Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов Әлем чемпионы Бекзат Нұрдаулетовті қарсы алды.
21 жастағы бокстан әуесқойлар арасындағы Әлем чемпионатында алтын медальға ие болды. Спорт жанкүйерлері мен мамандар 81 келіде шаршы алаңға түскен жаңаөзендік былғары қолғап шеберінің жеңісін чемпионаттың жаңалығы деп бағалауда.
Чемпионат аясындағы алты кездесуінің барлығын жеңіспен аяқтаған Бекзаттың Олимпиада чемпионы Хулио Ла Крузды жеңуі, ақтық кезеңде өзбекстандық жалынды жас боксшы Дилшодбек Рузметовтен асып түсуі шындығында үлкен жеңіс болатын.
Маңғыстау Полиция департаментінде жиналған жеке құрам алдында чемпион өзінің бапкерінің арқасында жеңіске жеткендігін айтып, алдағы жоспарымен бөлісті. Ол бокстан Олимпиада лицензиясын саралайтын турнир, содан кейін Олимпиадаға дайындалатын болады.
Полиция басшысы Бекзатты жеңісімен құттықтап, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Полиция басшысы үлгілі, ел мерейін көтерген ұл тәрбиелеген спортшының ата-анасына, баптаған жаттықтырушыларына алғысын білдіріп, Бекзатқа шапан жапты.
Маңғыстау облысы