Әдебиет • 01 Қазан, 2019

Көркем аударма жайы алаңдатады

689 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыда бүгінгі әдеби үрдістер мен көркем аударма мәселесін талқылаған ПЕН клуб жазушыларының екінші халықаралық форумы аяқталды. Қазақ ПЕН клубы ұйымдастырған әдебиет үшін маңызы зор әлемдік шараға 18 мемлекеттен 81 делегат келді.

Көркем аударма жайы алаңдатады

Форумда бас қосқан АҚШ, Германия, Түркия, Ресей, Ан­глия, Моңғолия, Марокко, Лит­ва, Өзбекстан, Әзербайжан, Қыр­ғызстан және тағы басқа елдердің қаламгерлері, аудармашылары, сыншылары мен публицистері «Әлемді ашу – әлемге ашылу. Көркем әдеби аудармалар мен жазушылар байланысының проб­лемалары» атты тақырыпта әдеби көркем аудармадағы ортақ мәселелердің шешімін бірлесе іздеді. Осылайша Алматы тағы да әдебиет туралы маңызды әң­гіменің орталық-өзегіне айналды.

Алғашқы баяндаманы жа­саған Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, форумды ұйымдастыру комитетінің төр­ағасы Бигелді Ғабдуллин ха­лық­­аралық жиынның мақса­тына тоқтала келе, бүгінгі қа­­­зақ әдебиеті бастан кешіп отыр­ған дағдарыс пен тоқырау сал­дарының сан жылдарға созылып бара жатуының негізгі себептерін саралады. Оның басты себебі – аударма ісінің ақ­сауы. Талантты қолдан шыққан тәр­жіманың келмеске кетуі талай классик жазушыны тасада қалдырды.

«Қолына қалам ұстаған кез келген жазушы күндердің кү­нінде аударма мәселесімен бепе-бет кездеседі. «Жазушылар ұлт­тық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды» деген сөз бекер айтылмаған. Ұзақ уақыт бойы қазақ әдебие­тінің бірегейлік қасиеті көпұлт­тылық идеясын ұстанған сая­сат­­­тың көлеңкесінде қалып кел­ді. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тіліне аудару ісі өте баяу жүрді. Тәржіма мәселесі туралы айтылып, қолға алына бастаған кезі кешелі-бүгін ғана. Нью-Йоркте ағылшын ті­лінде қазақ әдебиетінің клас­­сигі Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабы жарық көр­ді. Сондай-ақ қазақ ПЕН клу­­бы тағы да он кітаптың, оның ішін­де, М.Мақатаевтың өлең­дер топтамасы, М.Әуезов­тің, Б.Соқпақбаевтың, О.Сүлей­ме­новтің, С.Елубайдың, Ә.Ке­кіл­баевтың, Г.Бельгердің, О.Бө­кей­дің таңдамалы шығар­мала­рының аудармасын ұйым­дас­тырды», дейді ПЕН клуб президенті. Оның ай­туынша, Қазақ ПЕН клубы ұлттық әдебиет классиктерінің шығармаларын ағылшын тіліне аударуды кез­дейсоқ қол­ға алмаған. Кеңес Одағы ыды­раған соң бүкіл әлемде посткеңестік елдер қа­лам­герлерінің шығармаларына қызығушылық күрт кеміген. Соңғы 25 жылда екі-үш қазақ қаламгерінен өзгесі әлемдік деңгейге шыға алмаған.

Б.Ғабдуллин танымы ұлт­тық құндылықтан нәр алған, ой жүйесі қатпар-қатпар, пәл­сапалық орамға негізделген, тілі құнарлы келетін қазақ қаламгерінің шығармасын шет тілге аудару оңай-оспақ шаруа емес екенін орынды еске салды. Ортаңқол түгілі, «мен» деген кәсіби шебердің өзіне құрық салдыра қоймайтын образға, ойға, стильге құрылған қазақ жазу­шыларының шығармалары нақты әрі дәйекпен жазылатын еуропалық, батыстық әдебиетке қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ тілін аудармаға икемдеу үшін тәжірибемен шыңдалған дайындық керек.

Сондай-ақ Қазақ ПЕН клу­бының жетекшісі, кітаптардың қағаз нұсқасын ғана шығарып қоймай, электронды нұсқамен «Амазон» желісі арқылы сатыла бастағанын да айтты. Кітапты басып шығару бір мәселе, түпкі мақсат – кітапты шетелдік оқыр­манның қолына тигізу. ПЕН клуб президенті бұл мәселені бес ба­ғытта шешуге талпынатынын жеткізді.

Қазақ қаламгерлерінің шы­ғар­маларын әлемнің жетекші тілдеріне аудару мәселесінің мем­­лекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асуы әрқашан тиімді нә­тиже көрсете бермейтіні де баян­дамашы назарынан тыс қал­ған жоқ. Шығармаларды ауда­ру құқығы тендерді ұтып алған ұй­ымдарға тапсырылғанда, аудар­машылардың, редактор­лардың кәсіби қабілеті ескеріле бермейді. «Сондықтан бірде-бір адам ең басты сұраққа, «бұл кітаптардың аударылу са­пасы қандай деңгейде, ол әлемдік оқырманды тарта ала ма?» деген маңызды сұ­рақ­қа бас қатыр­майды», дейді Б.Ғабдуллин. Осыған бай­­ланысты ол мынандай мысал келтірді. Өткен жылдары Испанияның белгілі әрі бе­делді аудармашыларының бірі біздің елімізге сапарлап келеді. Шығармасы сол елдің тіліне ауда­рылған Смағұл Елубай: «ме­нің кітабым испан тіліне қа­лай ауда­рылыпты? Оқып, ойы­ңызды айтыңызшы» деп кітабын әлгі жазушыға ұсынады. Кітаппен танысып шыққан жазушы: «кешіріңіз, бұл испан тілі емес. Мұны испан тілін білмейтін адам аударған», дейді. «Міне, мемлекеттің ақшасы осылай құмға кетіп жатыр», деді ПЕН клуб президенті. Қандай кітап қай тілге ауда­рылады – бұл да ма­ңызды сауалдардың бірі.

