Аймақтар • 07 Қазан, 2019

Көкжиде жерасты суларын сақтап қалу қажет

757 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір әлемде таза ауыз су көздерінің тапшылығы байқалып отыр. Мұндай жағдайда ел аумағындағы жерасты ауыз су көздерінің қорын сақтау мен оның ластануына жол бермеудің маңызы ерекше. Әйтсе де бүгінде жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде көмірсутегі шикізатын игеріп жатқан алпа­уыт компаниялар жерасты су көздерінің мұнай қалдықтарымен ластануына жол беріп жүргені қынжылтпай қоймайды.

Көкжиде жерасты суларын сақтап қалу қажет

Мысалы, Ақтөбе облысының аумағындағы Темір мен Мұ­ғалжар аудандарының түйіскен тұсында орналасқан Көкжиде жерасты ауыз су орны. Бұл жер­де онымен бір атаудағы Көк­жиде деген құнды алқап та бар. Екеуі де экологиялық, ғылы­ми және мәдени жағынан ма­ңызды нысан. Еліміздің ін­жу-маржаны іспеттес табиғат таң­ғажайыптары республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорықтық қордың геологиялық және гид­ро­геологиялық тізіміне енген. Бұл жөнінде 2007, 2010, 2011 және 2016 жылдары ел Үкі­меті­нің арнайы қаулылары шыға­ры­л­ған.

Бұған дейін жүргізілген зерттеулер Көкжиде құмдарының мұнай өнімдерімен ластанғанын көрсетеді. Яғни, көмірсутегі шикізатын өндіретін компания­лар жаз және күз маусымдарында Көкжиде жерасты суы ластанған. Ақтөбе облысы бо­йынша экология департа­мен­тінен алынған деректер олар­дың қатарында «СНПС-АМГ» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Урихтау оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС және «Қазақ Ойл Ақтөбе» ЖШС сынды  бес бірдей мұнай компаниясы бар екенін айғақтайды. Шикізатты екпіндете өндіру жағдайында Көкжиде құмдары қойнауындағы жерасты суы мен оның сапалық құрамын сақтап қалу күрделі күйінде қала бермек.

Осы тұста атап өтерлік мә­селе, белгілі бір табиғат ныса­нына жер қойнауын пайда­ланушылардың зиян келтіру тұрғысынан қарастырғанда «шекті рұқсат етілген консентрация» (ШРК) деген тіркестің пайда болғаны. Мұ­ның өзі осы көрсетілген норма мен мөлшерден аспаса бол­ғаны, жерасты су көздерін лас­тай берсін деген ұғымды біл­дірмей ме?! Сондықтан ШРК талабын белгілеу мұнай өндірушілер үшін іздегенге сұраған дегендей ыңғайды білдіретін қажетсіз тетіктей көрінеді. Жарайды, солай-ақ болсын дейікші, ал енді ШРК-нің табиғи ортаға тигізетін зиянды әсері белгіленген нор­мадан асып кетіп жүрсе ше? Әрине мұндай жағдайда оның зардабы тіптен ауыр. Биыл Ақтөбе облысы бойын­ша эко­ло­гия департаменті жүр­гіз­ген профилактикалық бақы­лаулар жоғарыда атаулары көрсетілген бірқатар компаниялар осындай келең­сіздікке жол бергенін айқын­дап бер­ді. Нақты деректерге сүйенсек, бақыланған ұң­ғыма­ларда ШРК 1,3-тен 8-ге дейін көтеріліп, екінші бір мы­салда 1,66-дан 1,82-ге дейін өскеніне көз жеткіземіз. Яғни, профилактикалық бақы­лаудың нәтижесі көңілге кір­бің түсіреді. Бұл дерек Көк­жиде жерасты су көздері мұ­най қалдықтарымен былғанып жат­қанын білдірмей ме? Оның ластану көзіне айналуына әсер еткен басты факторлар қандай? Әзірге оны анықтау мен жою шаралары қолға алынбай отыр. Рас, өкілетті ұйымдар тарапынан алаңдатарлық ахуалға қа­тысты тиісті зерттеу жүргізу ұй­ғарымдары берілген. Алай­да оның өзі басы бар да, аяғы жоқ жартыкеш күйінде қалып қоймасына кім кепіл?

