Руханият • 25 Қыркүйек, 2019

Жамбыл ескерткіші жерде қалмайды

1252 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын Жамбыл өңірі жаңғырып, жасарып келеді. Облыс орталығы, екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары да түрлену үстінде. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен көне шаһарды көріктендіру, одан әрі абаттандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нақты айтсақ, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы толықтай жаңғыртылып, «Ерлік» мемориалдық кешені бой көтерді. Саябақ ішінен «Мәңгілік алау», «Бауыржан Момышұлы», «Ауған соғысының жауынгерлері» сынды ескерткіштер ашылып, Тараз тұрғындарының көзайымына айналды. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жүз мыңнан астам ардагердің есімдері мәрмәр тасқа жазылды. Бүгінгі бір ғана «Жеңіс» саябағының өзі жас ұрпақтың ата-баба ерлігіне тағзым етіп, еске алатын киелі орынға айналды.

Жамбыл ескерткіші жерде қалмайды

Өткен күн – ұлттың шежіресі, ата-баба ерлігінің естелігі. Сондықтан да тарихты ұмытпай, керісінше ұлықтау елдігіміздің көрінісі болмақ. Бұл ретте «Даңқ» залы ашылып, ол жерге 1,5 миллион фотосурет жиналды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестеріміз бен­ тыл еңбеккерлері туралы толық ақпа­рат беретін цифрландырылған деректер базасы орналастырылды. Атал­ған ғимараттың екінші қабатынан даңқ­ты батыр, жерлесіміз Бауыржан Момыш­ұлының мұраларын зерттеу мақ­са­тында «Бауыржантану» ғылыми-зерт­теу орталығы ашылды. Бұдан бөлек, сая­бақ аумағында Чернобыль апатына қатыс­қандар мен тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштер орнатылып, талай жылдан бері қараусыз қалған «Үш бұлақ» жағалауы қайта жаңғыртылды. Қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың қайта жөндеуден өтуі, батыр ескерткішінің орнатылып, «Желтоқсан-86» орталығының, «Тәуелсіздік ұшқыны» ескерткішінің және ұзындығы 220 метр болатын «Жел­тоқсан толқыны» атты әуезді су­бұрқақтың ашылуы да қала көркін арт­тыруда. Аталған саябақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Бөлтірік шешен, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты ұлт тұлғаларының даналық сөздері жазылған архитектуралық көрнекті тақ­тайшалар орнатылды.

Бір сөзбен айтқанда, тарихи Әулиеата өңірі жыл өткен сайын жаңғыруда. Мәсе­лен, темір жол вокзалы маңына «Көне Тараз» стелласы қойылып, Ы.Сүлей­менов көшесінің бойындағы бұрын­ғы «Атшабар» аумағы толықтай жаң­ғыртылып, «Жастар» аллеясына айналды. Сонымен қатар туристердің наза­рын аудару үшін шығыстық үл­гіде «Шахристан» этно-мәдени кеше­нін салу мақсатында да жұмыстар жүр­гізілуде. Осынау жұмыстың бәрін жергілікті жұртшылық көріп, біліп отыр. Шындығына келгенде көпшілікті көне шаһардың көркем қалаға айналып келе жатқаны қуантады.

Жамбыл облысы – еліміздегі ақын атымен аталған жалғыз өңір. Кезінде Әулиеата болған тарихи өлкеге осыдан сексен жыл бұрын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Сол уақытта көзі тірі ұлы жырау «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деген екен. Алайда Жамбыл атындағы өңірде Жамбыл ескерткішінің дауы әлі бітер емес. Өткен күнге сәл шегініс жасасақ, ескі көк базардың қарсысындағы ақын ескерткіші алынған болатын. Ал ескерткіштің жаңа нұсқасы Жамбыл облысы әкімдігінің алдына орнатылған еді. Бірақ ескі ескерткішті ешкім далаға лақтырып, жарамсыз қылып тастаған жоқ. Осыдан кейін-ақ түрлі басылым беттерінде, телеарналарда Жамбыл ескерткішін ауыстыруға байланысты әрқалай ой айтылды. Әсіресе әлеуметтік желілерде бұл мәселе қызу талқыланды. Көптеген азаматтар ашық қарсылық та білдірді. Әрине әркімнің өз пікірі бар. Алайда «Біткен іске сыншы көп» дегендей, байыбына бармай байбалам салғандар да жетіп-артылды. Бұл ретте біз Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың қабылдауында болып, істің мән-жайын сұрадық. «Игілікті істен ілік іздеу «Өнбейтін істі өспейтін елдің баласы қуады» дегенге келеді. Жамбыл Жабаевтың бұрынғы ескерткішінің облыс әкімдігінің алдына қайта қоюға жарамсыз екендігін біле тұра, шу көтергісі келген кейбір азаматтардың әрекеттері түсініксіз. Ескерткіштің орнатылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткенмен оған тиісті күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігі, сапасыз жамай салу, сырлай салу ескерткіштің алғашқы нұсқасын өзгертіп жатқандығы, қала орталығы уақыт легімен өзге орынға ауысып, ескерткіштің базар бойында, жолайрығында қала беруі бұрын неге сөз болмаған? Бүгінгі сөзуар «жанашырлар» сол кезде қайда қараған деген ой келеді», дейді Қайрат Досаев.

