Аймақтар • 04 Қазан, 2019

Бірлік берекеге бастайды

408 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сонау 1991 жыл болатын. Ежелден қалыптасқан экономикалық жүйе қаусап қалған кезде бұл ауылдың да абдырағаны рас. Тыңға түрен салғылары келіп, қырға да шапты, ойға да шапты. Қай тараптан болса да мән шықпай меселелерінің қайтқаны. Енді не істемек керек. Көп болып ақылдасқан дұрыс. Ақыры бір шешімге келмек болып жалпақ жұрт тегіс жиналған. Шілденің қара қарғаның миы қайнайтын ыстық бір күні еді. Болашақты болжаған, келешегіне алаңдаулы жұрттың көкірегіндегі әрқилы сезімдер одан да ыстық. Жиналыс ұзаққа созылмады. Тайлы тұяғына дейін жиналған жұрт бұған сенім білдірген. Барлығы бір ауыздан елді Темірхан Мұқышев бастасын деген ұйғарымға келді. Серіктестіктің атын да үр жаңа іс болған соң өздерінше ырымдап «Бастау» деп қойды.

Бірлік берекеге бастайды

Өзі осы өлкенің тумасы. Әскери борышын өтеп келген соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Жоғары оқу орнынан «Красная заря» ұжымшарына жолдама алды. Бұл 1977 жыл болатын. Сол жылы еңбек кітапшасына жалғыз жазу түскен. Кейін ештеңе қосылған жоқ. Бір жерде табан аудармай жұмыс істеді. Бөлімшенің мал дәрігерінен бастап, ұжымшар басқармасы төрағасының орынбасарына дейін өмір жолынан өткен. Алғашқы жылдары тірнектеп тәжірибе жинақтаса, кейінгі жылдары кемелденіп толыса түскен. Шағын ауылда қолыңның қалай қимылдайтынын, қолға алған ісіңнің қалай қарай оңғарылғанын жұрттың бәрі көріп отырмай ма? Тындырымдылығын таныды, іскерлігіне көздері жетті. Жар басынан жол таппай тұрғанда жандарын шүберекке түйіп қолына тапсыруы содан да шығар.

Талаптыға шынымен нұр жауады екен. Қазір атқан оқтай түп-түзу көшелер тегіс асфальттанған, әр үйдің жанындағы қолдың саласындай ағаш біткен аппақ бөркін киіп алып тамсанып қарайтындай. Кейін салынған жаңа ғимараттардың жанындағы баяғы тың кезінде ірге көтерген тұрғын үйлер күтімнің арқасында жайнап тұр. Айтпақшы бұл ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсы, жұмыс болғандықтан тұрғын үйлердің бағасы да арзан емес. Қамқорлықтан қағыс қалмағандығын бейсауат адам бірден байқар еді. Ел болашағын есінен еш шығармайтын серіктестік жергілікті мектепке жаңа асхана салып берген. Оқушылардың бәрі тегін тамақтанады. Іші кірсе шыққысыз құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, сәнді, салтанатты. Асхана емес, кәдімгі мейрамхана дерлік. Етек-жеңі кең пішілген ел болған соң той-томалақ та аз емес. Шаруашылық торқалы тойдан да, топырақты өлімнен де шет қалмайды. Бәріне қол ұшын созады. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 95 мың теңге төңірегінде.

Серіктестік басшысы Темірхан Мұқышев ветеринария факультетін 130 баламен бірге бітірген. Бүгінде соның төртеуі ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Міне, кадр жоқтықтың бір себебі. Ақық дән аялап, ақтылы мал өсіріп отырған соң білікті кадр қажет-ақ. Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, қазір өрісті малға толтыруға қолайлы жағдай туып тұр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық ересен. «Бизнестің жол картасы-2020», «Сыбаға», «Алтын асық» тәрізді тиімді бағдарламалар бар. Сол бағдарламалар дұрыс жұмыс істеуі үшін алдымен оқу орындарындағы білім сапасын жақсартқан ләзім. Оған қоса жоғары оқу орнын бітірген түлектерге жолдама беріліп, өз мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуді міндеттеген дұрыс. Жас мамандарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тиісінше қамқорлық та жасалып жатыр. Ал жергілікті жерде тәлімгерлердің табылатыны айқын. Темірхан Мұқышев та талапты жас кезінде тәжірибелі тәлімгерлердің шарапатын көрген. Қазір шаруашылықты ұйымдастырудың шын шеберлері Төлеген Қамбатыровтың, Леонид Шиманның есімдерін құрметпен атайды.

Шаруашылық өз есебінен жергілікті  мектеп түлектерін оқытып жатыр.

– Бір түсініксізі жиі өтіп тұратын семинар-кеңестерге әдетте басшыларды ғана шақырады, – дейді серіктестік басшысы Темірхан Мұқышев, – бұл арада да мықтап ойлану керек шығар. Мен жас мамандарды жіберемін. Ең алдымен солар үйренсін деймін.

