Біле білсек, нағыз еңбек осы кісілердікі. Халықпен тікелей жұмыс істейтін, күні-түні тыным таппайтын – осы сала қызметкерлері. Сондықтан мәдениет саласы еңбеккерлері қандай құрметке де лайық.
Президент «халықтың жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін қанатқақты жоба ретінде енгізу мүмкін деп санаймын. Мысалы, егер сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 30 пайыздан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл арнайы комиссия құру үшін негіз бола алады» деді. Дұрыс-ақ. Өңірімізде аудан, ауыл деңгейіндегі халықтың көңілінен шықпаса да жайбарақат жұмысын істеп жүрген әкімдер көп. Шынын айтқанда, олар өздері жұмыс істеп отырған халықтың көңілінен шығуды емес, өздері бағынатын әкімдердің көңілінен шығуды ойлайды. Сондықтан Мемлекет басшысы айтып отырған сауалнама жүзеге асырылар болса, сол сауалнаманы жүргізу технологиясына дұрыс мән берілсе дейміз. Өйткені сауалнама әдеттегідей керекті адамдардан жиып алынады. Соны аламыз да «міне, сауалнама жасалды» дейміз. Осы жағы жан-жақты ескерілсе, қанатқақты жобаның сәтті жүзеге асарына күмән жоқ.
Президент Жолдауында Үкіметке алдағы үш жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасына қосымша 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат әрине жол, су, мектеп секілді жұмыстарға жұмсалатыны анық. Мәселе – соның қалай жұмсалуында. Мәселен, біздің облыста мемлекеттің қаншама қаражаты ауылдарға мектеп салуға жұмсалды. Өкініштісі сол, қазір ол ауылдарда кісі жоқ. Оқушысы жоқ ауылдарға мектеп салып жатырмыз. Басқа жерді айтпай-ақ өзім туып-өскен Катонқарағай ауданын айтайын. Осыдан біраз жыл бұрын баласы жоқ Жаңа Үлгі ауылына апарып екі қабатты мектеп салды. 600-700 оқушысы бар кезінде мектеп салынбаған Өрел ауылына да үлкен мектеп салып тастады. Қазір ондағы оқушы саны 100-ге толмайды-ау деймін. Ауылдарға қамқорлық жасалғанда оның нақты қажеттілігі сол жердің тұрғындарымен ақылдаса отырып шешілсе мемлекетке де, тұрғындарға да тиімді болары анық.
Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директоры, ақын
ӨСКЕМЕН