Сонда не істеу керек? Бұл­ арада басты айып­кер жер қой­науын пайдаланушылар екені талас туғызбайды. Ен­деше олардың мемлекеттік та­биғи қорықтың тізіміне ен­ген нысанға залал тигі­зу көрі­ністерін реттеу тұтқала­рын ойластыру керек.

– Мұның басты бір жолы – көмірсутегі шикізатын шы­ға­ратын компаниялардың Көк­жиде құмды алқабындағы қызметі мен іс-қимылдарын жан-жақты бақылауға алу деп есептейміз. Бұл үшін Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігіне тиісті ұсы­ныс­тарымызды жолдадық, – деді облыстық экология де­пар­таментінің басшысы Жақ­сығали Иманқұлов.

Көкжиде құмдары аума­ғында көмірсутегі шикізатын барлау мен өндірудің бірың­ғай ережесін әзірлеу қажеттігі байқалады. Түсінген жан үшін Көкжиде құмдары мен Көк­жиде жерасты суының табиғи таза­лығына баға жетпейді. Оны ластау – қылмыспен тең әрекет. Бұған жол беріп қоюға болмайды. Бұл ақиқатты жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі құзырлы органдарда дәл осы мағынасында қабылдай білгені қажет-ақ.

Аталған орган мемлекеттік табиғи қорықтың қоры қата­рын­дағы нысандардың жай-күйіне жан-жақты көңіл ауда­рып, оның бірыңғай операторын белгілесе, бірқатар көлеңкелі көріністер азая­ры анық. Сондай-ақ бүгін­­де Көкжиде жерасты суы­ның­­ геологиялық құры­лы­сын қолға алу да күрделі кү­йін­де қалып отыр. Жер­ас­ты суына табиғатты пайда­ла­ну­шылардың ықпал ету ошағын табу – оның ағыны­ның қозғалысын анықтауды қажет етеді. Осы жағдайда ғана әрбір жер қойнауын пай­­­даланушының әрекетіне мониторингтік зерттеу жүр­гі­зуге болады, дейді гидрология­лық мамандар.

Түйіндеп айтқанда, бүгін­де Ақтөбе облысындағы Көк­жиде жерасты суының мөл­шері мен пайдалану қорын қай­та бағалау жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Жауапты іс өз кезегінде тиянақты гидрогеологиялық барлау жұмыстарына соны серпін беруді жүктейді. Осы орайда басты кідіріс қар­жы­ландыру көздерінің жет­кі­ліксіздігінен орын алып отырғанын айтқан жөн. Толық барлау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджет есебінен 300 миллион теңге қаражат бөлінген. Әйтсе де бұл шараға 1 миллиард 161 миллион 770 мың теңге көлемінде қаражат қажет екендігін ескерсек, бөлінген соманың тым мардымсыз екені байқалады.

Қазіргі алаңдатарлық мә­се­ле – Көкжиде құмы мен жер­асты суына байланыс­ты белгіленген ауқымды жұ­­­­мыс­тардың деңгейі тым баяу, жоққа тән, гидрогео­ло­гия­лық жағдайы қыл үс­тін­де тұр. Сондықтан бұл мә­­селе Экология, геология­ және табиғи ресурстар ми­нистр­­­лігі мен табиғат пайда­ланушылардың ұдайы назарында болуы тиіс.

Мызғымастай көрінген сеңнің қозғалуына ықпал ете алатын жәйттің бірі мем­ле­кеттік сатып алудың веб-пор­талында ашық байқау жүргізу болмақ. Аталған рәсімнің биыл күз айларына дейін аяқ­талмай, сағыздай созылып кел­гені де қынжылтады.

 

АҚТӨБЕ