Қоғам • 27 Қыркүйек, 2019

Балаларды оңалту орталықтары жетіспейді

3099 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елімізде мүмкіндігі шектелуі балалардың саны 85 мыңнан асады, әрі олардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ал оңалту орталықтарының саны небәрі 152 ғана. Бұл деректерді Нұр-Сұлтан қаласында бас қосқан реабилитологтар мен курортологтардың ғылыми конференциясында естідік.

Балаларды оңалту орталықтары жетіспейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан-ды. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген еді Мемлекет басшысы Жолдауында. Сөйтіп қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне биліктің назар аударуын тапсырған. Ал Нұр-Сұлтанда бас қосқан дәрігерлер мүгедекті оңалту ісінің өзге де өзекті мәселелері шаш етектен екенін айтты.

Ел астанасында 20-21 қыркүйекте «Реабилитология және курортологияның басым бағыттары» атты халықаралық VII ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараны Қазақстан реабилитологтар мен курортологтары ассоциациясы «University Medical Center» корпоративті қорының Балаларды оңалтудың ұлттық орталығымен бірлесе ұйымдастырды. Жиынға отандық мамандармен қатар Германия, Италия, Қытай, Беларусь, Украина, Ресей мемлекеттерінен келген ғалымдар қатысты. Же­тінші рет ұйымдастырылған кон­ференцияда жетекші оңалту орталықтарының, шипажай-курорт­тардың, медициналық және ар­найы жабдықтар өндіретін фирма-компаниялардың, фарма­цевтикалық компаниялардың бас­шылары мен ғалым-мамандары, туристік және ден­саулық сақтау бизнесі өкілдері жиналды.

Басқосуда талқыланған тақырып көлемі де ауқымды. Оңалту жұмыс­та­рының ерекшеліктерінен бастап, онкологиялық сырқаттарға ұшыраған балаларды медициналық-әлеуметтік бейімдеу мен оңалту, су шипажайларына арналған жабдықтарды таңдау, церебралды сал дертіне ұшырағандарды қытай және батыс медицинасының оңалту моделдері, спорттық меди­ци­налық базалық негіздері тәрізді көптеген тақырыптар талқыға түсті. Сонымен қатар денсаулыққа, соның ішінде бала денсаулығына табиғи-физикалық факторлардың әсері, елі­міздегі курорттық қызметті дамы­ту­дың болашағы тәрізді тән саулығына тіке­лей байланысы бар тақырыптар қозғалды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қоғамындағы өзекті мәселені түрлі қырынан талқыға салған жайы бар.

 

Мыңдаған бала, жүз елу орталық бар

Елімізде түрлі сырқатқа шалды­ғу­дың кесірінен мүмкіндігі шектел­ген балалардың саны 90 мыңға жа­қын­дай­ды. Дәлірек айтсақ, 85-87 мың аралығында. Өкінішке қарай, соңғы бес жылда олардың саны өсіп бара жатқаны байқалады. Бірақ сол балаларды оңалтуға арналған орталықтар көп емес. Қазақстанда балаларды оңалтуға арналған 152 орталық болса, оның 19-ы ғана Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне кіреді. Білім және ғылым министрлігінің қызмет аясына кіретін орталықтар саны 12 болса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйесінде 24 орталық бар. Жекеменшік оңалту орталықтарының саны – 97. Бұдан бөлек көппрофилді клиникалардың жанынан ашылған 10 оңалту бөлімшелері бар. Осынау оңалту орталықтарының ішіндегі ең ірісі − «UMC Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы». Ондағы орын саны – 300. Елде бұдан көп орны бар орталық жоқ. Демек, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мәселесінде проблема бар деген сөз. Оның үстіне елдегі санаулы оңалту орталықтарының да ай­мақтардағы үлесі әртүрлі. Мәсе­лен, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Маңғыстау облыс­тарында денсаулық сақтау жүйе­сіне кіретін бірде-бір оңалту орталығы тіркелмеген. Ал Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік ведомстволарға қарайтын ешқандай оңалту орталығы жоқ. Еліміздің 11 аймағында бастапқы оңалту қызметін көрсетуі тиіс медициналық оңалту бөлімшелері әлі күнге ашылмаған. Елімізде жұмыс істеп тұрған балаларды оңалту орталықтарының ба­сым көпшілігінің техникалары ескір­ген. Көбінің ғимараттары оңал­ту жұмыстарына арналмаған, онда кедергісіз орта қалыптастыру қиын­ның қиыны. Бұдан бөлек маман мәсе­ле­сі тағы бар. Қазақстандағы оңалту орта­лықтарының реабилитологтар­мен қамтамасыз етілуі 57 пайыз болса, оңалту орталықтарында жұмыс істейтін маманданған педагогтардың үлесі – 79 пайыз. Ал ел бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде оңалту ісі мүлдем жүргізілмейді. Әрине оңалтуға ұқсас әрекеттер жасалғанымен, іс жүзінде оның бәрі формалды дүниелер. Міне, мұндай жағдайда денсаулығында кінә­ра­ты бар балаларды оңалтып, қатар­ға қосу ісіндегі проблемаларды ше­шудің өзі де оңайға соқпайтын болса керек. Президент Қ.Тоқаевтың «Бала­лар­ға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет» деуінің де сыры осында. Қалай болғанда да 90 мыңға жуық бала үшін 152 оңалту орталығы аздық ететіні сөзсіз. Әрі олардың ешқайсысында 1000 адамға арналған орын жоқ екенін ескерсек, балаларды оңалту бағытындағы іс-шаралар құмға құйған суға ұқсап бара жатыр.

