Руханият • 03 Қазан, 2019

Дәрігер Тэраевич

589 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Дәрігерлер дертіне шипа іздеген жандарға кәсіби көмек көрсететін бірден бір мамандық иелері болғандықтан қай кезеңде, қай қоғамда болсын ерекше құрметке бөленген. Алайда, халықтың ықыласы мен сенімінің бір күнде қалыптаспайтыны, тиісінше кәсіби білім мен ұзақ жылдар жан аямастан атқарылған  қажырлы жұмыс арқылы келетіні белгілі. Тарихы қатпар еліміздің денсаулық саласында халықтың шынайы ықыласына ие болып, ерекше құрмет көрген сондай ақ халатты абзал жандардың қатары аз емес. Бүгінгі мақала қилы өмір соқпақтары еліміздің орталық және шығыс аймақтарымен қауыштырған,  ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен білікті дәрігер, зиялы әрі жаны жайсаң жан Цезари Тэраевичке арналып отыр.

Дәрігер Тэраевич

ХІХ ғасыр кәсіби медицинаның қо­ғамдық өмірге баяу еніп, ауық-ауық бой көрсететін жұқпалы аурулардан тұ­­тас ауылдардың қынадай қырылған қиын кезең болғаны тарихтан белгілі. Кәсіби дәрі­герлердің жеткіліксіздігінен ауру бел­­гілерін әу бастан дөп басып анықтау, індет ошақтарын оқшаулау және қажетті ем қолданудың болмауынан эпидемиялар жерімізде кең тараған-ды.

Осы орайда мыңдаған адамдардың өмі­­рін қиып, халқымыздың өсіміне ай­тар­лықтай нұсқан келтірген оба, шешек, ты­рысқақ және т.б індеттердің ойраны ту­ралы ақпараттарды замана айнасы көр­кем туындылардан да кезіктіреміз.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы ха­лық арасында аз да болса кәсіби дә­рі­­гер­­­­­­лердің жұмыс істей бастауы, ден­сау­лық саласындағы ауыр ахуалдың едәуір­ жақсара түсуіне оң ықпалын жа­са­ды. Сол бір қиын кезеңде саны ат төбе­лін­дей ғана болып, сырқат жандарға қар­лығаштың қанатымен су сепкеніндей кө­мек көрсеткен топтың арасынан Цезари Тэраевич те табылған-ды.

Халқымызда «Жақсының жақсылы­ғын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы тұрғыда, тұлғаның қазақ жерінде ат­қарған көпқырлы қызметін бүгінгі буынға таныстыру, тарих алдындағы, ар-ождан алдындағы парызымыз, мін­детіміз.

Цезари Тэраевич (полякша Cezary Terajewicz) қазақ халқымен тағдырлас по­ляк ұлтының перзенті. Ұзақ ғасыр­лар Орталық және Шығыс Еуропа айма­ғындағы әлеуетті мемлекеттер қата­рында болған Речпосполитаның ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде әлсіреп, поляк жерлерінің Ресей, Пруссия және Аустрия сынды алпауыт көршілерінің уысында кеткендігі белгілі. Тэраевич тарихи поляк жерлерінің ресейлік бөлі­гінде, анығында Вилен губерниясында 1833 жылы дүниеге келген. Шығу тегі бо­йынша ақсүйек тегінен (шляхта).

Болашақ дәрігер 1858-1863 жылдары Мәскеу университетінің медицина факультетінде білім алады. Өзі қалаған мамандығын орда бұзар отыз жасында тәмамдап, дәрігер атанған Цезари өмі­рінің сол бір сәті поляк халқының ұлт азаттығы үшін жаппай қолға қару ал­ған, 1863-1864 жылдардағы «Қаңтар кө­терілісіне» сәйкес келеді. Елінің азат­тығы жолында дәрігер ретінде кө­те­рілісшілер қатарынан табылған Тэраевичті де осы бір оқиғаның келешек сал­дары айналып өтпейді.

Көтеріліс аяусыз басып жаныштал­ған­нан кейін жазаланған мыңдаған қан­дастарының қатарында Цезари де істі болып, имперлік биліктің шешімімен Сі­бірге, алдымен Тобыл губерниясының Туринск, соңынан қазақ мекендеріне ір­гелес Тара қаласына жер аударылады. Адам тағдырында әсте кездейсоқтық бол­маса керек. Жас азаматтың осымен құр­дымға кетті деген қызмет жолы ендігі жерде соған дейін өзіне беймәлім өңір­мен байланысты қалыптасады.

