрметі деп білуіміз керек», деді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Ес­дәулет.

Халел Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситеті – ақын білім алған жоғары оқу орны. Өткен жылы университет қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Ал 80 жылды­ғына орай республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. «Студент Фа­ри­за, біз оны Фәру деп атайтын­быз, ерекше ізденгіш еді. Қолы­нан кітап түспейтін. Әдебиет үйір­месіне бірге қатыстық. Жазуы өте әдемі болатын, сөйлемдегі әр сөз, әрбір әріп қатарда тұрған солдаттардай, бірі ілгері, бірі кейін емес, тізбектеліп түсетін», деп еске алды ақынның курстасы, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Қадір Жүсіп.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Ақұштап Бақтыгереева: «Фа­риза – бақытты ақын. Елінің махаббатына ие болды. Бұл шарадан да халық сүйіспеншілігін көріп, көңіліміз қуанды», деп әдебиет әлеміне бірге келген кездерінен естелік айтты. Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, филология ғылымдарының кан­дида­ты Гүлсім Еңсепова Фариза Оң­ғарсынованың журналистік қыз­меті төңірегінде сөз қозғады.

Облыс әкімдігінің қолдауы­мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша «Бірегей» қоғамдық қоры шығарған «Ар мен ақын» деректі фильмі және «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудиоөлеңдер жинағының тұсау­кесер рәсімі де осы апталық аясында өтті.

Асқақтық пен нәзіктік

Бағзы күндерден бері ақын атаулының миссиясы қандай еді? Атақ пен лауазымның шы­ғармашылық адамы үшін маңызы қандай? Әйел ақынға өзін мо­йындату қаншалықты қиын? Фа­риза феноменінің сыры неде? Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры сахналаған «Ар мен ақын» спектаклі осын­­дай сауалдарға жауап іздеуі­мен де әсерлі болды. Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, ақын Әлия Дәулетбаеваның драма­тургиядағы алғашқы қадамы пат­ша көңіл көрерменнің көңі­лінен шықты. Режиссер Жанат Телтаев, суретші Темірбек Мұх­таров, композитор Болат Қоха­манов, хорео­граф Анар Есен­ғалиевалар бас қосқан шығар­машылық ұжымның еңбегі ақталды. «Кез келген сах­­­наға ұялмай алып шығуға бо­ла­­­тын дүние. Көңіліміздегіні қоз­­ғады. Шабыттанып тұрмыз. Аты­рау өңіріндегі сахналық қойы­лымдарда Фариза мотиві пайда болған. Бұл бізді қуантады», деп спектакльден кейінгі әсерімен бөлісті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарай.

Үш жыл бұрын облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен Атырауда «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубы құрылды. Өңірдегі мәдени-көпшілік ша­­ра­ларға белсенді қатысып жүр­­­ген талантты жастар ақын то­­йы­на да үлкен дайындықпен кел­ді. Апталық аясында ұйым­дастырылған «Асқақтық пен нә­­зік­тік» атты поэзия кешінде клуб мүшелері өнер көрсетті. Мем­лекеттік сыйлықтың лау­­ре­а­­­­­ты, жазушы Қажығали Мұхам­бетқалиұлы: «Өлеңі өзіне, өзі өлеңіне ұқсамайтын ақындар бо­­лады. Фариза ол қатардан емес еді. Оның өзі өлеңі еді, өле­ңі өзі еді. Бүтін болмыс, тұтас та­лант­­тың осы қасиеті оның атын ен­ші­леген клубтың әр мүшесіне жұ­ғысты болсын деп тілеймін», – деп батасын берді.

«Жыр жұлдызы – Фариза» рес­публикалық айтысы да Атырау­­ға еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ақындарды жинады. Екі күн­ге созылған жыр аламанының бас бәйгесін батысқазақстандық Тал­ғат Мықи жеңіп алды.

