Руханият • 04 Қазан, 2019

Жадыдағы жұмбақ жаңғырық немесе бір шаңырақ астында қалам тербеген

1163 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Жадыдағы жұмбақ жаңғырық немесе бір шаңырақ астында қалам тербеген

Суреттерде: Журналист Зұлқайнар Сақиев; «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген байырғы қызметкерлер Жүсіпбек Арыс­танов және Ләзиза Серғазина (ортада отырғандар) редакцияның жас журналистерінің бір тобымен әңгімелесіп отыр. (Солдан оңға қарай) –

...Әлі есімде. Жетінші қабаттан үшінші қабатқа түскеніме де бір айдың о жақ, бұ жағы болатын. «Ленжастан» «СҚ-ға» қызметке ауысқан кезім. Партиялық газеттің тәртібі қатал. Жұмыстан себепсіз бір минут кешікпеуің керек. Қанша дегенмен, алау жастар ұясының жөні бөлек-ау. Арқаны кеңге салып, қаннен-қаперсіз жүретін алаңсыз күндер көзден бұл-бұл ұшқан. Алғашқы уақытта қызметіме ертерек ілінуге ұмтылғаным да, тырысқаным да шын. Сықырлаған-сықиған ұжымның үлкен-кішісі бірдей, көзге шұқымаса да кешіккендерді жақтырмайды. Әуелде-ақ байқағам. «Анау кеше тоғыз минут кешікті, мынау бүгін тұп-тура жиырма минут өткенде келді ғой...». Әзіл-қалжыңға сүйеген боп, талайларды сыртынан сыбағандарды өз құлағыммен естігенім бар. «Қой, қараптан-қарап қақпанға түсіп қалмайын...». Осы оймен есік көзінде жолыққандармен асығыс-үсігіс сәлемдесіп, лифтіні тоспастан, баспалдақпен жүгіре өрлегем. Сөйткенше іле өкшемнен қуалаған дауыс:

– Әй, бала, қайда тарттың! – деді күлкі араласа. – Біздің «Социалистік Қазақстан» үшінші қабатта емес пе?! Немене, келмей жатып, ұмытып қалғаның ба? ...Әлде үйрене алмай жүрсің бе?..

– ?..

Көңілінде бөтен дәнеңе жоқ жылыұшырай амандасқан Зұқаңның (Зұлқарнай Сақиев) қолын қысыла-қымтырыла қыстым. Үйреншікті әдетпен жоғары көтеріліп бара жатқанымды көзі шалып қалған ол мені бесінші қабаттан кері қайырған. «Ондай-ондай болады» деп арқамнан қаққан беті жанындағы бадырақ көз, ашаң өңді, орта бойлы жігітті таныстырған.

– Ғалымжан Қаллемов деген ағаң, біздің өнеркәсіп-құрылыс бөлімінде істейді. Еңбек демалысынан бүгін шықты, Ғалеке, өзіңіз жоқтағы жаңалық. Мына Жанат бауырың «Лениншіл жастан» бізге бөлім меңгерушісі болып келіп жатыр. Танитын шығарсыздар бір-біріңізді...

– Білемін, – дедім елп ете кішірейіп.

– Фамилиясы Елшібеков емес пе? Жазғандарын оқып жүремін... Бір шатырдың астында тұрып жат­сақ та, жыға танымайтын сияқтымын. – Қолының ұшын сүлесоқ ұсынған ол жүре тілдескен. Үні қа­жың­қы естілген. – Өкінішке қарай, біз бір-бірімізді жете білмей-ақ кетерміз, осы? Үлкен газетке келіп жатыр екенсің. Бәрі сәтті болғай!..

Рас. Біз аң-таң күйде мелшиіп қалдық. Күтпеген қырсықтау жауаптың астарын ұқпағандаймыз. Үшінші қабатқа көтерілген тұстағы ең бірінші кабинетке кіріп кеткен Ғалекеңнің қылығына қайранбыз. Жанымда тұрған бастығының не ойлағанын қайдам. Ал сол заматында менің басыма жетіп келгені: «Танау шүйірген тікбақай көкірек болар. Мейлі...».

