Әлем • 07 Қазан, 2019

Перу халқы президентті қолдайды

556 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Перу президенті Мартин Вискара республика Конгресін тарататынын мәлімдеген болатын. Мұндай шешімге ел депутаттарының Мемлекет басшысының конституциялық сот реформасын қабылдамауы себеп болды.

Перу халқы президентті қолдайды

Президент шешімімен келіспеген Парламент мүшелері Мартин Вискара­ның өкілеттігін 12 айға тоқтатуды ұйғарып, оның орнына вице-президент Мерседес Араосты тағайындады. Дегенмен Мерседес Араос отставкаға кететінін мәлімдеп, кезектен тыс сай­лау өткізуді ұсынды. Ол Twitter желі­сіндегі парақшасына «Мемлекеттің конс­титуциялық тәртібі бұзылды. Мен вице-президент міндетінен де бас тартамын» деп жазды. Парламент мүше­лері БҰҰ-ға мем­лекет демокра­тия­сы­на нұқсан келді де­ген хат жолдап, орын­дарынан кетуден бас тартты. Вискара Парламент жұмысын тоқ­тату шешімінен кейін министрлер кеңесі­не жаңа басшы тағайындады. Кеңес басшысы Сальвадора де Солара­ның орнына Әділет министрі Висенте Себальос келді.

Президенттің бұл әрекетін мемле­кеттік қызмет­керлердің көбі және елдегі оппози­циялық топтар төң­керіс деп танып, Мар­тин Вискараға диктатор деген айып тақты. Ал Вис­кара өз кезегінде Конгресс тара­тыл­ған­дық­тан, депутаттардың шешімінің заң­­ды күші жоқ екендігін айтады. Ақ­па­­рат құрал­дарына сүйенсек, мемле­кет полициясы мен әскері Мартин Вис­караның жағында. Пре­зи­денттің бас­пасөз қызметі оның мем­лекет­тің қарулы күштері, әскері, полиция басшыларымен кездескенін мәлімдеді. Басқосу Лимадағы президент сара­йын­­да өткен.

Перудің бұрынғы Сыртқы істер ми­нистрі Фернандо Роспильоси мемлекет Кон­гресінің конституциялық сотқа ара­ласуға толықтай құқылы екенін айтты. «Сот өкілдерін тағайындау процесінің созылғанына он ай болды, ал мемлекет басшысы маңызды шешім қабылданатын соңғы күні депутаттарға жаңа мүшелер таңдауға мүмкіндік бермеді. Президенттің Парламентті тарату шешімі – заңсыз. Бұл – соңғы 35 жылда Латын Америкасында орын алған төңкерістердің бірі», деді Ф.Рос­пильоси. Сонымен бірге экс-министр пре­зи­денттің билікте ұзақ қалатынына кү­мән кел­тіретінін де жеткізді. «Қазір, әлбетте, оның сөзі өтімді, бірақ бұл ұзаққа бармас, жақ­сылыққа да алып келмесі анық», деді ол.

Ал Конгрестің бұрынғы мүшесі, «Жаңа Перу» партиясының өкілі Таниа Париона мемлекеттегі жағдай қалыпты екенін, ешқандай төңкерістің болмағанын айтты. «Мемлекетімізде ешқандай төңкеріс бол­мағанын, диктатураның да жоғын жет­кіз­гім келеді. Конгрестің таратылуы консти­туциял­ық тұрғыдан орынды, заңды», деді өз сұх­батында. The New York Times газеті мем­­лекеттегі саяси дағдарыстың негізгі себе­бін елдегі белең алған сыбайлас жем­қор­лықпен байланыстырады. Бұл болжамды Таниа Парионаның «Парламенттегі «Халық күші», «Перудің Априста партиясы» сынды партиялар ұзақ жылдар бойы жемқорларды жасырып келді. Олар сыбайлас жемқорлық әрекеттері арқылы Парламенттегі орындарын сақтап қал­мақ» дегені растай түскендей.

Бүгінгі таңда аталған қос партияға қатыс­ты іс жүргізілуде. Бұл тергеулер Lava Jato операциясының негізінде жүріп жа­тыр. Сонымен бірге экс-конгресмен Пар­ла­ментті тарату әрекеті мемлекеттегі сы­бай­лас жемқорлық мәселесін шешуге кө­мект­еспейтін жеткізді.

Ал Перу халқы болса Мартин Вис­караны қолдап отыр. Соңғы оқиға­ларға байланысты мемлекет астанасы Лимада халық бой көтеріп, наразылық танытты. Ал депутаттар шешімімен келіспеген Вискара жазда Парламент сай­лауын өткізуді ұсынып отыр. Алай­да негізінен оппозициялық партиялардан тұратын Конгрестің бұл шешімді қабылдауы екіталай.

Мартин Вискара мемлекет басына 2018 жылы наурызда келген еді. Оның алдындағы президент Пабло Педро депутаттарды сатып алмақ бол­ды деп айыпталып, қызметінен кет­кен болатын. Перу Парламентінің тара­тылуы бірінші рет емес. Тарихқа көз жү­гіртсек, 1992 жылы мемлекет бас­шысы Альберто Фуджимори реформа­лар мен жаңартулар енгізу үшін депу­тат­­тарды отставкаға жіберген еді. Деген­­мен оның негізгі жоспары іске ас­­пай, мемлекеттің демократия жү­йе­сін құл­ды­ратты. Мартин Вис­кара­ның шеші­мі мемлекеттегі бас­ты проб­ле­ма­ға ай­­нал­ған сыбайлас жем­қор­лықты тоқ­татары, не 1992 жыл­ғы жағ­дайды қай­та ту­ғызары белгі­сіз. Оны уақыт көр­сетеді. Мартин Вис­кара­ның Пар­ла­мент мүшелерінің шешімін қа­был­дау­дан бас тартқанын ескерсек, жағ­дай­дың одан әрі ушыға түсуі ғажап емес.