Қоғам • 23 Қыркүйек, 2019

Ақбота Кәдірбек: Ерікті болу – еріккеннің ісі емес

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жария­лағаны мәлім. Бұл жаңалыққа ел арасында екпінді еңбек етіп жүрген ерікті жастар елең ете қалғанын да білеміз. Сондай жастардың бірі – Ақбота Кәдірбек.

Ақбота Кәдірбек: Ерікті болу –  еріккеннің ісі емес

Оның үш сіңлісі және екі інісі бар. Өз бойындағы жауапкершілікті бала кезінен бастап, бауырларына қарайласа жүріп қалыптастырған. Үнемі үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайды. Білім ордаларының ішіндегі қара шаңырақ саналатын Ыбырай Алтынсарин орта мектебін бітірген ол, бүгінде Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың педагогика-психология кафедрасының екінші курс студенті. Оның алдында ғана қалалық колледжден мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу мамандығын алып шыққан еді. Колледжге келгеннен бастап қоғамдық жұмыстармен жиі айналысуға мүмкіндіктер болды. Ол еріктілер жұмысы мен пікірсайыс ойындарының белсенді қатысушысына айналып шыға келді. Студент бола салысымен колледждің Жастар ісі-жөніндегі кометитетінде «Нағыз көш­басшылар одағы» еріктілер тобын құрады. Волонтерлермен бірге тәжірибе жинау мақсатында көптеген акциялар өткізеді. Қоғамға және қоршаған ортаға көмек қолын созу мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық», «Хелпер ВОХ», «Таза қала» сынды акциялардың басы-қасында жүреді. Ақбота жыл са­йын өткізілетін «Әлеуметтік маңызы бар идеялар мен жобалар байқауына» қатысып, грант ұтып алған екен. Соның арқасында осыдан төрт жыл бұрын оның ұйымдастыруымен өткізілген облыстық пікірсайыс турнирі ауқымын арттырып, дәстүрлі жарысқа айналып келеді.

Сонымен қатар ол білік­тілігін арттыру мақсатында Павлодар, Қос­танай және Қарқаралы қалаларына барып «Волон­терлік қызметті дамыту» атты оқу-семинарларынан тәжірибе жинап қайтқан. Ізденісі жемісті болып, 2017 жылы облыстық «Үздік волонтер» байқауына қатысқан кейіпкеріміз бас жүлдені иеленді. Көп уақыт өтпей ол Арқалық қаласы жастарының Алтын кітабына «Жастар көшбасшысы» номинациясы бойынша енді.

̶ Мен осы жетістіктерім арқылы өзімді танып-біле түсемін. Қоғамға пайдасы тиетін істерімді қазақ өрен­де­рі­нің өмір сүру қағидалары ретінде таныстырғанды ұнатамын. Ал әр жетіс­тігім отбасым мен еліме арналады, – дейді Қостанай облысының ең үздік еріктісі атанған қыз.

Жақында тағы бір жақсы жаңалық естідік. Ақбота өмірлік серігін тауып, тұрмысқа шыққан екен. Қала әкімі Эльдар Күзенбаев Жастар жылы аясында шаңырақ көтерген жас жұбайларды құттықтап, алғыс хат табыстапты.
Арқалық қаласының дамуы мен жаң­ғыруына өлшеусіз үлес қосып жүрген Ақбота сынды жастар бір қала­ның ғана емес, еліміздің де дамуына өзін­дік септігін тигізіп жүргенін білуі тиіс.