Жоқ. Мен қатты қателесіппін. Сол күні екінті ауа бөлмеме бас сұққан Зұлқарнай көкем біраз құпиядан хабардар еткен.

– Әй, бала, бағана сенің алдында жам-а-н ыңғай­сыздандым. Жалпы, өзі тәуір жігіт. Ғалымжанды айтамын да. Сездіргісі келмейтін тәрізді, көптен бері ауырып жүр. Әсіресе көктем шыға шалығы қозып, еліріп кетеді. Әлгінде маған жасырмай, бәр-бәрін түсіндірген болды. Құдай басқа бермесін. Сен білмейсің ғой, ол редакциядағы ең мықты журналист қана емес, өте жақсы жазушы. Адамдық қасиеті де биік азамат. Бірбеткей, өткір жігіт. Таяуда «Мен жетім емеспін» деген кітабы шыққан. Енді, міне, көрдің бе, жұмыстан кетіп жатыр?! Обал-ақ!..

– Неғып!.. О несі... Өз еркімен бе?..

– Айттым емес пе саған. Елес ауруымен сырқат­танатын көрінеді. «Жүйкем әбден бітті. Маңайыма секеммен, күдікпен қараймын да тұрамын. Күні-түні мені КГБ аңдып жүргендей, біртүрлі елеңдеп отыратынды шығардым. Бұл жұмбақ бір түсініксіз жаңғырықтан қайтіп құтыламын? Емделуім керек... Сырымды өзіңізге ғана айтып отырмын, Зұқа. Өтінішімді жазып қойдым. Қазір үлкен бастыққа, редакторға тапсырып шығам. Жұмыстан кетпесем болмайды...» деген. Жаңа ғана қасында отыратын Кеңесхан Зәкеновпен қоштасып, маған кірмей біржола кетіп қапты. Шет жағасын өзіңе білдіргенім ғой. Дабырлатудың қажеті шамалы. Жұрт біртіндеп өздері естіп жатар...

– Қиын екен, – дедім мен ауыр күрсініп.

– Талайсыз тағдыр деген осы, бауырым. Жаман­дыққа қимайтын-ақ жасын жігіт қой біздің Ғалымжан.

Алла аузына салған шығар, шынымен біз бір-бірімізбен кездеспедік. Алғашқы жүздесуден соң мен оны көрмедім. Қайда кетіп, қайда жұмыс істегенін де біл­меймін. Көп ұзамай редакцияның қызметкерлері «Әлгі бізде істеген Ғалымжан Қаллемов балконнан секіріп кетіп мерт бопты» деп сыбырлап-күбірлеп жүрді.

Енді, мінеки, мен онымен қырық жылдан кейін кездейсоқ ұшырасып отырғандаймын. Өкінішке толы өткелекті өмірдің жықпыл-жықпыл бұралаңы көп-ау. Ойламаған, күтпеген жай. Әлдеқашан көмес­кіленіп қалған, жүрек сыздатар көңілсіздеу көріністі қайта жаңғыртқан «Таңғы шық» жинағы еді. Бұған дейін мүлде аңғармаппын. Жас жазушылар кітабына Ғалымжан Қаллемовтің шағын-шағын екі әңгімесі еніпті. Демде оқып шықтым. Ашығын айтқан жөн. Алақандай екі дүние де жылы әсер қалдырды. Несімен? Ұзақ-сонар баяндауға құрылған жасық әңгімелерге қарағанда «Орын» мен «Мінезде» динамизм басым. Шиыршық атқан бұлқыныс пен оқиғалар шарпысуының қызуы бірден баурап алады.