 

Қолда барды ұқсатып келеді

Әрине балаларды оңалту саласында атқарылып жатқан істерді тұ­тас­тай жоққа шығара алмаймыз. Отан­­дық дәрігерлер мен педагогтар бала­ларды оңалтумен шама-шар­қын­ша айналысып жатыр. Әрі мүге­дек балаларды оңалту ісін де осы дәрі­гер­лер бастағанын ұмытпаған абзал. Қазақстандағы балаларды оңалту ісінің тарихына үңілер болсақ, бұл 1991 жылдан басталады. Сол жылы Алматының Қалқаман ауда­нында орналасқан №7 ауруханада алғаш рет бала­ларды оңалту бөлімшесі ашыл­ған. Ересектерге арналған 1000 орындық көппрофилді клиникада ашылған бөлімшеде 60 орын болыпты. Бөлімшеге психолог, логопед, рефлексотерапевт, массажист, денешынықтыру негіздері инструкторы тәрізді көптеген мамандар тартылған. Сөйтіп елімізде мүгедек балаларды оңалтудың алғашқы қадамы жасалса керек. Әйтпесе КСРО-ның денсаулық сақтау жүйесінде оңалту орталық­та­ры туралы ұғым да болмаған. Сала­­ның штаттық нормативтік құ­жат­та­рында оңалту орталықтары жай­­­­­­лы бір ауыз сөз де кездеспейтін еді. Алғашқы оңалту бөлімшесін ашқан, бүгінде «UMC Балаларды оңал­тудың ұлттық орталығының» директоры қызметін атқарып отырған медицина ғылымдарының докторы Шолпан Бөлекбаева алғашқы оңалту бөлімшесі еліміздегі балаларды оңалту қызметінің прототипі болғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда №7 ауруханада ашылған бөлімшеден соң, 1994 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығы басқармасының бастығы Тамара Палтушева «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаеваға балаларды оңалту орталығын ашу туралы өтініш білдірген. Сөйтіп «Бөбек» қорының қолдауымен 1995 жылы алғаш рет балаларды оңалту орталығы құрылды. «Балбұлақ» деп аталатын сол алғашқы орталық әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ал №7 ауруханадағы бөлімше 15 жыл қызмет атқарып, кейін басқа жерге көшірілді. Жүйке жүйесі және психикасы бұзылған балаларға арналған «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығында 1996 жылдың наурызынан 2016 жылдың сәуір айына дейін 17 мың 738 адам ем қабылдаған. Олардың 11 мың 95-і бала. Өзгесі ересектер. Кейін еліміздің 5 қаласында осындай орталықтар ашылған еді. Нұр-Сұлтан қаласындағы «UMC Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы» 2007 жылы ашылды. 300 орындық орталыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі рет келді. Мұнда балаларды оңалтудың заманауи тәсілдері қолданылып келеді. Арбаға таңылған бүлдір­шіндердің орындарынан тұрып, алғаш­қы қадамдарын жасаған кездерін де көз көрген. Сөйтіп мүмкіндігі шек­­теулі балаларға бұл орталықтың үміт сыйлайтынын байқағанбыз. Орта­­лықта оңалтудың медициналық, әлеу­мет­тік және психологиялық-педа­го­­ги­калық аспектілері негізге алына­ды. Орталықтың 200 маманы әлем­­нің 23 елінде біліктіліктерін арт­­­тыр­­­­ған. Қазір 650 адам жұмыс іс­теп жүр. Жылына шамамен 4 мың бала оңалту процедураларынан өте­­­ді. 2007-2019 жылдар аралығында орта­­лықта 50 мыңға жуық бала ем қабыл­­­даған. Яғни, оңалту орталықтары ел­де­­гі мүгедек балаларды емдеу жолында ба­рын салып жатыр. Бірақ мыңдаған бала үшін мүмкіндігі әртүрлі 152 орта­лық тым аз екенін дәрігерлер де жасыр­май­ды.

