Қоғам • 01 Қазан, 2019

Волонтерлік қызмет шетелде қалай шешімін тапқан?

3548 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланды. Сондай-ақ ерікті ретінде қызмет көрсететін студенттердің стипендиясы 30 пайызға өсетіні айтылды. Еріктілер тақырыбы биыл мемлекет және қоғам тарапынан жиі көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, Қазақстан волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ал осы еріктілер қозғалысының әлемдік тәжірибесі қандай?

Волонтерлік қызмет шетелде қалай шешімін тапқан?

Әлем бойынша еріктілер саны 970 миллионға жетіп жығылады. Джон Хопкинс университетінің зерттеуі бойынша олардың осы қызметке арнаған уақыты 125 млн адамның толық жұмыс күніне сай келеді екен. Төрт адамның біреуі ғана уақыты мен біліктілігін арнайы ұйымдар арқылы осы іске арнаса, қалған үшеуі айналасындағы адамдарға тікелей көмектеседі. Экономикалық әсеріне келсек, еріктілер қызметі 1348 триллион АҚШ долларымен есептеледі, бұл ғаламдық экономиканың 2,4 пайызын құрайды.

Еріктілер барлық қоғамда бар, тек көп мемлекет бұл қозғалысқа жүйелі түрде есеп жүргізбейді. Зерт­теулерге сүйенсек, халықара­лық еріктілердің ең көбі АҚШ-та. Кө­мекке дайын азамат­тар­дың 84 пайы­зын ғаламдық проб­ле­ма­лар­дың ішінде кедейлік мәселесі алаңда­тады екен. Мысалы, Үндіс­тан еріктілерді ең көп қабыл­дай­тын ел болса, қоғамдағы мәсе­ле­­лерді жақсартуда өз күшіне сене­тін аза­маттар құрлықтар арасында Афри­­каға қарай ағылады.

Сонымен жеке басының пайдасын ойламай, өзін қоршаған ортаның не қоғамның дамуына үлес қосқысы келетіндер не себептен ерікті болады? Әр қоғамда бұл құбы­лысқа түрлі нәрсе түрткі болуы мүмкін. Мәселен, АҚШ-та мектеп жасынан бастап бала­ларға «жақсылық жасау» идея­сы кең таратылады. Жал­пы, волонтерлікпен айналысу – АҚШ азаматының басты қасиет­терінің бірі деген түсінік қалып­тасқан. Не­месе көптеген дамы­ған елдер­де жеке адамның күші ғалам­дық мәселелерді шешуге жетпе­ге­німен, өзін қоршаған орта­ны жақсарту әркімнің қолынан келетініне кәміл сенеді. Ал жұ­мыс­қа орналасқысы келген тә­жіри­­бесі жоқ жоғары оқу орны­ның түлектері үшін түйін­деме­сін­де волонтерлік қызметтің болуы – үлкен жетістік. Сол себепті де шетел­де университет немесе колледж студенттері ерікті болуға қуа­на келіседі.

 

Бір жылдық үзіліс

Әлемнің дамыған елдерінде жастар арасында жиі кездесетін «бір жылдық үзіліс» үрдісі бар. Өт­кен ғасырдың 70-жылдары Ұлы­­бри­танияда бастау алған дәс­түр бойынша мектеп түлектері жоға­ры білім алмас бұрын бір жыл уақытын тәжірибе жинауға, үй­ре­нуге, өмірден өзін іздеуге ар­най­ды. Бұл уақытта өз елінде немесе шетелде ерікті болуға, бі­лік­ті­­лік­ті қажет етпейтін кез кел­ген жұ­­мыс­қа орналасуына болады.

The American Gap Association ұйымының зерттеуіне сүйенсек, мектептен кейін үзіліс алған­дар­дың 85 пайызы аталған тәжірибені өзгелерге ұсынған, ал 88 пайызы өздері діттеген жоғары оқу орнына түскен. Тіпті кейбір универси­тет­тер мен колледждер оқуға қа­былданған студенттеріне бір жыл­ға үзіліс алу туралы кеңес береді. Мысалы, атақты Гарвард уни­вер­си­теті жаңа түскен студенттерге бір жыл бойы саяхаттауға, арнайы жобаларға атсалысуға, жұмыс істеуге немесе басқа да мағыналы іспен шұғылдануға мүм­кіндік жа­сайды. Бұл үрдісті жақ­тау­шы­лардың айтуынша, бір жыл ішінде жастар тәуелсіз болу­ды үйре­не­ді, өмірден не қалай­тын­дарын түсі­неді, болашақ маман­ды­ғын анық­тап, ерте есейеді.

