Руханият • 27 Қыркүйек, 2019

Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл!

838 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамшылық өлшемі осындай, өйткені «бәріміз де адамнан жаралғанбыз, ал адам топырақтан жаралған». Мұны дін де, дәстүр де айтады. Әр пендеге топырақ бұйырып жатса, ол – жаратылыс заңы. Адамның бүкіл ғұмырын екі ауыз сөзбен – «таңертең шықтым базарға, бір кебін алып қайттым мазарға» деп дәл суреттеген аталарымыз дүниеден озғандарға қатысты да жөн-жосықты дәстүр деңгейіне жеткізіп кеткені ақиқат.

Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл!

Сол мазарды, мазаратты, зиратты, қо­рым­ды қастерлеу, әруақты сыйлап, белгі (көк тас) орнату, әулиенің басына шы­рақ­шы қою сияқты сауабы мол істер­ді ж­үйесімен, қисынымен атқарған. Сон­­дық­тан да шығар, ел аумағында хал­қы­­мыздың өткенін ұмытпай, жадын жаң­­ғыр­туға, бірлігіне сызат түсірмей, топ­­тасуына тұғыр болып келе жатқан тари­­хи кесенелер мен кешендер аз емес. Олар­ды рухани дәстүрлеріміздің басты не­гізі деп бағалаған Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сында киелі, қасиетті орындарға қа­тыс­ты маңызды жобаларды іске қосу­ды ұсынған болатын. Ал Президент Қ.То­қаев Жаңғырту жөніндегі Ұлттық ко­­мис­сияның жұмысын жандандыру қа­жетт­ігін атап көрсетті. Бұл жайдан-жай емес. Өздеріңізге аян, мұндай қасиетті орын­дарға қай заманда да басқыншы-отар­шыл­дар, кісәпір пиғылды озбырлар қы­рын қарады. Әдейі бұзып, талқандады, қаса­қана бүлдіріп отырды. Пиғылы түсі­нікті – елдің сағын сындыру, рухын әлсі­ре­ту, парасатты ұрпақ сабақтастығын үзу.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін ғана өшкеніміз жанып, бүлінгеніміз бүтінделе бастады. Руханиятымыздың ұс­тындарын түгендеуді қолға алдық. Шын­туайтында, егемен ел ғана өз салт-дәстүрін, ғұрпын дамыта алады. Қайсыбір ағайын жеті ата, үш жұрт, түп-тұқиянын түгендеуде ғылымды місе тұтпай, жүйе­леуді артық санаса, көп нәрсе ертегі-аңыз деңгейінен аспауы мүмкін. Олқы тұс­тар ортақ тарихымызбен үйлеспесе де, ше­жіре­лер түзу үрдісінде біршама игі іс-шара­лар атқарылып келеді. Тағылымы да, жа­ңалығы да жетерлік, құндылығы да құп­тарлық, шапағаты да шүкірлік.

Ал біздің айтпағымыз – келелі іс­тің қазір қолға алмаса кеш болатын, елі­міз­де етек жая бастаған әттеген-айы. Со­лар­дың бірі – алыс-жақын жерлерде, са­йын далада, жол бойында қалқайған ес­керт­кіш белгілер, монументтер мен кесе­нелер ахуалы. Маңайының қараусыз қалуы, шөп-шалам, тікенек басуы немесе тозаңы шығып, құрылыс, тұрмыс қалдықтарына толып жатуы әлі де болса ескі сананың сарқыншағы мен кір-қолаңы тазармағандай әсер қалдырады.

Әрине әулие ірі тұлғалар басына бел­гі қою, оларды ретімен ұлықтау – ел­дік дәстүр. «Тірінің қадірін біл, Өлінің қабі­рін біл!» деп аталарымыз бекер айтпаған болар. Тіпті жекелеген имани-мәдениетті, тарихи кешендерді көргенде, көңіл мар­қайып, ұлт үшін мақтанасыз, көзіңіз сүй­сі­неді, кеудеңізді ризашылық сезімі кер­нейді. Ал басым көпшілігінде жағдай жоғар­ыда айтқандай, яғни абаттандыруға, көгал­дандыруға көңіл бөлінбейді, өліге иман тілеп, әулиелі жер­лерді тірілер зияра­тына лайық орынға айналдырмайды. Ондай сиықтың көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес.

Мәселен, кез келген белгі-ескерткішті, монументті, мұңтас-мұнақыпты орнат­пас­­тан бұрын уақыт, табиғат сынын ес­кер­­ген абзал шығар. Әсіресе жер-жерде, ел-ел­де, жұрт-жұртта, ауыл-ауылда, ата-ата­­да білекті сыбана кететін белсенділері осын­­дай істі қолға алғанда, оны әрі қарай ұзақ жылдар бойы күтіп ұстауды (эстети­ка­сын сақтауды, көгалдандыруды) ұмыт­па­ғаны жөн. Құрылысты салуын са­лып, ар­найы ас берілген соң, ондай орын­дард­ың көбі қайта жетімсіреп, егесіз жата­ды. Кімнің жауапкершілігінде (ба­лан­сында) екені айқындалмайды, шырақ­шысы тұрақсыз болады, ұстау мен күтім шығыны ескерілмейді.

Сонда бұл кім үшін, не үшін? Ұрпақ үшін, ел үшін болса, неге тиянақсыз тір­лік­ке жол береміз? Киелі орынға деген мә­­де­­ниетіміз осылай қалыптаса ма екен? Мұн­­дай бейәдеп, берекетсіздік бүгінгі за­ман­­ға, елдікке лайық па? Ата дәстүрде ер­­те­ңін ойлап қана іс тындырылмайтын ба еді?