Қос шығармаға да думанды, қызықты студенттік шақтың ұмытылмас мезеттері өзек болады. Алғашқы «Орын» әңгімесіндегі бас кейіпкер Қазығалы ешкімге ұқсай бермейтін өзгеше тип. Жағына пышақ жанығандай арық, қол-аяғы жіп-жіңішке қатпа жігітті курстастары «Маса аяқ» атап кеткен. Осы Қазы­ғалының ермегі – күні-түні өлең жазу. Күн сайы­н бір блокнотты «толтырады». Жанкешті «ақын» жазған өлеңдердің ішінен достары жарамды жалғыз шумақты зорға іріктеп алады. Олардың «соңғы кезде, тіпті сіңіріңе ілініп қалдың, бұ кәсібіңді тастап, басқа бір пайдасы тиетін, қолыңнан келетін жөні дұрыс іспен шұғылдансаңшы» дегеніне де құлақ аспайды. Автор бұдан кейінгі оқиғаны төмендегі диалогтармен көрсетеді.

«– Қазығалы, өзіңді өзің текке қамшылап қайтесің. Кейінгі кезде тіпті жүдеп кеттің, осы өлеңді қоя қойсайшы. Басқа қолдан келер іспен шұғылдансаң өзіңе де, өзгеге де көп пайдалырақ болар ма еді, – дейміз біз.

– Эпихрам «Күнделікті жаттығу дарыннан артық» деген, мен жаттығу үстіндемін, ақын болатыныма сенімім мол. Ал ақынды халқына пайдасыз деп кім айта алар екен, – деп ол мықтылық көрсететін.

– Жаттыққанның бәрі ақын бола бермес, жазуға да бір негіз, терең аршылмай жатқан көз керек болар, – дейміз де есемізді жібермей.

Онда ол:

– Міне негіз, міне көз, – деп газетке басылған бір өлеңін көрсететін. Жарық көрген бір өлеңі бары рас та еді. Қазығалының жастығына қарап жариялаған ба, әйтпесе, өлеңі мықты емес-ті. Оны шайтанша арбап теріс алып кеткен осы төрт шумақ әлсіз өлең еді.

Әлі есімде: оқуды бітірген соң, ол өз облысына кетті. Пойыз жүрерде шығарып салуға келген менің қолымды қысып тұрып:

– Менен әлі түңілмеңдер. Ерте ме, кеш пе бойымдағы шабыт фонтанша атқылайды, – деген.

Мен оның көңілін қимай:

– Әрине, әрине, – деп басымды изегем...».

Араға бірнеше жыл салып, облыс орталығына іссапарға барған Қасым бір кездері студенттік досын кездестіріп, мәре-сәре боп қалады. Әуелде ол баяғы өлең жазғыш «Маса аяқты» танымайды. Бұғағы салбыраған, екі иығына екі адам қонжиғандай алыпты елемейді. Талтаң-талтаң жүрісі де, тау қозғалса қозғалмайтын досының айрықша паңдығы да таңғалдырады. «Бес жыл бірге оқып, бір бөлмеде жатып, бір тілім қара нанды бөліп жеген мені шы­нымен-ақ танымадың ба?» дегенде барып Қа­зығалыны құшақтап, асты-үстіне түсе жөн сұрайды.

Қаланың көрікті жерлерін аралатып, мейрам­ханаға апарып қонақ етеді. Досының қатты өзгер­генін байқап қуанса да, ол Қазығалыға көмейін бүлкілдеткен түйткіл сауалдарын ішке бүгіп, сыртқа шығармайды. Ырза-хош пейілмен тысқа шыққанда Қазығалы күпті сұрақтарға өзі жауап береді.

«Біздің халіміз, өзің көргендей жаман емес. Осы ресторанның директорымын. Өлеңің қайда қалды деп сұрамақсың ғой? Шайтанның арбауымен қол жетпес үміттің соңында біраз титықтап қалып едім, өз жолымды енді тапқандаймын. Сол өлеңді тастағаннан бергі көңіл күйімді өзің де байқап келе жатқан шығарсың. Табиғат бермеген дарынды оқумен бойға дарытуға болмайды екен...».

Келешекке құштар дос жүрегінің лүпілін естіп тұр. Қандай бақытты, жұлдыздары жымыңдаған кеш. Қасымның да көңілі көтеріңкі. Жолдасының кеш болса да қолынан келер ісін тапқанына қуанған.

Әңгіменің түпкі идеясы, негізгі мақсат-мүддесі де осы. Адамды қуанту, бір-бірінің жетістігі мен табысын бөлісе білуден артық не керек?!