Алайда соңғы уақытта бұл дәс­­түрді қалталы отбасылардан шық­­қан жастардың ермекке ай­нал­­­­дырғаны турасында пікірлер көп айтылып жүр. Әлемде кедей ел­дерде ерікті болуды ұсынатын ақы­лы бағдарламалар жетер­лік. Сарап­шылардың айтуынша, бұл жобалардың қоғам­ға пайдасы­нан зияны көп. Тіпті дамыған елдер азамат­та­рының арасында кеде­йлік туризм бағыты белең алып келеді екен. Осы­лайша қалталы азаматтар Африка, Азия, Латын Аме­ри­ка­сындағы кедей өңірлерге қысқа уақытқа «игі» мақсатта барып, өзде­ріне таңсық шынайы өмірдің дәмін сезгілері келеді. Кез келген мәсе­ле­нің екі ұшы болатыны секілді ерікті болуды заманауи тренд деп қана қабылдайтындарға қара­мас­тан, әрекеттері арқылы әлемді жақ­сы­лық­қа өзгертуге ниеттенген жан­дар жетерлік.

 

Тасбақаларды құтқару миссиясы

Бүгінде әлем елдерінің арасында шекараның жойылуы волонтерліктің жаңа деңгейге шығуына алып келді. «Көршіңе көмектесу» ұғымы географиялық жағынан түрленгені соншалық, еріктілер әлемнің әр түкпірінде көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуға тырысып жүр. Бұл халықаралық волонтерлікті дамытып қана қоймай, туризммен сабақтасып, «волонтуризм» ұғы­мын енгізді. Жаңа тренд бойынша дамыған елдер тұрғындары қыс­қа уақыт ішінде онкүндік сафа­риге саяхатты жергілікті жетім­­дер үйіне көмектесумен немесе 20 күнде жағалаудағы тас­ба­­қа­ларды құтқару миссиясын тауға шығумен ұштастыра алады. Зерттеушілер мұндай «қайы­рымды саяхат» түрінің жергілікті тұрғындар өміріне пайдасынан гөрі зияны көбірек екенін айтады. Алайда сұраныс ұсыныс тудыратыны секілді осындай саяхатқа аттанғысы келетін және сол үшін қомақты қаражат төлеуге дайын адамдар барда волонтуризм дами бермек.

Кейбір саяхатшылар жо­ға­ры­­дағыдай аз уа­қыт­қа шетелге қыдырып, еріктілікті қатар атқар­ғы­сы келсе, басқалары дамушы елдер­ге ұзақ мерзімге баруға дайын. Былтыр Қазақстанға Nur Otan партиясының ұйым­дас­ты­руымен «English for Jastar» жобасы бойынша бір топ шетелдік ерікті келді. Олар екі ай бойы Қазақстанның шалғай ауылдарында мектеп оқу­шы­ларына ағылшын тілін үй­рет­ті. Нью-Йорк қаласынан келген Мириам Гринфилд Қара­ған­ды облысының Нұра ауданында өткізген уақыттан кейін биыл жазда Қазақстанға қайта оралды. Қазір ол бос уақытында еліміздің өңірлерін аралап, елордада ағылшын тілінен сабақ беріп жүр.

«Мен үшін волонтер болу біреуге еш себепсіз және қай­та­рым­сыз көмектесуді білдіреді. Қазақстанға келудегі мақсатым – өзіме жаңа әлемді ашу болды. Мұнда барлығы ұнағаны соншалықты, екі айға келіп, бір жылға қалып қойдым. Адамдарға көмегім тисе қуанамын, саяхат­та­ған­ды жақсы көремін. Қазақстанда сая­хат пен өзгелерге көмектесуді қатар алып жүре аламын. Осы уақытта үйренгенім көп, әлі де үйреніп келемін», дейді Мириам.

Мириам секілді әлемнің түк­пір-түкпірінде саяхат пен во­лон­­­терлікті қатар ұстап жүр­ген жан­дар қаншама. Жалпы, аме­рикалықтардың 40 пайызы бір­не­ше апталық саяхатта ерікті болуға қарсы емес болса, ал 13 пайызы ерікті ретінде бір жылға жуық уақытын өткізуге да­йын екендіктерін айтқан.

 

Волонтерлік жас талғамайды

Елімізде еріктілер туралы сөз қозғалса, бірден ойға келетіні – жастар, оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері. Алайда бұл қалыптасқан қағи­да­ның қайдан шыққаны белгі­сіз. Шетелдік тәжірибеде ерік­ті­лер жас ерекшелігіне қарай жік­тел­мейді. Қоғамға өзгеріс алып келемін деген кез келген адам бос уақытын волон­терлікке арнаса болады. Мыса­лы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 пайызды, 25-44 жас­тағылар 26,7 пайызды құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жоғары еріктілер саны 51 пайызға дейін жеткен.