 

Мүмкіндігі шектеулі адамдар саны өсіп келеді

Былтыр сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова алаңдатарлық дерек айтқан. Былтырғы қазанда өткен Үкімет сағатында министр Қазақстанда мүгедек статусын алған азаматтар саны соңғы бес жылда 7,5 пайызға көбейгенін мәлімдеген еді. Сол кезде М.Әбілқасымова Қазақстанда 147 мың бала мен жасөс­пі­рімнің білім алуда мүмкіндігі шек­теу­лі екендігін алға тартты. Бұл дерек біз сөз басында айтқан
87 мың мүм­кіндігі шектеулі балалардың санынан әлдеқайда артық. Демек, осы тұста статистикалық деректерде бір­қатар айырмашылықтарды да біл­ген жөн сияқты. Біз сөз еткен 80 мың­нан астам бала мүгедектікке апарып соғатын дерттердің кесірінен қабілет-қарымынан айырылғандар. Одан бөлек оқыс оқиғалардың салдарынан мүгедек болып қалғандар да кездеседі. Ал жалпы мұндай балалар мен жасөспірімдер үшін оңалтудан бөлек, инклюзивті білім беру мәсе­ле­сі де бар. Былтыр елдегі бала­бақ­шалардың 15, мектептердің 55 пайызында инклюзивті білім беруге мүмкіндік бар екені белгілі болған. Мемлекет инклюзивті білім беруді балабақшаларда 30, мектептерде 70, арнаулы орта және кәсіптік оқу орындарында 40 пайызға жеткізуді көздеген-ді. Сөйтіп мүмкіндігі шек­теу­лі балаларға қосымша жағдай жасау ісі жалғасып жатыр. Дегенмен балаларды оңалту ісінде мемлекет пен қоғамның тізе қоса қимылдағаны керек. Өйткені оңалтудың өзі үш сатыдан тұрады. Медициналық, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық деп бөлінетін үш аспект үйлескенде ғана мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарға қосылуына аз да болса жәрдем жасауға болады. Өкінішке қарай, біз мұндай балаларды емдеп үлгермей жатырмыз.

Медицина ғылымдарының докторы Раушан Рақымжанованың айтуына қарағанда, оңалту ісі ұзаққа созылатын үрдіс. «Әлемде 600 млн адам оңалтуды қажет ететін ауыр сырқатқа шалдыққан. Олардың үштен бірі – балалар. Оңалтудың үш түрі бар. Оның алғашқысы – медициналық оңалту. Медициналық оңалту баланың айырылып қалған функцияларын қалпына келтіру мақсатын көздейді. Сөйтіп кезең-кезеңімен емдеп, ағзаның мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіруге тырысамыз. Психотерапия әдістері молынан қолданылады. Өйткені бала өз сырқатына байыппен қарап, онымен күресте өзінің ішкі жігерін жұмылдыруы тиіс. Ал әлеуметтік оңалтуда балаларды тұрмысқа бейімдеу мәселесі тұр. Арнайы күн тәртібін белгілеу, отбасы мен айналасындағы адамдардың қамқорлығын ұйымдастыру тәрізді сансыз факторлар маңызды. Еңбектің де оңалтуға тигізетін үлесі зор. Ерек­ше жағдайдағы балалардың кәсі­би біліктілік алып шығуына қолға­быс жасау да өзекті. Қысқасы, оңалту ісі жеткіншектің айырылып қал­ған мүмкіндіктерін қайта қалпына кел­тіруге жәрдемдесу мақсатын көз­дей­ді» деді Р.Рақымжанова. Балаларды оңалту ісінде еліміздің алдында әлі де талай белестер тұр. Рас, жетістіктеріміз аз емес. Бірақ мүмкіндігі шектеулі балалардың саны азаймай тұрғаны алаңдатады. «Реабилитология және курортологияның басым бағыттары» атты халықаралық VII ғылыми-практикалық конференцияда біз осыны ұқтық.

 

Түйін

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты статистика көңілді құлазытады. Өйткені 87 мың дегеніңіз аз сан емес. Бұл ел тұрғындарының 0,4 пайызын құраса, елдегі барлық балалардың 1,5 пайызы. Еліміздегі барлық мүгедек балалардың 72,8 пайызының жүйке жүйесінде ақау немесе туа біткен кемтарлығы бар, психикасы бұзылған. 4,5 мың баланың есту қабілеті төмен немесе мүлдем естімейді. Көзі нашар көретін немесе мүлдем зағип болып қалған балалар саны да 4,5 мың. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын балалар 28 мың болса, олардың 1,4 мыңы арбаға таңылыпты.

Ресейлік ғалым, физикалық және оңалту медицинасының білікті маманы Г.Пономаренконың деректеріне қарағанда адамзат баласы ауыратын сырқаттардың түрі 10 мың шамасында екен. Олардың 4 мыңына массаж, тыныс алу және дене гимнастикасы, физиотерапия тәрізді физикалық факторларды қолдана отырып ем-дом жасап, адамды қатарға қосуға болады. Мұны физикалық медицина дейді. Ал мүгедектікке апарып соғатын дерттердің саны шамамен 100-200 аралығында. Міне, осы сырқаттардың кесірінен қабілет-қарымынан айырылған адамдарды емдеуді оңалту медицинасы жүзеге асырады. Әрі оңалту мерзімі де ұзақ уақытты қажет етеді. Оңалту ісіне физикалық та, оңалту медицинасы да, қоғам мен отбасы да, педагогтар да қатысады. Тек біздің елде осынау екі жүздей аурудың не себепті балаларымызда жиірек кездесе бастағаны түсініксіз болып тұр...