Облыстық чемпионатқа Қостанай облысының құрамасы мен Полиция департаментінің «Динамо» командасы, сондай-ақ, Майлин, Сарыкөл, Әулиекөл, Денисов аудандарының спортшылары қатысты.
Топтық кезеңде полиция шабандоздары Қостанай облысының құрамасын 7:1 есебімен, Сарыкөл ауданын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Финалдық бәсекеде тәртіп сақшылары тағы да облыс құрамасымен кезедесті. Департамент командасы бірінші секундтан бастап өз мықтылығын көрсетті. Ұйымдасқан ойын нәтижесінде полиция қызметкерлері қарсыластарынан тағы да басым түсті. Бұл жолы полицейлер 3:0 есебімен жеңіске жетті.
- Бала кезімнен ат үстіндемін. Полицияда кавалериялық взвод бар, менің қызметтік атым «Оқжетпес». Біздің командамызда 12 адам бар. Полициядан бөлек, ТЖМ мен ІІМ Академиясы қызметкерлері де бар. Ойын 40 минут өтті, әрқайсысы маңызды болды. Қарсыластар мықты. Мен командада шабуылшымын, сондықтан маған үлкен жауапкершілік жүктелді, - деп атап өтті ЖҚАЖ инспекторы Бақдәулет Асанов.
- Біздің жігіттер шымыр. Командаға өз ісінің шеберлері жиналған, олар алаңда бір-бірін жақсы түсінеді. Алдағы уақытта біз дайындықты күшейтетін боламыз, - дейді «Динамо» көкпар командасының жетекшісі, ЖҚАЖ командирі Жәнібек Мұхамеджанов.
Естеріңізге сала кетейік, бұл биылғы бірінші жеңіс емес, жыл басынан бері Қостанай облысы Полиция департаментінің командасы «Наурыз-2019» республикалық турнирінде және 9 мамыр Жеңіс күніне арналған облыстық турнирде жеңіске жеткен болатын.