Жас жазушы Ғ.Қаллемовтің екінші туындысы «Мінез» де назар аудартады. Аты айтып тұрғандай, шағын әзіл әңгімеде адам бойында ұшырасатын оғаш мінез әшкере етіледі. Пенде болған соң әр қилы ойқы-шойқы қылықтарымен күлкіге қалып жататындарды арагідік кездестіріп қаламыз. Сөйтсе де сәт сайын құбылып, табансыздық көрсету – жастарға жараспайды. Осындай өрескелдікке ұрынып, ұятқа қалмауды ескертетін «Мінез» көтеріп отырған мәселе ешқашан ескірмейді. Бұдан елу жыл бұрын жазыл­ған юморесканың сюжеті әлі де бой көрсетіп қалары даусыз.

Бір бөлмеде тұратын төрт-бес студент жігіт өздерінің құрдастары Жақанды сынап көреді. Мақтан сүйгіш, даңғой досының конькиін алып мұз­айдынға барып сырғанау үшін оның «тілін» табу керек. Өйткені ол кереует астында жатқан конькиді оп-оңай ұстата салмайды. Оның, әрине осал тұсы бар. Көзін бақырайтып қойып мақтасаң болды, сылқ ете түседі. Алдын ала келісіп алған достар Жақанды көпіртіп мақтайды. Алғашқы ілік – оның әуезді де, зор даусы. «Өзін өзі қолға алып, ерінбей-жалықпай машықтанса әдемі әнші, тіпті Левитандай болмаса да, ортан қолдай диктор боп кетер еді». Табан астында беделі көтерілген Жақан күлімдеп, мақтау сөздерге елітіп, сақиланып әншейінде ешкімге оңайшы­лықпен ұстатпайтын конькиін ұсынады. «Жарайды, катокқа бүгін бармай-ақ қояйын» дейді мәз-мейрам қалпы. Бірақ... Артынша жігіттердің бірі Жақанның жүйкесіне ши жүгіртіп, қытығына тиеді.

– Әй қайдам, мұның даусы мұңдылау ғой. Өңкей көңілсіз хабарларды ғана оқиды ма деп қорқамын...

Сол-ақ екен ол лезде өзгеріп, қылт-сылт мінезін көрсетеді. Әлгіндегі уәдесінен айнып «коньки тебуге өзім барам» дейді. Онан кейінгі жағдай белгілі. Бір қисайса Жақанды қайта жібіту оңай емес. Қылжақбас құрдастары іле оны мақтай жөнеледі. Кәне, зер салайықшы:

«– Бүгін қабырға газеті шығыпты, оқыдыңдар ма? – деп сұрадым.

– Оқыдық. Жақанның екі өлеңі бар екен, – дейді кереуетте отырған қайқы мұрын қара. Әрі қарай жігіт­тер тағы да кезекпен қақпайлап ала жөнелді.

– Жақан кейінгі кезде жақсы жазып жүр.

– Өлеңдерінде ой бар. Өзіндік стилі де қалыптаса бастаған секілді.

– Күшті лирик шығады. Тек іздену керек.

Бұл мақтаулардың қай мағынада айтылғанын білмедім, әйтеуір, Жақанның ашуын басып, көңілін жібітті. Қайтадан жымың қағып:

– Қайдам, қысқа өлеңді жазып жүрміз ғой өзімізше, – деді. Даусы мұрнынан дыңылдай шығып, қуанышты екені білінді.

– Өлеңнің қысқалығы ұтымды. Пушкин қысқа жазғанды жақсы көрген, ал Чехов «Қысқа жазу – таланттың сіңлісі» деген, – дедім мен білгірсіп.

– Рас. Жақаннан көпті күтуге болады, – деді әлгі қайқы мұрын.

Мақтау сөздер аш өзегіне түсті білем Жақан қайта елтіді.

– Барам десең міне, мен бүгінше бармай-ақ қояйын, – деді конькиін көрсетіп».

Қазездің қуанышы ұзаққа созылмайды. Әңгімеге бір бүйірден қосылған Темірболат болашақ «ақын­ның» көңіліне тиетін эпиграммасын көлденең тарта қояды.