«Поэзия падишасы – бояулар тілінде»

Кемеңгер Әбіш Кекілбаев: «Ма­ған Құрманғазы өлең жазса, өзіне қай жағынан да жақын тұрған Махамбетше емес, бүгінгі Фаризаша жазатын сияқты, ал егер Фариза аяқ астынан ком­по­зитор болып кетсе, тап Құрман­ғазыша сілтейтін тәрізді болып кө­рінеді де тұрады. Егер суретші болсам, бұл екеуінің көзінде те­біренген терең мұңнан ытқып шыққан мөлдір тамшы көз жа­сы мен ытырынған ызаның ойнақ­шыған шоқ ұшқынын қатар бейнелер едім. Бір-біріне қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын күй­ректік пен өткірліктің, нәзік­тік пен жі­гердің, қасірет пен қайраттың мұндай үйлесімі рух болмысының ең тұңғиық дра­матизмін дәл ұстай алатын ұлы суреткерлерде кездессе керек», деп жазады. Ал нағыз суретшілер ақын Фариза бейнесін қалай көреді? Қарындашпен қағаз бетіне түскен шайыр суреті қан­дай сыр айтады? «Поэзия пади­шасы – бояулар тілінде» атты республикалық суретшілер симпозиумына қатысушылар төрт күн бойы талмай талаптанды. Елімізге белгілі суретшілер Жайық жағасындағы музейге жиналып, Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығына қатысты суреттер салды.

– Бір адамның образын жа­сауға арналған студиялық симпозиум Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Осы жұмыстың хал­қы­мыз­дың ардақты ақын қы­зы­­ның құр­метіне арналғаны да бізге шабыт берді, – дейді Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Түркістан облысы бейне­леу өнері музейінің басшы­сы Айнабек Оспанов. –Фариза Оңғарсынованың «Сан­ду­ғаш» атты тұңғыш жыр жи­нағының негізінде жас кезіндегі бейнесін қағазға түсірдім. Екінші еңбегім – «Намысқой ұрпақ» ар­қылы ақынның қазақ поэзия­сына найзағайдай жарқылдап, намыстың алдаспан қылышындай өткірлікпен келгенін көрсетуге тырыстым.

Асылында, «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөздің жаны бар. Фариза Оңғарсынова қара сөздің ғана шебері емес еді. Төгілтіп күй тартатын, әуелетіп ән шырқайтын өнерін көпшілік жақсы біледі. Оның өлеңдеріне жазылған әдемі әндер талай сахнаның сәнін кел­тіріп жүр. Республикалық эстрада әншілерінің байқауына қатысқан өнерпаздар ақын туған жеріне келіп, елдің ризашылығына бө­лен­ді. Байқаудың бас жүлдесін Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Айбар Ғаниұлы иеленді.

– Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деген сөзі осындайда еске түседі. Фариза Оңғарсынованың ақындық, жа­зушылық, мемлекеттік қайрат­керлігіне байланысты атақтарын айтпағанда, біз үшін ең қымбаты – ол Атырау топырағының пер­зенті. Фариза поэзиясы – өске­лең ұрпақты жігерлілікке, батыл­дыққа, отансүйгіштікке тәрбие­лейтін қуатты поэзия», деді ап­­­талықтың қорытынды кешінде об­лыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Осы шараға арнайы келіп қатысқан Мә­дениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов: «Асқақтатып жыр, күмбірлетіп күй төккен тамаша кешті ұлт рухының мерекесі, өлеңнің тойы деуге болады. Қазақ халқы барда Фариза есімі мәңгі жасай береді», деп лебізін арнады.

«Жер бетінде жұмыр басты жан барда, олардың көкірегінде мынау жарық дүниенің сан-сапат қыр-сырын ойлап ты­пыр­шитын жүрек барда Оң­ғарсынова шабытының жұлды­зы барған сайын биіктеп, бар­ған сайын маздай түсер. Сурет­керге жарадар жанға шипа, сергелдең сезімге басу, мазасыз ойға көшбасшы бола білгеннен артық бақыттың керегі не?», деп жазған еді Әбіш Кекілбаев. Сол бақытқа лайық ақынның бірі де бірегейі Фариза екенін ел-жұртының шексіз құрметі де айқындап тұрғандай.

 

АТЫРАУ