Билік тарапынан салынған тыйымға қа­рамастан, Ц.Тэраевич осы бір шалғай елді мекенде ем іздеген барлық сырқат жандарға қолынан келген көмегін аямастан, кәсіби медициналық қызмет көр­сете бастайды.

Тэраевичтің біліктілігі мен адал­ды­ғын лайықты бағалаған қала тұрғын­дары биліктен оның заңды негізде меди­циналық практикамен айналысуына рұқ­сат беруін сұрап, петиция тапсырады. Петиция астында ондаған адамның қолы қойылған-ды. Дәрігерлердің жет­кіліксіздігінен билік жер аударылған Це­зариге медицина саласында заңды қыз­мет көрсетуге рұқсатын береді.

Тарада дәрігер Тэраевичтің беделі өте жоғары болғандықтан оны қалада қал­дыру имперлік билік тарапынан қауіпті деп бағаланады. Нәтижесінде «көте­рі­лісші дәрігер» тиісті органдар та­ра­­пы­нан ұдайы қатаң бақылауда болады.

Ресейдің еуропалық бөлігінен шал­ғай, климаты қатал осы бір шағын қала­шы­ғында өткізген жылдар Цезариді адами тұрғыдан ем іздеген сырқаттардың, соны­мен қатар көмекке мұқтаж, тұрмысы тө­мен жандардың мұңын ұғуға, ал кәсіби тұр­ғыдан жан-жақты толыса түсуіне сеп бо­лады.

1870 жыл Тэраевич үшін жақсы жа­ңалық­тардан басталады. Өз «қылмы­сы­ның жазасын» өтеген дәрігер Ақмола об­лысының орталығы Ақмола қаласына уез­дік дәрігер лауазымына қызметке келеді. Нәтижесінде Сарыарқа жерінде то­ғыз жылдай жұмыс атқарады. Уездік дәрігер бола жүре жергілікті қазақ хал­қының өмірімен жете танысады. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқа­рып, елдің алғысына бөленеді.

1879 жыл Цезари өміріндегі ерекше кезең еді. Сол жылы уездік дәрігер лауа­зымында Семей қаласына ауысқан Тэраевич шаңырақ көтереді. Қызметінен демалыс алып, туған жеріне де барып қайтады. Өзін ұзақ жылдар көрмеген туыстарының ықпалы ма, әлде өзге себептер түрткі болды ма, еліне жақын бо­лу мақсатында Цезари отбасымен Ре­сейдің Рязан губерниясына қоныс аударып, жергілікті дәрігер (орыс.Зем­ский врач) ретінде қызмет атқарады. Өмі­рінің келесі он жылдық кезеңінде тұр­мысы ауыр қатардағы ауыл дәрігері бол­ған Тэраевич бүйрек сырқатына шал­дығады. Дегенмен дертіне шипа іздеген сырқаттарға көмек көр­сетуін бір сәтке де доғармайды. Жан­­­­­­­қияр­лық еңбегі ар­қылы қарапайым ха­­лықтың алғысына бө­ленеді. Туған жеріне жақын аумақта қыз­мет еткенімен, дәрігердің қазақ даласына аңсары ауады да тұрады.

Ақыры, 1883 жылы Тэраевич Өс­кемен қаласына қызмет ауыстырып, он­да өз ғұмырының соңғы күндеріне дейін өмір сүреді. Алғашқы жылдары қалалық және уездік дәрігер ретінде жұ­мыс істесе, 1900 жылдан Өскемен уезі – 1-учаскесінің дәрігері лауазымын ат­қарады. Мәлімет бойынша, 1898 жылы дә­рігер Цезари Тэраевич «штаттағы ке­ңесші» (орыс. Статский советник) азаматтық шенінде болған.

Тэраевич жұмыс істеген жылдары Өс­кемен қаласының жүйелі дамуы өз жал­ғасын табады. 1868 жылдан уездік қала мәртебесін алған шаһарда араға уақыт сала Ерлер училищесі, Мариин әйел­дер училищесі және бірқатар кәсіп­керлік нысандары салынады.

Патша өкіметі кезеңінде Шы­ғыс Қазақстан өңірінде саяси көз­қа­рас­­­та­рына байланысты жер аударыл­ған «халықшылар» (орыс. народничес­тво, народоволцы) мен поляктар көп­теп саналатын. Олардың арасында да түрлі мамандық иелері көп еді. Ру­хани және ұстаным тұрғысынан жақын бол­ғандықтан Цезари Тэраевич Өс­ке­мендегі алғашқы кезден-ақ аталған топ өкілдерімен тығыз байланыста бола­ды.