Екі адамның бірі ақын,

Екі өлең жазса ірі ақын.

Лирикалар тым-ақ көп,

Жыламсырап тұратын.

Жігіттер шу ете түседі. «Міне, нағыз эпиграмма. Шала дүбәра ақындарды оңдырмапты». Шамданған Жақан үн-түнсіз сілейіп тұрып қалады. Өз-өзінен қуыстанған ол дереу Қазездің қолындағы конькиін жұлып алып, бөлмеден зыта жөнеледі. Жігіттер тағы да мырс-мырс күле бастады.

Не үшін? Кімге?..

Балғын қалам иелерінің алғашқы шығармалары жақсы іріктелген. Бәйгеге қосылып, бақ сынау – әркімнің арманы. Жүйріктердің де шабысы әр қалай. Осы тұрғыдан келгенде жас талапкер Ғалымжан Қаллемовтің де өзіндік сөз саптауы, өзіндік қалам сілтесі діттеген биіктен көрінгені анық. Образдар, характерлер сомдауға бейім ол ең бастысы, сөз саралай біледі. Нысаналы тақырыбын мейлінше жан-жақты игеруге ұмтылысы жоғарыда тоқтаған «Орын» мен «Мінезден» айқын байқалады.

Алақандай әңгімелерден автордың жеке бітім-болмысы аңғарылады. Ұлы француз суреткері Стендаль «Жақсы жазу үшін жақсы білу керек» деген ғой. Қарапайым қағиданың астарына тереңірек үңілген сайын, көп нәрсеге қанығарымыз және аян. Бұған біздің көзіміз әр жылдары «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) онымен бірге еңбек еткен қаламдас әріптестерімен тілдескенімізде жете түскені бар. Белгілі журналист-жазушылар Сарбас Ақтаев, Уахап Қыдырханұлы, Мамадияр Жақып, Әділ Дүйсенбектер замандастары Ғалымжан туралы, оның творчествосы хақында ерекше даралап әңгімелеген-ді.

– Ғалымжан Қаллемов өте қабілетті журналист болатын. Ептеген мінезінің шатағы бар. Көп жағдайда артық ауыз сөзді көтермейтін. Ал жазуында мін жоқ. – Өткен жылдар елесін еске түсірген Сарбас аға оның жазушылық қырынан да хабардар еткен. – Жалпы, ол өз қарымына сенетін. Сондықтан өркөкірек көрінуі мүмкін. Әңгімелер, повесть жазды. «Таңғы шыққа» шыққан жігіттердің бәрі де алғашында жер баса алмай жүрді. Бірден «жазушы» деген атты иеленді емес пе. Марқұм, біздің Ғалым­жан тірі болғанда, сөз жоқ, өз жолы бар қаламгерлер қатарында көрінер еді...

Жазушы Уахап Қыдырханұлы бүй дейді:

– Редакциядағы тегеурінді жігіттердің бірі осы Ғалымжан болғаны ақиқат. Жазуы мықты. Журналистік материалдары қарабайырлықтан ада. Білімді, ойлы азамат. Өзгелердің жадағай шимайларын лездемеде быт-шыт қып сынайтын. Әрине онысын біраз адам ұнатпайтын. Сылап-сипап, мәймөңкелеп, жағымпаздық көрсеткендерді жек көруші еді. Әр ұжымда мінездері «қисық» кісілер кездеседі. Біздің «СҚ»-да осы Ғалекең, Есләм Зікібаев, Тоқтасын Беркімбаев үшеуі бірігіп, бетің бар, жүзің бар демей үлкен-кішінің кемшіліктерін іреп, осып-осып айтатын. Былайша бейнелеп жет­кіз­сем, журналистикадағы «дедовщинаға» өлердей қарсы. Кей пікірлері дұрыс та сияқты. Алайда ондайларды жұрт жақтырмайды. Әділдікті қалайтын ол өзінің әдеби шығармаларында да жеке басын күйттеуші ішмерездерді ұдайы мінейтін. Фан­та­зиясы керемет. Тіл біледі, сөз таниды. Ең бас­ты­сы, оның бойында жазушыға қажет қасиеттер бар еді. Әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жұлдыз», т.б. газет-журналдарда талай рет басылды. Көзі тірісінде «Мен жетім емеспін» деген повесть-әңгімелер кітабы жарық көрген.