Англияда өткен қа­йы­­­рым­дылық ша­ра­­­лар­дың бірінде балалар үйі­нің тү­лек­те­ріне егде жас­тағы еріктілер қам­қорлық танытатын болған. Олар жаңа өмірге аяқ басқан жастардың тәуелсіз болуына көмектесіп, кеңестерімен, өмірлік тәжіри­бе­лерімен бөліс­кен. Кез келген мәселе бойынша бағыт-бағдар беріп отырған қатысушылар бір-біріне бауыр басып туған ата-әжесіндей бо­лып кеткен. Біз­дің елімізде де осын­дай үлгіде­гі­ қа­йы­рымдық шаралар қолға алы­­нып келеді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттар үйлері тұрғындарының басын қосқан ортақ шаралар өтіп тұрады. Ұйымдастырушылар отбасы жылуынан тыс қалған екі буын өкілдерінің арасында байланыс орнатып, үлкендер жастармен ақыл-кеңесімен бөліссе, балалар егде жастағыларға қуа­ныш сыйласақ деген мақсатты көз­дейді.

Шетелде әдетте жастар оқуға түсіп, жұ­мыс­қа орналасқаннан кейін ата-анасының үйі­нен кетіп, өз еркімен өмір сүре бастайды. Ал жалғыз қалған ата-аналары әдетте бос уақытын сая­хаттауға, ерікті болуға арнайды. Біздің елімізде ата-әже зейнетке шықса, қол қусырып отыра алмайды, немере бағады деген уәж айтылады. Бір қоғамда қалыптасқан қағидалар келесі бірінде тура солай орындалуы мүмкін емес екендігін осыдан байқауға болады. Сонда да, біздің қоғамда волонтерлік – ол жастардың ісі деген түсінік қатып қалған. Әзірге еліміздегі барлық жастағы еріктілерді жұмылдыратын шаралар экологиялық акциялар мен сенбілікпен шектеліп отыр. Дегенмен, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюктың айтуынша, волон­тер­лікпен жастар ғана айналысады деген қате түсінік, еліміздің аймақтарында үлкен жастағы еріктілер жетерлік. Әрине егде жастағы зейнеткер еріктілер көп болмағанымен, 30 жас­тан асқан қайырымды жандар көп екен.

Жалпы, еріктілік жаңа ұғым ретінде қалыптасқанымен, бұл нәрсе қазақ қоғамында ертеден болған. Әлсізге қолұшын созу, жасы үлкен адамға көмектесу, жетім-жесірге қамқор болу – дұрыс қағидаларды ұста­на­тын кез келген қоғамның ажырамас бөлігі. Тек осы нәрсені жүйеге салып, заңдық тұрғыда реттеп, мақ­саттары мен міндеттерін айшық­тап, жаңа бір деңгейге көтерді.

«Еліміздегі еріктілер қозға­лы­сын дамыту бір күннің мәселесі емес екенін түсінуіміз қажет. Біз адамдардың волонтерлік туралы түсіні­­гін өзгертуге тырысамыз. Жалпы қайы­рым­дылық бізге жат ұғым емес. Біз оны бұрын асар деп білдік. Қазір заманауи атаулары пайда болғанымен, мағынасы өзгерген жоқ», дейді Татьяна.

Өзге елдерде дамыған қозға­лыс ретінде қалыптасып үлгер­се, елімізде волонтерлікті дамы­ту­дың келесі кезеңін қолға алдық. «Ұлттық волонтерлік желі» ұйы­мы басшысының сөзіне сүйен­сек, Волонтер жылы кенеттен пайда болған жоқ. Бұл – елімізде аталған қозғалысты қалыптастыруда және дамытуда аянбай қызмет етіп жүрген көптеген ұйымдардың 20 жылдық еңбе­гінің жемісі. Алғашқы қадам ретінде мемлекет тарапынан студенттерді тұрақты түрде ерікті болуға талпындыруға қосымша ақы төленетін болады. Алайда бұл нәрсе жаппай стипендияға қосымға ақша табу науқанына ұласып кетпей ме екен? Университеттегі белсенді жұмыс секілді ерікті болу оқу процесіне кедергі болмай ма? Сұрақтар көп. Бастысы қайырымдылық жасағанын жар салып айтпайтын халықтың жас ұрпағы игі іс атқарған есебімен әлеуметтік желіні жаулап алмаса игі.