Қоғам • 07 Қазан, 2019

Жатақханадағы жайлылыққа қол жетпей жүр

922 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқу жылы басталғалы да бір айдың жүзі ауды. Қалаға келген студенттер жатақхана мен пәтерлерге орналасып болды. Олардың бірқатары студенттік жатақханаларды қолай көрсе, екіншілері пәтер жалдап тұруды жөн санайды. Құны шарықтап тұрған пәтерлерді жалдауға әлі де болса жатақханалардағы орындардың жеткіліксіздігі мен кейбір жастардың үй жағдайында өмір сүруді қалауы себеп.

Жатақханадағы  жайлылыққа қол жетпей жүр

«Көш жүре түзеледі» дегендей, мемлекет тарапынан назар аударылған соң жатақханалар мәселесінің беті бері қарап келе жатқаны белгілі. Жатақханаларда әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іші-сырты реттеліп, адам тұрмысына қажетті жабдықтармен қамтылып, ғаламторға қосылып заман­ауи үлгіге қарай ұмтылу бар. Алайда аталған мәселеде бүгінде толыққанды жайлылыққа қол жетті дей алмаймыз. Жатақхана туралы сөз еткенде өмір сапасына жоғары деңгейде жауап бере алатын, студенттердің жайлы орналасуына, жақсы демалуына, жан-жақты ізденуіне, өзге де өмір талаптарына қажеттіліктерді өтеп бере алатын жатақханаларға қолжетімділік – күн тәртібінде.

Айтпағымыз, қолда бар жа­тақ­ханалардың жайы. Маңғыстауда облыс көлемінде студенттерге арналған жеті жатақхана бар. Оның үшеуі жоғары оқу орнына, үшеуі арнайы орта білім беретін оқу орындарына және біреуі  жеке кәсіпкерге тиесілі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген тексерістің мақсаты – облыс көлеміндегі жоғары, тех­­никалық және кәсіптік білім беру ме­кемелерінің студенттік жа­тақ­ханаларына орналастыру рәсі­мінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Сондай-ақ ол жерде бөгде адам­дар­дың тұруын болдырмау шаралары бойынша Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің, бұқаралық ақпарат құралдары  мен Jas Otan жастар қа­наты өкілдерінің қатысуымен сту­­­денттік жатақханаларға мониторинг жүргізді.  Тексеру нәтижесінде жа­тақ­ханалардың ішкі  әлеміндегі бірқатар қателіктер анықталды.

Ақтау қаласында жатақхана мә­се­­лесі көп жылдар шешімін таппай келген өзекті тақырып болатын. Тек­­серу қорытындысына қарап, өңір­­де жатақхана жағдайының әлі де қалыпты жолға түсіп кете алма­ға­нын аңғарамыз.

Ақтау қаласындағы Х.Өзбек­ға­лиев атындағы Маңғыстау поли­тех­никалық колледжінің №5 жа­тақ­­ханасы жөндеу жұмыстарын жүр­гізу үшін биыл 1 маусымнан бастап жабылғандықтан, колледж студенттерінің шағын бір бөлі­гі және Ақтау қаласындағы колледждердің 168 студенті жеке кәсіпкер иелігіндегі «Гусейнов» жатақханасына орналасқан. «Кісі­де­гінің кілті аспанда» демекші, сту­денттер кәсіпкерге жамбаспұл ретінде айына 8 мың теңгеден, яғни  3 есе артық қаражат төлеуге мәжбүр.

Ал өңірдегі жетекші оқу орны Ш.Есенов атындағы Каспий мемле­кет­тік технологиялар және инжиниринг университеті алып аумаққа қанатын жайып, жаңа үлгідегі жатақ­хана салғанымен қуантады. Бұл жаңа жатақханадан бөлек атал­ған оқу орнының қаланың өзге шағын аудан­дарында студенттерге және университет қызметкерлеріне арналған жатақханаларының бар болуы да жетістік.