Алайда ұятымызға қарай, аталған үрдіс тоқтаусыз жалғасып келеді. Жалпы, мұндай белгілер қою ісінде неге заң, ереже, норма талабы жоқ? Бар болса оны реттейтін тиісті орындар ай қарап отыр ма? Көпшілік жиналатын орындардың қауіпсіз әрі эстетикалық жағынан көрікті болуын кім бақылауы тиіс?..

Халық орынды айтып жүрген тағы бір сын – белгі қою кей өңірлерде ат жарыстан атан жарысқа ұласа бастағаны. Иә, бұл үрдіс қызды-қыздымен Адам Ата мен Хауа Анаға барып тірелуі ғажап емес. Қазір санамызда «Неге біржолата сол әуелгі пайғамбар ата мен бастау-тұма анамызға алып ескерткіш орнатып тынбаймыз?» деген ой да жаңғырып жүр. Шартты түрде алсақ, кеме қалған десетін киелі Қазығұрттың басына қойылатын Адам Ата мен Хауа Ана монументіне дүние жүзі құрлықтарынан адамзат ұрпақтары сабылып келіп жатса деп қиялдайсың... Оның үстіне Президентіміз Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тари­х­ымызға, мәдениетіміз бен таби­ға­ты­­мызға туристер назарын аудару тұр­­ғысынан атап өткен жөн» деп қалың қауым­ға ой салғаны да рас. Мұны ен­дігі жерде орындалуға тиіс тапсырма деп қабылдаған дұрыс. Мемлекет ба­с­шы­­сы­ның тағы бір тың ұсынысы – Жо­шы хан кесенесін туристер іздеп келе­тіндей ету мәселесі ғалымдардан бастап түрлі сала мамандарын жаңа ізденіс­терге жұмылдырып отыр деуге болады. Шыңғыстың өзінен бастап әулетінен шыққандардың қайсысының зираты осылай сақталғаны, оның басқа аумақта емес, нақ қазақ жерінде бүгінгі заманға жеткені туралы тарих тағылымы әлемді дүр еткізетін, дүние жүзін ойландыратын тақырыптың бірі емес пе?

Әне, солай әлемдік туризмге жол ашсақ, кім қой деп отыр? Әлде ондай дең­гейге жету үшін міндетті түрде Елбасы, Пр­езидент, Үкімет арнайы тап­сырма беру керек пе? Көрші мемлекет­тер көзін тауып отырған іске неге сел­соқпыз?

Жалпы елімізді танытатын рухани жаң­ғырудың осындай жобаларын отан­сүйер кәсіпкерлер мен іс адамдары неге іліп әкетпей жатыр?

Әлемдік эко-этнотуризм менедж­менті­нің, технологиялардың қарқынды, жыл­дам дамып жатқанын ескеріп, іс жасама­сақ, туризм көші мен керуендері елімізді айналып өтетін жағдайға тап болатынымыз бесенеден белгілі. Иә, өзгеге айту­ға жалықпайтын, өзімізге келген­де қолымыз тие бермейтін мәселе тура­лы қам жегенде, мәдениетімізді, сана­мыз­дың сапасын күрт көтеру керек­тігі күн тәртібіне шығады. Сондай адамзат­тық құндылықтарды меже етпесе, балалары­мыздың балаларының балалары да жай­барақат дағдымен, сарытап әдетпен, ескі сүрлеумен жүре беруі әбден мүмкін.

Ал әзірге еліміздің аумағында көркем­дік деңгейі әр қилы, үзіліп-жұлынған шежі­редей әр жерде бір қарайған ескерт­кіштер бізге «әуелі біліміңді тереңдет, ғылым мен өнеріңді дамыт!» деп ескертіп тұрғандай көрінеді. Шеттен келетін туристерді былай қойғанда, тәуелсіз елі­міздің ертеңгі ұрпағы үшін атқаратын істердің сапасына көңіл бөлудің де көкейкестілігі артып отыр.

Шындығын айтар болсақ, әуелі барша қазағымыздың ортақ мақтанышы саналатын «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген 100 нысан­нан өзге 32 діни-ғибадат орнын, тарихи тұлғаларға қатысты 20-дан ас­там ірі саяси, тарихи оқиғаларға байланысты 15 мекенді (мәртебесі барынан өзгесін де) сақтап қалып, қолдан келгенше абаттандырып, ұрпағымыздың қолына бүлдірмей, бүтін табыс ету – ең сауапты істеріміздің бірі деп білеміз. Өйткені халқымыздың басын қосатын, бірлігін арттырып, біріктіретін hәм бекемдей түсетін көне әрі маңызы бар мәде­ни мұрамыз татулығымыз бен тұ­рақ­тылығымызға, тұтастығымыз бен баян­дылығымызға қызмет ететін болады. Бұл – Елбасы айқындаған Мәңгі ел болу мұратының, Президент Қ.Тоқаев айт­қан ұрпақтар сабақтастығының айқын дәлелі. Бұл – ата-баба аманатына, қадір-қасиетіне адалдық.

Ел рухын көтеретін ғылыми, мәдени-тарихи, қолданбалы жобаларды нау­қан­шылықтан сақтап қалу, оларды ұзақ мерзімге шақталған үздіксіз үдеріс­ке айналдыру мемлекетіміздің де, халқы­мыз­дың да кемелдік жолын ашатыны анық. Сонда Ұлы даламыздың қыры мен сырын танып меңгеруді – әрбір прагматик азамат өзінің перзенттік парызы санары сөзсіз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты