Медицина • 08 Қазан, 2019

Өмірге қайта оралған балаларға өзгеше көмек керек

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыр дертке шалдыққан балаларға стационарда ем алып шыққаннан кейінгі психологиялық және әлеуметтік оңалтуды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» атты халықаралық конференция өтті.

Өмірге қайта оралған  балаларға өзгеше көмек керек

Қаршадайынан ауыр дертке шалдықса да татар дәмі таусылмай білікті дәрігерлердің арқасында өмірге қайтадан оралып жатқан балалар аз емес. Бұл баға жетпес үлкен қуа­ныш. Дегенмен «батпандап кіріп, мыс­қалдап шығар» аурудан айығуда өмір­ге құштарлықпен бірге табандылық, ата-ана, дәрігерлер мен айналадағы орта­ның түсіністігі мен қолдауы қажет-ақ. Сон­дық­тан да конференция тақырыбында көрсе­тілгендей, онкологиялық ауруларға шал­дыққан және ағзаларына трансплантация жасалған балаларға, олардың отбасы­ларына кәсіби және кешенді көмек көрсе­туді ұйымдастыру, ұзақ уақыт аурумен күрестен кейін олардың қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасау өте өзекті.

«University Medical Center» корпора­тивтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының психоәлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі Ләйла Түсіпбаеваның айтуынша, бойла­рындағы дертпен күресіп, стационардан емделіп шыққан балалардың оңалып кетуінде, әлеуметке бейімделіп қалыпты тіршілікке енуінде дұрыс психологиялық ахуал болмаса көңілдегідей түпкілікті оң нәтиже шықпауы да мүмкін. «Балалар орталықта ұзақ уақыт емделеді, жарты жыл, тіпте бірнеше жыл жатып, клиникадағы күтімге үйренген бала мен ата-ана үйлеріне шығысымен абдырап қалады. Айналадан вирус жұқтырып ала ма деп қорқып, оқшауланып, жандарын қоярға жер таппайды. Ал конференцияда осы санаттағы балаларға емнен кейінгі өмірде жасалар қадамдар жайында айтылып, әлеуметтік-психологиялық жәрдем беруде тәжірибе алмасу қай тарапқа да пайдасын тигізетіні сөз болды. Шынында да конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында мәселелер көтерген мамандар қайта оңалту жұмыстарын жүргізуде арнайы орталықтардың қажеттігіне мән берді. Иә, ауыр дертті жеңген балалар саны тым көп емес шығар, алайда олардың әрқайсысының қалыпты тіршілікке оралуы қоғам үшін маңызды, сапалы өмір сүруіне қол жеткізуі отандық медицинаның ғана емес, қоғамның да жеңісі. Ізгіленген қоғамда ортаға қайта қосылған әрбір бала – капитал, баға жетпес құндылық дейді. Сондықтан да оңалту орталықтары облыстарда да ашылып, оған мемлекетпен қатар бизнес, жалпы қоғам араласып жатса ғанибет болмақ.