Мектеп қабырғасында да олардың бойына сіңірген білім мен асыл қасиеттері жан дүниесінен, адамдармен қарым-қатынасынан, өзін өзі ұстай білуінен көрініп тұрады. Кейін оқуға түсу үшін қалаға келгенде де, тосылып қалмайды. Олар үлкен қаланың мәдени, ғылыми жетістіктерін меңгеруге үлкен құлшыныспен кірісіп, жаңа ортаға тез бейімделіп кетеді.
Қазақтың тамыры ауыл еді. Ал қазір ауылдарда жастар қалмай барады. Ауылдарда көбіне зейнет жасындағылар тұрып жатыр. Бұрын олардың ауласында малы, шаңырағында үбірлі-шүбірлі бала-шағасы, немере, шөберелері болатын. Адамға ең қажеті жұмыс қой. Жұмыс болмаған соң еңбекке жарамды жастар нәпақа іздеп үлкен қалаларға кетті. Ішкі көші-қон, жұмыссыздық бір кездері берекесі тасыған ауылдардың қаңырап қалуына әкелді.
Нақты бір мамандығы жоқ ауылдан келген жастар базарларда арба сүйреп жүр. Кейбірі «екі қолға бір күрек табылар» деп құрылыста еңбек етуде. Амал жоқ, арзан жұмысқа жалданады. Табыстары тамағынан артылмайды. Үй-күйі жоқ, қаланың шетіндегі арзан пәтерлерді, жер кепелерді не саяжайларды жалға алып тұрады.
Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан оларға жағдай жасауды кешенді түрде ойластырған жөн. Өткен жылы Елбасымыз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл жастар саясаты туралы жаңа көзқарас қалыптасуына жол ашып, қордаланып қалған мәселелерді шешуге ықпал етіп, қоғамға күрделі өзгерістер алып келеді деп үміттеніп отырмыз. Жастардың ел қатарлы өмір сүруі үшін жағдай жасалып, жас отбасыларға қолжетімді пәтерлер берілсе, олар әркімнің үйінде кіріптар болып жүрмесе екен деп ойлаймыз. Отбасын асырауына жететін қаржы табатындай жұмысы болуы қажет.
Біз сонау Кеңес дәуірінде еңбекке араластық. Мен сол заманды аңсап отырғаным жоқ. Алайда ол кезде жұмысқа орналасқан жастарға міндетті түрде жатақханадан орын берілетін. Отбасы болса, сол жатақхананың бір бөлмесін иеленеді. Үйдің кезегіне тұрады. Бірнеше жылдан кейін, көп жағдайда құрылысшылар бес жылдан соң өздері салған үйден пәтер алатын еді.
Пәтермен қамту мәселесі қаланың ғана міндеті болмауы тиіс. «Үкімет не қала әкімдігі неге үй салып бермейді?!» деп қарап отыра бермеу керек. Әрбір мекеме мен ұжымға зәулім үй салып алу қиын шығар. Дегенмен, жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін тұратын жерді де ойластырғаны жөн. Сондықтан нарық заманында барлық мемлекеттік, бюджеттік және коммерциялық мекемелер, зауыттар мен кәсіпорындар өздерінің жұмысшыларын орналастыратын жатақханасы болуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, жастар қазір бірнеше пәтері бар қалтасы қалың адамдардың үйлерін жалға алып, бар тапқан ақшаларын соларға беріп жүр.
Мүмкіндігіне қарай кез келген мекеме, кәсіпорын, сауда орталықтары өздерінің жұмысшылары мен қызметкерлеріне шағын жатақхана салып алатын болса, тұрғын үймен қамту мәселесі анағұрлым тиімді шешімін табар еді. Осындай тәсіл көп елдерде бар. Мұндай жобаға қала әкімдігі де қолдау білдіреді деп ойлаймын. Қала басшылығы жер учаскесін тегін беріп, кәріз құбырларын тартып берсе, ортақ істің нәтижесі мол болмақ.
Мысалы, Еуропа елдерін алайық. Норвегияда, Данияда құрылысшыларды және жетекші мамандарды жұмысқа орналасқан күнінен бастап жалдамалы пәтермен қамтамасыз етеді. Пәтерге төлейтін ақысын мекеме өтейді. Егер құрылысшы, бригадир, шебер өз жұмыстарын сапалы атқарып, үш жыл сенімді түрде еңбек етсе, оларға жалға алып отырған пәтерлерін тегін береді. Норвегияда солай. Ал Данияда жалға берілетін пәтердің 60-70 пайызын мекеме төлейді, ал қалғанын құрылысшы өтейді. Осындай қолжетімді тәсілдерді біздің елде де қолдануға болмай ма? Әбден болады!
Жалпы, құрылыс саласында заңға сәйкес келтіретін жайттар өте көп. Құрылысты пайдаланып, көбірек қаржы табу жолын жасап алғандар да бар. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіріп, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтін, ашық құрылыс алаңы болуы тиіс. Міне, сонда қоғам да дұрыс дамиды, жастарымыз да ел қатарлы өмір сүріп, еңбегіне қарай толыққанды жалақы алатын болады. Бұл істе түбегейлі реформа қажет.
Қазақтың дарынды ақыны Мағжан Жұмабайұлы: «Мен жастарға сенемін!» деді. Сол айтқандай, мен де отбасында ата-ана тәрбиесін көрген қазақ жастары тәуелсіз еліміздің тірегі болады деп сенемін. Үкімет жастардың ізгі армандарының орындалуына мүмкіндік беріп, алға басуына жол ашып, ғылымда, еңбекте олардың біліктілігі мен қабілетін бағалай білуі қажет. Ақылды, білімді, іскер, алғыр жастардың ертеңгі күні ел сенімін ақтайтынына ешқандай күмәніміз жоқ!
Мақсот МҰХАТОВ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы, еңбек ардагері
Нұр-Сұлтан