Смағұл Елубайдың айтуынша, аударма – қазақ әдебиетінің бетке ұстар жазушыларын не мақтайтын, не таптайтын деңгейде ше- т­ел­дік оқырманға жет­кізетін өнер. Мақт­алып жатқанын оқыр­ман құ­лағы көп естімейді, ал тапталғаны тура­лы мысалдар бар. Өз шы­ғармасының басынан өткен сорақылық «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы қолға алынбай тұрған кезде, аударма ісі мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеген тұста болған жағдай екенін атап өтті. «Ұлт­тық аударма бюросы» қызметі де аударма ісінде осын­дай олқылық орын алмау үшін қолға алынды деп ойлаймын. Аударылатын кітап өз еліндегі оқырмандардың бағасын алған, уақыт сынынан өткен кітап болу керек. Өз елінде мойындалмаған шығарманы шетел қалай мойындамақ? Осындай қатаң сұрыптаудан өткеннен кейін ғана «аударатын адам кім?» деген сұрақ туындауы керек. Шетелде бұл мәселемен әдеби агенттіктер айналысады, еңбегі үшін ақы алатын болғандықтан, шығарма аударылғаннан бас­тап жарыққа шыққанға дейінгі жауапкершілікті толықтай мойнына алады. Ал Қазақстанда әдеби агенттің кім екенін, агенттіктің не екенін білмейтін жазушылар да бар», дейді қаламгер.

Әлемдік кеңістікте өтетін талай әдеби басқосуларға қатысып жүретін ақын Олжас Сүлейменов дүниежүзілік әдебиеттің ахуалын, бүгінгі деңгейі мен тынысын бір қаламгердей сезінетінін байқатты. «Аудармаға бөлінген мемлекет қаржысы орынды жұмсалуы керек. Бірақ тендер ойнатып, төмен ақыға келіскендерге әдебиеттің тағ­дырын, аударма ісін сеніп тап­сыру ақылға сыймайды. Әдебиеттің мәселесін осындай жолмен шешуге бола ма? Аудармашы әлсіз болған соң еңбегін төмен бағалап тұрғанын түсінбегеніміз өкінішті», деді Олжас Омарұлы ренішін жасыра алмай. Аударманың сапасына ақын мен жазушының, тұтас шығарманың тағдыры байлаулы екенін мына бір мысалмен дәлелдей түсті. Ол Ре­сейдің теңдесі жоқ прозаигы, Кеңес Одағының 1960-1980 жылдар аралығындағы ке­зеңінде жарқырай көрінген Юрий Каза­ковты еске алды. Ю.Казаков кеңестік республикаларды өзі аралап, аударылуы қажет автор мен шығарманы өзі тауып алатын көрінеді. Себебі кереқарыс кітапқа төленетін қаламақының да жоғары болатыны белгілі. О.Сүлейменовтің айтуынша, Ю.Казаковтың аудар­масы – нағыз сапа кепілі. Ол аударған Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері» Мемлекеттік сыйлық алды. Қазақ классигінің шығармасымен француз тілінде танысқан Францияның атақты жазушысы «Қан мен тер» туралы тамсанып тұрып пікір айтыпты. «Екінші Казаков енді қайтып тумайды», деді Олжас ақын. Ол сондай-ақ «кімдер аударылуы керек?» деген әңгімені де қозғады. Қазақ әдебиетін жаңа, биік белесіне көтеріп, өткен ғасырдың отызыншы жылдары атылып кеткен Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытовтардың шығармаларын шет тіліне аудару ісі ұмыт қалмауы тиіс. Ақынның айтуынша, «атылып кеткен» деген сөздің өзінде оқырман тартатын күш бар.

Б.Ғабдуллиннің пікірінше, әде­би форум осындай қолай­сыздықтардан арылуға кө­мек­теседі, әдебиет туралы әң­гіме жалаң пікірталастарға құ­­рылмай, нақты тәжірибеге бейімделе бастайды. Нақтырақ айтқанда, әдеби алаңға жиыл­ған қаламгерлер бір-бірінің шы­ғармашылығына кәсіби қы­зығушылық танытып, басқа елдердің заманауи әдебиетімен жақынырақ танысып, осы басқосу үстінде өздеріне аудармашылар таба алады. Форумның екінші күнінде шетелдік қонақтар қазақ қаламгерлерімен танысу үшін әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалым­дарымен, оқырмандармен, студенттермен кездесу өткізді.

Мұндай ауқымды шара Алма­ты қаласы әкімдігінің қол­дауынсыз өтуі мүмкін емес еді. Форум тікелей Елбасының мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды. Бағдарламада «Егер біз ұлт болып қалғымыз келсе... «Жаһандық кеңістіктегі заманауи қазақстандық мәдениет» деген тағы бір жобаны жүзеге асыруға тиіспіз» делінген. Халықаралық жоба да дәл осы мақсатты көздеді.

 

АЛМАТЫ