«The Sutton Trust» ұйымының мәлімдеуінше, ең жоғары деңгей – Лондонда. Ұлыбритания астанасындағы орта мектеп оқушыларының 41 пайызы мектептен тыс уақытта тағы да сабақ оқиды. Осыған орай, қайырымдылық ұйымы қалталы әрі жомарт жандарды тұрмысы төмен отбасының балаларына қосымша сабақ алуы үшін қолдау көрсетуге шақырған. Қайырымдылық қордың (жоғарыдағы ұйым) негізін қалаушы Питер Лэмпл (Peter Lampl): «Бір сеансы кем дегенде 25 фунт стерлинг тұрады, көптеген ата-аналар мұндай соманы төлей алмайды», депті. 25 фунт дегеніңіз қазіргі курспен 11 925 теңге болады. Біз англиялық жекеменшік оқыту орталықтарының сайттарына кіріп, бағаларын бағамдап көрдік. Кейбір қосымша оқыту орталықтары бір баланы дайындауы үшін сағатына 15 пен 41 фунттың (7155-19557 теңге) арасында ақша алады екен.
Жоғарыда аталған ұйым үздік оқушылардың қатарына қосылуға ықпал еткенімен, аздаған қолдауды қажет ететін әлеуметтік жағдайы нашар отбасының балаларына алаңдаушылық білдірген. Сондай-ақ кей орталықтардың жұмысын көлеңкелі бизнеске жатқызыпты. Жағдайы жақсы отбасылардың 34 пайызы, ал жағдайы төмендеулерінің 20 пайызға жетпейтіндері қосымша оқытатын мұғалімдерді жалдайтын көрінеді. Ұйымның зерттеу қорытындысына сәйкес, орта мектеп мұғалімдерінің төрттен бір бөлігі соңғы екі жылда жеке репетитор болып жұмыс істеген, олардың көпшілігі ата-аналардың сұрауымен сабақтан кейін сабақ береді.
Шындығында, бұл – бізде де белең алып бара жатқан үрдіс. Нарықтық заманда мұндай мүмкіндіктің мұғалімдер үшін қосымша табыс көзі болып тұрғаны рас. Алайда осы жайт мәселенің екінші жағын алға шығарады. Әлеуметтік жағынан оқушылардың арасында психологиялық өзгерістердің туындауына да себеп болып отыр. Яғни ата-аналары мен мектеп мұғалімінің назарындағы, қолдауындағы оқушылар өздерін тұрмысы төмен отбасындағы балалардан жоғары ұстайды. Ал елімізде кең тараған үй тапсырмасына адам жалдау жұмысбасты ата-аналарды одан сайын балаларынан алыстатуға алып келетін көрінеді.