Оқиға • 03 Шілде, 2025

Өрт қаупі кезеңі басталғалы 3 мыңнан астам адам жауапқа тартылды

41 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде өрт қаупі кезеңі басталғалы бері 261 орман өрті тіркелді. Жалпы өрт аумағы 27 мың гектардан асты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Өрт қаупі кезеңі басталғалы 3 мыңнан астам адам жауапқа тартылды

Фото: Ult.kz

Оның мәліметінше, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 3 000-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 52 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұдан бөлек, 16 дала өрті (ауданы 14,5 мың гектар) және 1 357 жану дерегі тіркелген.

«Орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарады. Бүгінде 24 борт дайындықта тұр. 26 орманшылықта министрліктің күштері 36 механикаландырылған күзет бекетін құрды. Табиғи өрттердің алдын алудың жаңа моделі өрт санын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Еліміздің орман-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды», деді ол.

Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің бірнеше өңірінде өте жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты азаматтарға елді мекендерде, орман алқаптарында, егін маңында от жағуға қатаң тыйым салынады.