Жұмылдыру дайындығы қаралды
Мәжілістің кезекті отырысында депутаттардың қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Бұл құжаттың жай-жапсарын Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов таныстырды. Оның айтуынша, Заң жобасында 3 Кодекске және 4 Заңға түзетулер енгізу көзделген. Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға осы саладағы мемлекеттік бақылау құзіреті беріледі. Бақылау мына органдарға қатысты болады: Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды қоспағанда, орталық атқарушы мемлекеттік органдар; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар; Жергілікті атқарушы органдар. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабы бойынша Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқығы бар лауазымды адамдар тізбесі жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен толықтырылады.
– Мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы саласындағы құзіреттерінің аражігі ажыратылып отыр. Осылайша мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланады. Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға сақтандыру қорын құру және сақтау саласындағы қызметті үйлестіру құзіреті беріледі. Бұл – қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнімге техникалық құжаттаманың, сондай-ақ тәуекелі жоғары объектілерге, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне және ұлттық игілікке жататын объектілерге жобалық құжаттаманың сақтандыру қоры. Бұған қоса, мемлекеттік материалдық резервті уақтылы жаңартуды қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдер енгізіледі. Бұл – сақтау пункттерінің материалдық құндылықтарын жаңартуды енгізу және материалдық құндылықтарды өтеусіз негізде басқа мемлекеттік органдардың балансына беру. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қызмет ететін бірыңғай дистрибьютордың жұмылдыру резервінің медициналық мақсаттағы дәрілік заттары мен бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту функцияларын орындауы ескерілген. Заң жобасы мемлекеттік жұмылдыру дайындығы мен мемлекеттік материалдық резерв жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталды, – деді Руслан Дәленов.
Аталған құжат бойынша Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жұмылдыру тапсырмасы немесе тапсырыс бойынша міндеттемелердің орындалуы мемлекеттік және жеке ұйымдар тарапынан қатаң бақылануы қажеттігін атап өтті.
Шекарасыз алаяқтарды шектейтін келісім
Сонымен қатар бұл отырыста депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат жөнінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндады. Оның айтуынша, аталған келісімге 2018 жылы қыркүйекте Душанбе қаласында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан елдері қол қойған. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, келісімді тек Өзбекстан мен Беларусь ратификациялады, қалған елдер мемлекет ішіндегі рәсімдерді жүргізіп жатыр.
– Келісімде ТМД елдері аумағында кеңінен таралған қылмыстардың және ІТ саласындағы терминологиялардың ортақ түсінігі қамтамасыз етіледі. Заң жобасының негізгі мақсаты – уағдаласушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру. Бірлескен іс-шаралар мен операцияларды жүргізу, кадрларды даярлау және оқыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу бойынша ынтымақтастықтың бағыттары көзделіп отыр. Заң қабылданғаннан кейін оның орындалуына жауапты құзіретті органдардың тізбегін белгілейтін Үкімет қаулысы әзірленеді. Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, оларға Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және Қаржы министрлігінің экономикалық тергеу қызметі жатады. Қажет болғанда мемлекеттер өзара іс-қимыл тәртібін қосымша анықтайды, – деді Марат Қожаев.
Осы тұста Нұрлан Нығматулин өткен аптада ғана Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралғанына тоқталды.
– Елбасы осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Шынында да, ақпараттық технологияны қолдану арқылы жасалған қылмыстарға тән белгі – олардың көп жағдайда трансұлттық сипатта болуы және оларды әртүрлі елдердің азаматтарынан тұратын қылмыстық топтар жасауы. Сондықтан бұл қылмыспен күресу тек бір мемлекет шеңберіндегі ғана емес, сонымен қатар түрлі елдердің бірлескен күш-жігерін қажет етеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Аталған келісімді қызу талқылаған алқалы топ қазір қоғамда жиі көтеріліп жүрген интернет алаяқтары туралы мәселеге назар аударды. Мәселен, депутат Артур Платонов Ішкі істер министрлігі өкілінен Ресей аумағында жүріп ақпараттық технологиялар арқылы қазақстандықтардың ақшасын жымқырған алаяқтарға қатысты 42 қылмыстық істің тергелу барысын сұрады.
Бұған жауап берген вице-министр Марат Қожаев Ресей аумағында 42 қылмыстық істің қаралып жатқанын растап, күдіктілердің әлі анықталмай жатқанын айтты. Белгілі болған мәлімет бойынша шетелдік алаяқтардың арбауына түсіп қалған Қазақстан азаматтары 200 миллионға жуық қаржысынан айырылған. Электронды тәсілдермен қолды болған қаржыны Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа және тағы басқа қалалардан шығарып алған. Қазақстан тарапы Минск конвенциясына сәйкес банктерден соманы шешіп алған адамдарға қатысты видеоны ұсыну туралы сұрау салған. Бұл бағыттағы рәсімдер бірнеше айға созылуы мүмкін екен.
Сонымен қатар жалпы отырыстың күн тәртібінде «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Зейнеткерлердің бейнеті зая кетпесін
Жалпы отырыс соңында әдеттегідей халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Солардың бірі депутат Жамбыл Ахметбеков Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке қарата сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметкерлердің салғырттығынан қаншама азамат зейнетақы тағайындау барысында заңды табысының бір бөлігінен қағылып, құқы тапталып отырғанын айтты.
– Жақында «Халық коммунистері» фракциясына жәрдем сұрап келген азаматтың басынан өткен жағдайы, жергілікті жерлердегі зейнетақы тағайындау орталықтарындағы ахуалдың мәз емес екендігін көрсетті. Қарағанды облысының Шет ауданынан келген Ардақ Жұмашева өмір бойы «Қоңырат» шаруашылығында (совхозында) еңбек етсе де, еңбек өтілін дәлелдей алмай, ең төменгі 23 000 теңгемен зейнетке шыққан. Себебі оның деректері архивте болмаған. Еңбек кітапшасындағы жазбалар да ескерілмеген. Сонда қалай, кезіндегі шаруашылықтың салақ басшыларының кесірінен неліктен азаматтар зардап шегуі тиіс? Шет ауданындағы осы шаруашылықта еңбек еткен қанша азамат осылайша заңды табысынан қағылып отыр? Кезінде бұл шаруашылықтарда кемінде 500-1000, мүмкін одан да көп адам жұмыс жасағанын ескеретін болсақ, оның салдарын елестетудің өзі қиын. Яғни, Қарағанды облысындағы осындай жағдайға тап келген қанша азамат бар? Ал бүкіл республикамыз бойынша жағдай қандай? – деді депутат.
Жамбыл Ахметбеков осы салаға жауапты мемлекеттік қызметкерлердің халыққа зейнетке шығудың тиісті, заңды жолдарын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы министрліктің жіті назарында болуға тиіс екендігін жеткізді.
Бұған қоса жиында Мәжіліс депутаттары Роман Ким, Кәрібай Мұсырман, Тұрғын Сыздықов, Әбдіманап Бектұрғанов және Азат Перуашев үн қатты.