Алайда университеттің №1, №2, №3 студенттер жатақханасын бақылау барысында №2 жатақ­ха­на­да 1 адамға 6 шаршы метр көлем тие­сілі болса, мұнда студенттер тұрып жатқан 112 бөлменің 66-нда бұл талап сақталмағаны, нақ­ты­рақ айт­сақ,  көлемі 14 шаршы метр бөл­меде 3 адамнан тұрып жат­қа­­ны анықталды. Сондай-ақ №3 жа­тақханада барлық стандарттар сақталғанымен, университет тарапынан ұйымдастырылған асханада кассалық аппарат жоқ болып шықты. Есептегіш құралдардың, кассалық  аппараттардың болмауы сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерінің көрінісі болып табы­ла­тындықтан, бұл да бір кемшілік ре­тінде тіркелді.

Ал тірлігін тап-тұйнақтай реттеп алған аудандағы жатақханалар өзгелерге үлгі болуға лайықты деуге болады.   Қарақия ауданында орналасқан Қарақия кәсіптік колледжіне қарасты студенттер жатақ­ханасында стандарттардың то­­лықтай сақталғаны және студент мем­­лекет есебінен тегін тұратыны, барлық жағдайы жасалғаны белгілі болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілдері жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныс жолдап, тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.

Студенттер жатақханаларында ірілі-ұсақты мәселелер бар. Түйт­кіл­дердің тасада қалмай, өз шешімін тауып отыруы – жастарға жасалған қамқорлықтың бір көрінісі болмақ.

 

Жұмысшының жайы қалай?

Кешегі студент  –  бүгінгі жас маман. Ұстаздар алдынан жауап­кер­ші­лігі мол қызмет сахнасына шыға келу жас маманға аз сынақ емес. Ал қалада тұрақты мекенжайының болмауы – материалдық қана емес, психологиялық тұрғыдан ауыр жүк. Жұмыс тапппай бір қиналып, жұмысқа орналасқан соң, тапқан азды-көпті табысының біраз бөлігін жалдамалы пәтерақы үшін төлейтін олар бұл тығырықтан шығар жолды таппай дағдарады. Жас маманнан бөлек қарапайым жұмысшының  жағдайы да назарға ілігуге тиіс тұс.

Маңғыстау облысының еңбек нарығындағы шиеленісті төмен­де­ту және халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал ету мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде қо­сым­ша көмек ретінде Маң­ғыс­тау облысының жұмыспен қам­ту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен бағдарламаны жү­зе­ге асыру үшін 2015 жылдың 3 ақпанында Маңғыстау облысы әкім­ді­гінің №16 қаулысымен «Жаңа серпін» орталығы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесі құрылған бо­латын. Бағдарлама негізінен өңір­дегі барлық инвестициялық жо­баларды қажет кадрлармен қамтамасыз етуді жүзеге асыра оты­рып, жұмыссыз аза­маттарға ке­ңес, заң көмегін бе­ру, азаматтарды жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жөнінде хабардар етіп, жұмыссыз халық арасында кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесуді көздейді. Аталған бағдарлама біраз азаматтың өз жұ­мысы мен қонысын табуына сеп болды. Әсіресе «Жаңа сер­пін» мекемесіне қарасты жа­тақ­ханалар үйсіз-күйсіз адам­дар­­дың жағдайына сәл де болса жамау болғаны анық. Бүгінде қара­ма­ғын­дағы екі жатақ­ха­на­ны өзге оқу орындарының иелігіне берген бұл мекемеге қарасты  Ақтау қаласындағы  «Шығыс-1» ша­ғын ауданы №35 ғимаратта орна­лас­қан жатақханада 455 адам тұрады, оның ішінде 76 адам отбасылы.  Жатақханаға облыстың  шалғай  аудандары  мен  ауылдарынан  келіп  жұмысқа  орналасқан  азаматтар, сондай-ақ облыста тапшы болғандықтан өзге өңірлерден келген әлеуметтік сұранысқа ие мамандар  орналастырылған.

Жатақхана  жайлылығы мен он­да­ғы тәртіптің сақталу заңдылығы жайлы айту – үйсіздердің баспана мәселесін түбегейлі шешу болып табылмайды. Сондықтан студенттердің жа­тақ­ха­насын заманауи үлгіде жа­сақ­тау және айлығы шайлы­ғы­нан аспайтын қарапайым жұ­мыс­шы­лардың жатақхана ғана емес, түбе­гей­лі баспана  мәселесін шешуде тың бағыт табу қажет-ақ.

 

Маңғыстау облысы