Жамбыл Жабаевтың ауыстырылған бұрынғы ескерткіші 1963 жылы тұрғызылған. Ол қазақтың біртуар ұлы Хакімжан Наурызбаевтың туындысы. Бұл ескерткіштің жоғары деңгейдегі өнер мұрасы екенінде дау жоқ. Бірақ осы уақытқа дейін тозығы жетіп, ескерткіштің өзі бүлінген. Мәселен, соңғы жылдары Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда да осы ескерткішті сақтау және қалпына келтіру жұмыстары қаралмаған. Ал енді, жарты ғасыр бойы облыс орталығында тұрған Жамбыл ескерткішінің жайына келсек, нысанға өткен жылы 19 шілде күні «Қазгеоархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан сараптама жұмыстары жүргізілген. Бірақ сараптама нәтижесінде мүсін бойының жалғанған бөліктерінің арасында, арқасы мен қолтығында және төменгі етектерінде күрделі жарықтардың пайда болғандығы, мүсіннің сыртқы қабатындағы бояулардың қабыр­шықтанып, жақпалардың көтеріліп, қауіп­ті темір қақтардың пайда бол­ған­ды­ғы, сапасыз жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарының себебінен ал­ғашқы беріктігін жоғалта бастағаны анық­талған. Дей тұрғанмен, Жамбыл ескерт­кішінің бұрынғы орнынан облыс­тық әкімдіктің алдына көшірілуі көп әңгіме болды. Көпшілік ескі ескерткіштің қайда кеткенін сұрап, сөз қылып жатты. Бірақ оны да далаға лақтырып тастаған ешкім жоқ еді. Жуырда ғана ұлы жыраудың шөбересі Мұратхан Жамбылов Таразға келгенде, облыс әкі­мі Асқар Мырзахметов осы мәселені айтқан болатын. Сонда бұл мәселеге біржола нүкте қойылғандай еді. Бірақ әлі де болса Хакімжан Наурызбаев туындысын кәдеге асыру жоспарда бар. Енді оның нақты қай жерге қойылатыны әзірге анықталған жоқ. Оған әлі де күр­делі жөндеу жұмыстары қажет. Ал облыстық әкімдіктің алдына орнатылған жаңа ескерткіш те ойластырылмай жатып қойыла салған дүние емес.

«Аталған мәселеге нақтырақ тоқта­ла­тын болсақ, облыс зиялылары, қала ардагерлері облыс әкіміне жолайрықта қалған Жамбыл ескерткішін лайықты жерге орналастыру туралы, оның ішінде облыс әкімдігі ғимаратының алдына қою туралы ұсыныс білдірген болатын. Облыс әкімі осы ұсынысты қолдап, облыс әкімдігі ғимаратының алдына ескерткішті қоймастан бұрын арнайы абат­тандыру жұмыстарын жүргізді. Абат­тандыру барысында әуенді субұр­қақ­тар орнатылып, орындықтар, жарық­шамдар қойылып, гүлзар жасалып, қала тұрғындары үшін демалыс орнына айналдырды. Ескерткішті көшірмес бұрын оның жағдайына сараптама жасалды», дейді қала әкімі.

