Қаржы • 08 Қазан, 2019

Қаржы салуға мүдделі кәсіпорындар көбейіп келеді

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің үшінші ірі қаласына инвестиция салуға қызық­қан кәсіп­керлердің қатары артып келеді. Жуырда Шымкент қаласы­ның әкімі Ерлан Айтаханов өңірде өндірісін өркендетуді көздеген GG Group трансұлттық корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, непалдық миллиардер Бинод Чаудхаримен кездесті.

Қаржы салуға мүдделі кәсіпорындар көбейіп келеді

GG Group әлемдік нарықта өзін дәлелдеген корпорация. Аталған корпорация ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, қонақүй және мейрамхана бизнесі, сондай-ақ ойын-сауық орталықтарын салу, қызмет көрсету саласында белді орынға ие.

Кездесу барысында қос тарап ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесіне тоқталды. «Шымкент қаласы географиялық және экономикалық тұрғыдан ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеуде өте қолайлы жерде ор­наласқан. Климаты да ың­ғайлы. Қаламызда әлемдік стан­дарт­қа сай заманауи үлгідегі сауда-логистика орталығы салынып жатқанын ескерсек, келешекте GG Group корпорациясымен тығыз жұмыс істеу баршамызға тиімді. Себебі ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп экспорттау қос тарапқа да пайдалы екені сөзсіз», деді Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар қала әкімі шетел­дік инвесторлармен қонақ­үй бизнесі жайында да сөз қоз­ғады. Қонақүй бизнесі әлем­дік экономикада басты рөлдің бірін атқаратынын алға тартқан шаһар басшысы корпорация бас­шылығына бұл салада да қоян-қолтық жұмыс істеуге шақыр­д­ы. Шымкенттен әлемдік стан­дарт­тарға сай қонақүй салуға ша­қыр­ған қала әкімі бұл үшін Shymkent City аумағынан жер беруге дайын екенін айтты.

Непалдық миллиардермен болған кездесуде тараптар бұған дейін өткізілген келіссөздер не­гізінде қалада жоспарлап отыр­ған Happy land отбасылық ойын-сауық кешенінің іске асырылу барысын талқылады. Ерлан Қуаныш­ұлы жергілікті билік тарапынан барлық тиісті жұмыстардың жүргізілгенін айтып, инвесторлардан жобаны бастауға шақырды.

Бұл жоба Шымкенттегі ту­ризм­нің дамуына үлкен үлес қо­са­­тынын айтқан қала әкімі жо­ба­ны жүзеге асыру бойынша мем­лекет тарапы­нан да қолдау көрсетілетінін атап өтті.

 Шымкент