Жаңа жыл қарсаңында ма, жоқ әлде баспасөз мейрамына орай ма «Қызыл қалам» қабырға газетінде бір топ әріптестерге эпиграммалар жазған едім. Сондағы Ғалымжанға арнаған жалғыз шумақта оның бейнесі дәл ашылған деп ойлаймын. Өзің тыңдап көрші:

Жетім емес, Ғалымжан зор азамат,

Көп ойлар жүр көкірегін мазалап.

Кесіп айтып, тесіп айтып тастайтын,

 Кей кездері іштегісін тазалап.

Бұл мінездеме-өлең жолдары Ғалымжанның өзіне ұнаған болуы керек. Қолымды шын пейілімен қысқаны есте. Марқұм өмірден ерте озып кетті. Бір ұл, бір қызы бар еді. Естуімше ұлы Америкадан білім алыпты. Үлкен маман. Қазір Астанадағы атақты Назарбаев Университетінде еңбек ететін көрінеді. Қандай қуаныш! Оның туып-өскен жері бұрынғы Семей облысының Бесқарағай ауданы. Қазір зерделесек, осы өңір әйгілі полигон аймағына жатады. Туған жеріне барып жүргенде белгісіз сырқатқа шал­дықты ма екен? Кім біледі? Мүмкін де шығар... Ой тізбектері әр саққа жетелейді ғой... О кезде тажал оша­ғының құпиясы мен жұмбағы мүлдем айтылмайтын...

– Ғалекеңмен университетте бірге оқыдық. Үшінші курста әскерге кетіп қалдым. Кейініректе «СҚ»-да басымыз қайта қосылды, – деген еді көзі тірісінде қаламгер Әділ Дүйсенбек. – Мінезі қызықтау еді. Өжет, өткір, басынан сөз асырмайды. Мұндай кісілер негізінен өзіне-өзі сенімді болады. Жақсы журналист, жақсы жазушы. Оның тұңғыш кітабы «Мен жетім емеспінге» кезінде рецензия жазғам. Редакцияның біраз бөлімдерінде тер төкті. Ең алғашқы завотделі Балғабек Қыдырбекұлы болды, білім-ғылым бөлімінде. Соңғысы Зұлқарнай Сақиевтің қарауында, өнеркәсіп-құрылыс, байланыс-транспорт бөлімінде істеді. Мен мұны жай айтып отырғам жоқ. Өсу-есею баспалдақтарын, шыңдалу мектебін, қандай тұлғалармен қызметтес болғанын жеткізгім келеді. Талант-дарыны толық ашылмай кетті. Бұл жерде мен оның жазушылық бағытын айтам. Курстас, әріптес достың жазсам деген тақырыбы көп еді. Амал нешік... Арманда кетті-ау!.. Көңілге медет етері, журналист Қаллемов қаламынан туған тұшымды дүниелер басылымның шежіресінде сайрап жатыр. Жүзжылдық төл тойымыздың тұсында қасиетті қабырғада әріптестері Совет Аққошқаров, Әнуар Жапаров, Дәрібай Әлисұлтанов, Талап Қалмырзин, Бұқарбай Батырхановпен бірге қалам тербегенін айтқан абзал.

...Бір шаңырақтың астында иық тіресіп қатар жүрген ағалар лебізі менің есіме Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның мына бір сөзін түсірген. «Көп оқыса, зейінді болса – білімді болмақ, ал мінезі жақсы бола ма, әлде жаман бола ма оны Құдай біледі». Әуелде-ақ темірқазық мақсатымызды ескерткенбіз. Газет бетінде өз ізі бар Ғалымжан Қаллемов жайында аз-кем ой бөлістік, бүкпесіз сыр ақтардық...

Иә, танымайтындар танып, білмейтіндер біле жүрсін...

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты

 

 

Алматы