Дәрігер, саяси жер аударылғандар негізгі бөлігін құраған жергілікті зиялы қауымның бастамаларын қызу қолдап, жер­гілікті мәдениет ошақтарының, әлеуметтік нысандардың негізделуіне ық­пал етеді. Тэраевич әсіресе саяси ай­даудағы танымал ғалым, өлкетанушы, Абай­дың досы – Евгений Михаэлиспен ете­не жақын еді. Өз кезегінде қос тұл­ғаның бір-біріне деген ерекше құрметі, өткір әзілдері сол кезеңдегі өскемендік зия­лы орталарда кең әңгімеленетін-ді.

1896 жылы мүшелерінің дені сая­си жер аударылғандардан тұрған «Ха­лықтық білім беру жөніндегі қам­қорлық қоғамының» бастамасымен оқыр­ман залы бар Өскемен кітапханасы ашы­лады. Бұл осы күнгі А.С.Пушкин атын­­дағы Шығыс Қазақстан облыстық кітап­ханасы.

Ал денсаулық сақтау саласына келер болсақ, Өскеменнің бекініс болған ке­зеңінен әскери госпиталь жұмыс істегені белгілі. Бірақ ХІХ ғасырдың 80 жылдарына дейін елді мекенде қала тұр­ғындарына арналған емдеу мекемесі бол­маған еді. Тиісінше лазаретте тек әскерилер ғана емделген.

Тарихи мәліметтерден ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басынан қалада тұрақты негізде 1 дәрігер және 1 медбике (акушер қызметінде) жұмыс істегенін оқи­мыз. Алайда, қала тұрғындарына арнал­ған 7 орындық алғашқы емдеу ме­ке­месі тек 1884 жылы ашылады. Ал қа­ла­дағы алғашқы дәріхананы саяси жер ауда­рылған Василий Инков ашады.

Цезари Тэраевичтің өмірі мен қыз­метіне оралар болсақ, ол Өскеменге ауыс­­қан алғашқы күндерінен-ақ жа­ңа қыз­метіне құлшына кіріседі. Дәрі­гер­лердің өткір тұрған жеткіліксіздігі жағ­­дайында уезд орталығының өзінде де, одан тыс аумақтарда да жұмыс атқа­рады.

Тэраевичтің уезд дәрігері лауазы­мын­дағы жылдары өңірдің Катонқарағай ауылында, араға уақыт сала Өскемен уезінің 3-учаскесінде қазақ халқынан шыққан алғашқы кәсіби дәрігерлердің бірі, Том императорлық университетінің тү­легі – Әміре Айтбакин қызмет еткен бо­латын. Бұл екі тұлғаны өзара жақсы таныс болды деп толық сеніммен айта ала­мыз. Оған негіз: біріншіден, сол кезеңде өңірде жоғарғы медициналық оқу орнын бітірген дәрігерлер саусақпен санар­лықтай болуы, екіншіден, олардың бір уезде жұмыс істеуі. Қос тұлғаның байланыстары өзге бір мақаланың та­қырыбы атануға әбден лайықты бол­ғандықтан дәрігер Тэраевичке қайта ойы­сар болсақ, Шығыс Қазақстандағы ең­бек жолында Цезари өзінің сәтті жүр­гізген ем-домының, қажырлы еңбегінің, адалдығы мен ұсақ деталдарға дейін мән беретін ұқыптылығы арқылы қарапайым халықтың алғысына ие болады.

Қаржы жетімсіздігіне қарамастан қалалық емхананың мүмкіндіктерін арттыруға ұдайы күш салады. ХІХ ғ. 90- жылдарының басында бұрынғы салық инспекторы С.Пузырев өз үйін емхана фондына тапсырып, нәтижесінде, емдеу мекемесі кеңейе түседі.

Жоғарыда көрсетілгендей ХІХ ға­сыр­­дағы дәрігерлердің басты міндет­терінің бірі кең таралатын эпидемиялармен күрес-тін. Сөз болып отырған жүз­жылдықтағы қауіпті індеттердің бірі тырысқақ ауруы еді. Қолда бар ресми мәліметтерге қарағанда тырысқақтың қазақ даласына таралуы алғаш 1829-1830 жылдары тіркелген. Хиуадан келген індет Орталық Азияға Парсыдан енген болатын. Нәтижесінде індет шар­пыған қазақтардың тұтас ауылдары қы­надай қырылады. Араға уақыт салып 1848-1849 жылдары елдің оңтүстік аудан­дарында тырысқақ қайта өріс алады. Жұқпалы ауру 1871 жылы да бой көр­сеткен.

1891-1892 жылдары Қазақстанда тырыс­қақтың кезекті таралымы тіркел­ген.

