Аймақтар • 02 Қазан, 2019

Маңғыстауда «Тіл – ұлт қазынасы» атты фестиваль мәресіне жетті

514 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы 5-30 қыркүйек аралығында Маңғыстау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында облыс аумағында Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған «Тіл – ұлт қазынасы» атты облыстық фестиваль өткізілген болатын.

Маңғыстауда «Тіл – ұлт қазынасы» атты фестиваль мәресіне жетті

Тұрғындарды, барлық қоғамдық ұйымдарды, түрлі әлеуметтік топтарды мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге атсалысуға шақыру, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, отандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге жұмылдыру, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағының кепілі ретінде, қазақстандық жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіндегі мемлекеттік тілдің ролін насихаттау, сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ана тілдерді дамыту, дарынды жастарды анықтау, оларды мемлекеттік тіл саясатын жүргізу жұмыстарына тарту, дамуына жағдай жасау мақсатындағы фестиваль аясында бірқатар шаралар өтті. 

«Тілге құрмет – елге құрмет» мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының форумы, «Тіл мәртебесі - ел мәртебесі» атты пікірсайыс, «Өзге тілдің бәрін біл – өз тіліңді құрметте» тақырыбында флэшмоб, жаңа қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың негізі» акциясы, Тіл туралы алғашқы заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай «Тіл – мәдениет, тіл-әдебиет, тіл-тарих» әдеби кеш, «Ұлт қазынасы - бірлік» этнобірлестіктер арасында конкурс, орыс тілін меңгерген қазақ жастары арасында - «Ой - сана», үш тілді меңгерген жастар арасында - «Тілдарын», «Тіл шебері», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық конкурстары ұйымдастырылды.

Фестиваль аясында облыстың қала-аудандарында, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарында, барлық орта, арнаулы орта және жоғары білім беру ұйымдарында, кітапханаларда тілге қатысты шаралар өткізілді. Барлық білім беру ұйымдарында «Тіл апталықтары», А. Байтұрсынұлының туған күніне орай ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған тәрбие сағаттары, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы»,  «Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының рухани көсемі», «Тіл білімінің атасы», «А.Байтұрсынұлы тағлымы» атты әдеби-сазды және танымдық-тарихи кештер, көрмелер, кітап көрмелері, мемлекеттік тілдің пайдаланылу аясын кеңейту, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Өзге тілдің бәрін біл – өз тіліңді құрметте», «Тіл – достықтың алтын көпірі», «Тәрбие басы - тіл» тақырыптарына эссе жазудан облыстық байқауы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді, латыннегізді жаңа қазақ жазуы емле ережелерін түсіндіру бойынша көшпелі кеңес-кездесулер, барлығы 150-ден аса шаралар өткізілді.

Фестивальді қорытындылау шарасында облыстағы бірқатар  тіл жанашырлары «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына отыз жыл толуына орай, мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатымен,  тіл  саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы Трұмовтың Алғыс хатымен, сонымен қатар Фестиваль аясында өткізілген барлық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Журналист, блогер Максим Рожин Фестивальдің құрметті қонағы болды. Ол мемлекеттік тілде сөйлеп, өз сөзінде тіл саясатын дамытуға бағытталған ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы халқының Тілдері күні мерекесінің аясында өткізілетін фестиваль аясындағы барлық шаралардың ақпараттық жариялануы, облыс тұрғындарына мемлекеттік тіл саясатының насихатталуы мақсатында облыстық «MAŃǴYSTAÝ» телеарнасында «Тілі басқа-тілегі бір, жүзі басқа - жүрегі бір», «Қазақ тілі – ғажап тіл!» атты бейнероликтердің, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» телехабарының көрсетіліп, әлеуметтік желілерде, облыстың қала, аудандар әкімдіктерінің, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарының интернет сайттарында кеңінен жарияланды.

 

 

Маңғыстау облысы