Тараз қалалық әкімдігінің мәліметі бойынша, биыл тамыз айында бұрын қолданыста болған Жамбыл Жабаев ескерткішінің қазіргі жай-күйі­не акт жасалды. Аталған құжатқа елі­міздің Суретшілер одағының төр­аға­сы Өмірбек Жұбаниязов бас­тап, Сурет­шілер одағының жауапты хатшысы Жамбыл Натбаев, Суретшілер одағы мүсіншілер секциясының төрағасы Марат Әмірханов және мүсінші Елдос Бексұлтан сынды азаматтар қол қойған. Аталған актіде «2019 жылы 24 шілдеде актпен өткізілген мүсінші Т.Бинашев пен Қ.Сағынтаевтың «Ақын Ж.Жабаевтың» мүсініне жасалған жөндеу жұмыстары талапқа сай келмейді. Себебі 2019 жылы 16 мамырда С.Қалиев төрағалық еткен комиссия жасаған акт бойынша жұмыс істеу керек болған. Күрделі жөндеу үшін корпусы ашылып, ішкі тоттардан тазалау керек, тірегіштерді қарап, ауа ағым (вентиляция) жолдарын ашып, дұрыс жолға қою керек болатын. Шіріген жерлерінің қалыбын алып, сосын жарамсыз жерлерді кесіп тастап, бастапқы қалыпқа келтіру керек еді. Жарылған (сызат берген) жерлер дәнекерлеуді талап етеді. «Тесіктер» желіммен (шпаклевка) толтырылып, дәнекерлеу орнына желімделіп қойылған. Ең негізгі қауіп – терең тотты тазалау, оны тоқтату мәселесі мүлдем қаралмаған. Комиссия анықтаған кемшіліктер орындалмаған», деп жазылған. Сөйтіп Ө.Жұбаниязов төрағалық еткен комиссия мүсіннің қазіргі жай-күйін ескере отырып, Жамбыл ескерткіші 1963 жылы орнатылғаннан бері күрделі жөндеуден өтпегенін ескертіп, нысанның жоғары деңгейдегі өнер мұрасы, үздік туынды екендігін ескере отырып, жөндеу жұмысына кәсіби мамандарды жұмылдыру қажеттігін айтқан. Нәтижесінде, одақ мүшелері Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болып, ескерткіштің бүгінде жарамсыз екендігін алға тарта отырып оны Алматы қаласындағы Суретшілер одағының мүсіншілер базасында қайта жөндеу жұмыстарын ұсынған. Ал Асқар Мырзахметов алдағы уақытта ескерткіш тиісті жөндеуден өтіп, қайта қоюға жарамды болғанда өңірдегі зиялы қауыммен келісе келе тұрғындардың да пікірін ескере отырып, Тараз қаласының көрнекті жеріне орнатылатынын айтты. «Ескерткішті ешкім лақтырып тастап отырған жоқ. Қайта қоюға жарамсыз болғаннан кейін арнайы жерде сақталуда. Ендігі жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгелі отыр. Ол үшін Тараз қаласының әкімдігі тиісті жұмыстарды ұйымдастыруда», дейді қала әкімі Қайрат Досаев.

«Жырға» айналған Жамбыл ескерт­кі­шінің бүгінгі жайы осындай. Алдағы уақытта ақынның бұрынғы ескерткіші өз орынын табады деген сенім бар. Тек болған істі бұра тартпай, қайта қол­дау көрсету елдіктің, ауызбіршіліктің көрінісі болмақ. Бұдан бөлек, келешекте өңірден «Тектұрмас» этно-тарихи ке­шені салынып, туристер мен Тараз тұр­ғындары тарихы терең Әулиеата өңірі­нің өткенін тамашалайтын болады. Жалпы, ел аузында Әулиеата туралы аңыз­дар көп сақталмаса да, баршылық. Көп­ аңыздың дені оны Қарахан батырмен байланыстырады. Аңыз бойынша Қара­хан Айша бибінің қайтыс болған жері­не мазар тұрғызып, жанынан өзіне бір орын қалдырыпты деседі. Содан соң­ дүниеден өтер шағына дейін Айша бибі мазарын күзетіп өмір сүрген екен. Сон­дықтан да оны ел әулие атап, сол жерді Әулиеата атап кетіпті дейді. Ендігі жерде Тараз қаласынан биіктігі жиырма метрден асатын Әулиеата ескерткіші де бой көтеретін болады. Бұл да бойында ұлттық рух, болмысында тектілік шалқыған шынайы туынды болмақ. Жалпы алғанда, біз үшін Әулиеата мен Жамбыл Жабаев есімдері егіз ұғым. Ел есінде әулие тектес ақын болып қалған ұлы жыраудың еңселі ескерткіші тұғырына қайта көтерілетін күн алыс емес. Ал облыстың бас ғимаратының алдына қойылған ескерткіш өз орнын тапқан дүние дер едік.

 

Жамбыл облысы