ХІХ ғасырдың 90 жылдары қазақ жерлері үшін құрғақшылыққа толы болады. Нәтижесінде Ақмола, Торғай, Орал, Семей, Сырдария облыстарында астық тамырына дейін күйіп кетеді. Бұл туралы «Сибирский вестник» газеті Ертіс бойында аштықтың басталғандығын атап өтіп, «негізгі тұтыныс тауарларына бағаның көтерілгендігін» мәлімдеген.

Өңірде орын алған ауыр жағдай Өскемен уезін де айналып өтпеді. Уезге тырысқақ індетін далалы аймақтарда болған көпестер ала келеді. Жұмыс шаш етектен болғанымен тұтас уезге небәрі екі дәрігер ғана қызмет көр­се­тетін. Өзінің алпысқа таяған жасына қарамастан Тэраевич барлық сыр­қат­тарды аралап, қажетті емін жасап, про­филактикалық шараларды ескертіп отыр­­ды. Бірақ өзі сақтанбастан сүзек ауруын жұқтырып, соның салдарын ғұмырының соңына дейін тартады. Бір сырқат екіншісінің ушығуына себеп болады. Дәрігердің сырқаты әсіресе 1901 жылдың қысында қатты асқынады. Оның денсаулығының ауырлығын уезд бас­­­шысының: «Жалпы оның жуық арада жазылатындығынан үміттенуге бола ма, әлде оның сырқаты белгісіз уақытқа созыла ма? Бұл туралы мәлімет мен Тэраевичке көмекке бағыттаған дәрігер Жилинскийдің қысқа уақытта, жұқпалы аурудың пайда бо­луына байланысты Қарқаралы қаласына жол жүруіне байланысты керек» деген мәліметінен аңғаруға болады. Соңында, ұзақ жылдар айдауда болған, ағзасы әлсіреген Ц.Тэраевич 1901 жылдың 5 мамырында өкпе сырқатының асқынуынан дүние салады.

Білікті дәрігер, адал әрі мейірбан жан­ Ц.Тэраевичтің қазасы тұтас Шығыс Қа­зақ­­стан жұртшылығының қабырғасын қайыстырады. Марқұмның өсиетіне сәйкес, оның жерлеу рәсімі азаматтық негіз­де атқарылып, оған қалың қала жұрт­шылығы қатысады. Цезари Тэрае­вич сынды серігінің, пікірлесінің қазасы Евгений Михаэлиске де өте ауыр тиіп, ол көз­көр­гендердің мәліметінше, қайғыдан ұзақ уақыт бойы арыла алмаған екен.

Дәрігер туралы замандастарының пікір­лері құнды. Солардың бірі Б.Гера­симов: «ол өте жоғары білімді әрі ғы­лым­нан алыстамаған, тамаша дәрігер еді...өткір ойлы жан еді....Өскемендегі орыс саяси жер аударылғандары, жер­гі­лікті зиялылар Тэраевичке үлкен құр­метпен қарайтын» делінген мәлімет қал­дырған.

Кеңестік кезеңнің зерттеушісі Г.Мен­дрина өз еңбегінде Ц.Тэраевич туралы «нәтижелі емімен, қажырлы еңбегімен, риясыздығымен және ұқыптылығымен өзінен кейін жақсы атын қалдырды» де­ген тоқтамға келеді.

Ц.Тэраевич 1901 жылғы 8 мамыр күні қалалық зиратқа жерленіп, оның бейі­ті тарихи ескерткішке айналады.

Отбасына келер болсақ, Тэраевич текті әулеттің өкілі болғандықтан сол дәстүрді ұстанып, өз перзенттеріне де сапалы білім, саналы тәрбие берген жан. Түрлі дерек көздеріне сәйкес Тэраевич­тен бір ұл және бір қыз тараған. Жоға­ры оқу орнында оқып жүрген ұлы әкесі дү­ние салған жылы туберкулезден қайтыс болады.

Ал қызы Петербург консерватория­сында білім алған. Дерек көздерінің жұ­таң­дығына байланысты отбасы мүше­лерінің есімдерін анықтау мүмкін болмады. Бір анығы, Тэраевичтің қазасынан кейін оның жұбайы мен қызы Вилен губерниясына қоныс аударған.

Халық даналығы: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Осы орайда білікті дәрігер, қоғам қайраткері, заманында еңкейген қарттан еңбектеген баланың өміріне дейін араша түскен абзал жан Цезари Тэраевичтің аты ұмы­тылмақ емес. Дәрігердің қазасынан бері арада 120 жылға жуық уақыт өтсе де оның тұлғасына, қызметіне арналған мақа­лалардың арагідік жарық көруі сөзі­міздің дәлелі.

 Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 ВАРШАВА (Польша)