Шаруасы шалқып жатса да, Темекең «өзінде бармен көзге ұрып» мақтануға жоқ екен. Серіктестік егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытуда. Тізгін – орынбасарларында. Бас агроном Қайыргелді Ербалиннің айтуына қарағанда, алғашқы жылдары 14 мың гектар алқапқа дән сіңірілсе, қазір 36 мың гектарға жеткен. Егіншілік мәдениетін жетілдіріп, әртараптандыру үшін 5 мың гектарға күнбағыс, 3 мың гектарға зығыр егіледі. Мал басы өсіп келе жатқан соң екпе шөп егуге де айрықша мән беріліп отыр. Өнім көлемін көбейту әлбетте тұқымға байланысты. Қазір бастаулықтар бұл жұмысқа мейлінше назар аударуда. Соның арқасында соңғы бес жылда гектар берекесі 15-16 центнерден төмендеп көрген емес. Былтыр да жеріне жеткізе өңделген алқаптарға «Ақмола-2», «Астана», «Шортанды-95» бидай, сондай-ақ «Арна», «Бітік» тәрізді арпа тұқымдары себілді. Аталған қор Германияның «Пенкус» фирмасынан жет­кізілген жабдықтармен өңделіп, ком­пьютерлік базада рет-ретімен тіркелген.

Серіктестік жыл сайын егін орағын ерте бастап, ерте аяқтайды. Күзгі дала жұмыстарының ерте бітуіне себепші – қуатты техника. Су жаңа дерлік 35 комбайн егін шақ келтіре ме? Қарбалас шақта жұмысшыларды қанаттандырып, өзара жарыс та ұйымдастырады. Былтыр Қанат Ақылбаев пен Владимир Симанков жетекшілік ететін трактор бригадаларының мерейлері үстем болған. Уақтылы толымды жалақы төленген соң жұмысшылардың да ынтасы жоғары. Еңбек сабақтастығы да үзілген емес. Мысалы, Хит әулетінен жеті жұмысшы болса, Болож фамилиялы үш еңбеккер бар. Қысқа қайырып айтқанда, серіктестік өзге жерлердегідей механизатордан кемдік көріп отырған жоқ. Техникалары да сақадай сай. Айтпақшы, дені жаңа «Кировец» тракторлары. Оның 12-сі бар. Шынын айтқанда қазір мойны озық шаруашылықтардағы шетелдік техникаларға көз үйреніп кеткен. Сөйтсек Темірхан Қаппасұлы 3-4 жыл бұрын Санкт-Петербургке жол түскенде сондағы атақты зауытта болған екен. Бұл тракторлар Қазақстан жағдайына өте ыңғайлы әрі күтіп мінсе отыз жылға дейін пайдалануға әбден болады. Қызығып кетіп, бірден 12-сіне бірдей келісімшарт жасаған. Қазір өзін-өзі ақтап отыр.

Мал шаруашылығы да серпінді дамып келеді. Бұл жайында серіктестіктің бас мал дәрігері Ғайдар Қоспаев шежіредей тарқатып айтады. Мұнда төрт түліктің небір асылы өсірілуде. Дені еттік бағытта. Бір мезетте 5 мың бас ірі қараны бордақылайтын инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазақтың ақбас сиыры мен Америкадан жеткізілген ангус тұқымын қоса есептегенде, үш мың бас, қазақы тұқымды жылқылар мың басқа жеткен. Серіктестік Солтүстік Қазақстанда асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін бірден-бір заманауи кәсіпорын. Қой саны 10 мыңға жеткен.

Асыл тұқымды селекция үшін әр бас аналық малға 20 мың теңгеден субсидия алады екен. Өткен жылы жалпы қаражат мөлшері 60 миллион теңгеге айналған. Мол табыстың шын сыры өндірісті ғылыми жүйемен байланыстыруларында. Алматыдағы мал шаруашылығы және жем-азық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының және осы жерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің профессоры Рашид Қазихановтың ұсынысымен аталық малдарды таңдау, іріктеу, өсіруге арналған арнайы база жабдықталған. Студенттерді осы жерде тәжірибеден өткізу дәстүрге айналған. Малшылардың мақтан тұтары – астанадағы «Ұлы дала» көрмесіне қатысып, талайды таңғалдырған «Араб» есімді  бұқа екен. Герефорд тұқымды екі жасар бұқаның тірідей салмағы 800 кило.

Жалғыз-ақ кемшілік – жердің тарлығы. Серіктестік еншілігінде 19 209 гектар жайылым жер, 3 066 гектар шалғындық бар. Бір сиырға 8,5 гектар өріс керектігін ескерсеңіз, 5 мың ірі қараға 40 мың гектардан артық жер керек. Жері тар болған соң бастаулықтар жаз шыға малды Қарағанды облысына дейін айдайды. Бұлай бағудың қаупі де бар. Айдағаны асыл тұқым ғой.

– Бүкіл еліміз тәрізді «Бастау» да асқаралы биікке ұмтылуда, – дейді «Құрмет» орденінің иегері, ауданның құрметті азаматы Темірхан Мұқышев, – бұл бір соныға соқпақ салған ұлы көш тәрізді ғой.

Сол көштің алдыңғы легінде өздері де келе жатыр. 

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы