Бүкіл бір жылды жастарға арнайы арнап отырғанда, бос сөзге жол беріп, жас буын азаматтарымыздың болашағына қиянат жасаудың ешбір реті жоқ. Сондықтан да Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жастар саясатын ілгерілетуде, жастарды тәрбиелеу жұмысында науқаншылдыққа және тиімділігі төмен іс-шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керектігін қатаң ескертті.
Алдымен жастардың қажеттіліктерін, мақсат-мүдделерін жан-жақты және кешенді түрде зерттеу арқылы анықтап алып, сол қажеттіліктерге және деңгейге сай келетін жастар саясатын жүргізудің маңыздылығына үлкен мән берілді. Мемлекет басшысы жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету барлық мемлекеттік органдардың міндеті екендігін дұрыс түсініп, қатаң ұстанатындығын да атап өткен абзал.
Қазіргі кездегі посткеңестік кеңістіктегі еріктілер қозғалысына тән ортақ мәселелер қатарына азаматтардың сенімсіздігі, еріктілерге қатысты заңнамалық негіздің жеткіліксіздігі, экономикалық, әкімшілік және технологиялық кедергілер мен келеңсіздіктер, азаматтық қоғамның даму деңгейінің төмендігі, түрлі әлеуметтік таптаурындар жатады. Бұл бойкүйездік, Кеңес дәуірінен азаматтардың санасына сіңіп қалған ерікті-мәжбүрлік сипатындағы қоғамдық жұмыстардың практикалық салдарлары азаматтық бастамалардың тамырына балта шапты. Билік органдарының еріктілерге қатысты бағдарламаларға қатысуға ынтасы болмады, оны көрген жеке азаматтар да еріктілерге қол ұштарын беруге асықпады. Сол сияқты еріктілердің жолында кездесетін кедергілердің қатарына бұл саладағы өзіндік мектеп пен тәжірибенің, қалыптасқан волонтерлік дәстүрдің және оларды қолдауға бағытталған бағдарламалардың жоқтығын жатқызуға болады.
Мәселенің халықаралық тұрғыдағы күрделілігі, оның волонтерлерге әлеуметтік-мәдени феномен ретінде қарап, оны тиісінше дамытудың қажеттілігінен туындайды. Батыс Еуропадағы волонтерлік қозғалыстың басты ерекшеліктерінің біріне ересектердің де, егде жастағылардың да қатысатындығын жатқызуға болады. Ол елдерде, керісінше, волонтерлерге әжептеуір жеңілдіктер беріледі, соның ішінде жұмысқа орналасу кезінде. Ең бастысы – шетелдерде еріктілер қозғалысының негізіне «өзіңді адам деп сезінгің келсе, басқаға көмектес» деген қағидат алынғандығында жатыр. Әлемдегі ересек тұрғындардың 20,8 млн-ы волонтер болып жұмыс істеп, жылына экономикаға 400 млрд АҚШ долларына тең келетін үлес қосады екен. Батыс Еуропада еңбекке жарамды тұрғындардың 2/3-сі әйтеуір бір еріктілер қозғалысына мүше болып кіреді. Дүние жүзінде 126 млн адам волонтерлік жұмысқа өз өмірін толығымен бейімдеген көрінеді. Дамыған мемлекеттердің ІЖӨ-сіне еріктілердің қосатын үлесі 1 пайыздан асады.
Волонтерлік азаматтық қоғамның қалыптасуына өз үлесін қоса алады. Басқаша айтқанда, олар тек қана азаматтық қоғам жағдайында белсенді түрде дамып, өзінің тиісті мәртебесіне ие болады. Басқаларға қызмет ету тұрғысында волонтерлікті мәнін жоғалтқан өмірді қайта табуға талпыныс деп те қарастыруға болады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, волонтерлік жақсы дамыған елдерде адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауының деңгейі әлдеқайда төмен, ал олардың психологиялық денсаулығы, керісінше жоғары. АҚШ-та жастарды волонтерлікке тарту тәжірибесі өте жақсы дамыған. Онда «міндетті волонтерлік» туралы бағдарламалар бар. Ал Финляндияда болса, жастар үшін волонтерлік қызметтің эмоционалдық маңыздылығына ерекше назар аударылатын көрінеді. Егер волонтерлік жұмыс эмоция тудырмаса, азаматтар оның қатарынан шығатындықтарын айтуға құқығы бар. Ынталандырудың келесі бір маңызды қыры оның мазмұндық жағы – маңызды мәселелерді шешуге тырысу, жаңа нәрсеге үйрену, таныстықтың шеңберін кеңейту. Волонтерлердің қатарында көбіне өзіне сенімді, денсаулығы мықты, бақытты, психологиялық тұрғыда дені дұрыс адамдар қалады екен. Жалпы, волонтерлікке тартылған адамдардың барлығына волонтерлік жағымды әсер ететіндігіне күмән келтіруге болмайды. Оның үстіне ол жастардың әлеуметтік бойкүйездігін жеңуге жағдай жасайды.
Волонтерлікті тек қайырымдылықпен ғана байланыстыра қарау да дұрыс емес. Оның мәні мен маңызы тереңде жатыр. Өйткені ол бейбіт өмір, өркендеу, әлем, серіктестік және адамдардың басқа да өмірлік мәселелерімен тығыз байланысты. Волонтерлер адамдарға жоғары деңгейдегі кәсіби қызмет көрсете алады. Олар үкіметтің жұмысын толықтырып, оның қолын ұзартып, жағдайды түбегейлі өзгертуге атсалысады. Волонтерлер өмірге тереңірек қарайды және олар әлеуметтік шеберлікке ие болу арқылы қоғамда сенімділік тудырады, оның бірлігі мен ынтымағын арттыра түседі.
Волонтерлік әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі ретінде адамға өзін өзі дамытуға, өзін әлеуметтік тұрғыда маңызды және пайдалы сезінуіне жағдай қалыптастырады, патриоттық сезімін, рухын күшейтеді. Адам жаңа білім мен тәжірибе жинақтайды. Ол жеке меншік ұйымдар мен кәсіпкерлікті дамытуға, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына мүмкіндік жасайды. Бұл әлеуметтік жауапкершілік пен әлеуметтік бағдарланған қоғамның негізінде адамның қоғамдық табиғаты жатыр, өйткені ол қоғамның әр мүшесіне белгілі бір міндеттер жүктейді. Әлеуметтік жауапкершіліктік үдеріс – мемлекеттің, бизнес пен қоғамның өзара байланысы.
Азаматтық қоғамның дамуы да әлеуметтік жауапкершілікке байланысты. Оның негізі – қоғамдық ұйымдар, соның ішінде волонтерлік. Еріктілік арқылы адамның азаматтық белсенділігі артып, жауапкершілігі дамиды, соның негізінде оның қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндіктері туады. Ендеше волонтерлікті ғаламданған қоғамның болашағы деуімізге де хақылымыз. Қазіргі кезде әлемде волонтерлердің қозғалысы бұрын-соңды болмаған дәрежеде қарқын алып келеді. Сондықтан 1985 жылдан бері БҰҰ волонтерліктің маңыздылығын мойындап, әлемнің барлық елдерін оны қолдау бағытындағы іс-шараларды іске асыруға шақырды.
Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Еріктілер мен азаматтық қоғамның жергілікті қауымдастықтардың тұрақтылығын нығайтудағы ауқымды рөлі және олардың әртүрлі деңгейдегі саясатты дамытып, оны шешудің тәжірибесінің арғы жағында волонтерлікті дамыту мен бүкіл әлемді толғандырып отырған тұрақты дамудың мақсаттарын бір арнаға тоғыстыру мәселесі жатыр. Осыған қол жеткізілмесе, волонтерлікті тек қана жай қоғамдық пайдалы қызмет ретінде ғана емес, сол сияқты мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі таптырмайтын құрал екендігін дәлелдеу де қиынға соғады.
Әу бастан-ақ бұл қозғалыстың басты бағыттары ізгілік, басқаларға деген қамқорлық, қолдауды қажет ететіндерге риясыз немесе өтеусіз еңбек болған. Өз қызметімен олар қарттарды, үйсіздерді, мүгедектерді, жетімдерді және т.б. қамтиды. Бұл жұмыс жануарларға көмек көрсетуден бастап, әділетті және еркін қоғам орнату мен демократиялық басқаруға ұмтылуға дейінгі аралықта кең таралған. Осының барысында волонтерлер өздерінің қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандырады, жеке тұлға ретінде жетіліп, патриоттық тәрбиенің дамуы мен ұлттық-мемлекеттік мүдделерді түсінуге, жалпыадамзаттық және рухани-өнегелік құндылықтарды дамытуға үлес қосады. Қоғамдағы мәдениетаралық төзімділік артып, біреуге деген теріс ниеттілік пен төзбеушілік, қастандық азайып, жастардың қоғамға жат қылықтары кеми түседі. Керісінше, олар өз болмысын көрсете білуге, өмірдегі және қоғамдағы орнын анықтай алуға, тұлға ретінде өзін-өзі дамытуға, басқалардың пікіріне құрметпен қарауға машықтанады. Волонтерлер әлеуметтік қызмет көрсету кезінде жұмыстарын игілік, кең пейілділік, ашықтық, бейресмилік, жігерлілік, нысаналылық, ықыластылық және рақымдылық сияқты адами дүниелерді негізге алады.
Еріктілер қозғалысына қатысу арқылы азаматтар құндылықтық жағынан бейімделу, өз бос уақыттарын ұйымдастырудың өзекті мәселелерін нақты шешуге бағдарлану, өз мүдделерін басқаларға көмек көрсетумен үйлестіре білумен жалғасуы шарт екенін жақсы түсіне бастайды. Бұл жерде еске сала кететіні – әлгі қызметтің құндылығы мен маңыздылығы еріктінің өзіне қажет және мәнді болуы керек. Яғни, ол өз еңбегін – бос уақытын байыппен ұйымдастыру және тұрақты түрде қоғамдық кәсіппен айналысу ретінде түсінгені жөн.
Ал экономикалық тұрғыда алғанда, ол өзінің нарықтық құнын көтеретін жемісті еңбектің бір түрі. Ендеше, волонтерлікті бейкоммерциялық, әлеуметтік жұмыстың мемлекеттік емес, бірақ өз бойында қайырымдылықты сақтаған саласына жатқызуға болады. Ол – қоғам өміріне қатысудың заңды жолы. Волонтерлік қызметтің басты уәжіне мейірбандық, атқарған жұмысынан қанағат алып, жаңа мүмкіндіктер мен мұрат-мүдделерге ұмтылу, жаңа кәсіби қасиеттерді дамыту, өз тәжірибесімен бөлісуін, өзін-өзі сыйлаудың пайда болуын жатқызуға болады. Сайып келгенде, волонтерліктің негізіне еріктілік, тәуелсіздік, бірлік, жан-жақтылық, адамгершілік, әділдік, бейтараптық сияқты қағидаттарды жатқызуға болады. Еріктілер шын мәнінде бастамашыл, белсенді адамдар. Оларға өздері өмір сүріп жатқан қоғамының, елінің проблемаларына немқұрайлы қарау тіптен тән емес.
Волонтерлер үшін дамудың күн тәртібінің иесі болғандығы маңыздырақ. Өйткені адамдар мен ұйымдар, мекемелер әртүрлі бағдарламалар мен іс-шараларға өз еркімен қатысып, оларды жоғарыдан күштеп тағылған емес, керісінше, өздерінікі деп сезінуі және түсінуі қажет. Ендеше, бұл жердегі тағы бір маңызды нәрсе – волонтерлерді стратегиялық жоспарларды іске асыруға тартып, сол үдерістерге оларды кіріктіру, яғни әу бастан-ақ стратегияларда еріктілер шешімнің құрамдас бөлігі ретінде қаралып, ойластырылғандығы шарт.
Волонтерлер қызметінің басты қағидаты – еріктілік. Еріктілердің қызметі олардың өз бастамалары негізінде жүргізіледі. Өз еркімен, саналы түрде қызмет атқаруға ниет білдіргендіктен волонтерлер басқа адамдардың адамгершілігін олардың жеке және мәдени ерекшеліктерін құрметтейді, өз жұмысының сапасына, оның өз мерзімінде орындалуына жауап береді және олар жаңа білімдер мен шеберліктерді қабылдауға әрдайым ашық болып келеді. Сонымен бірге еріктілердің тиісті құқықтары мен міндеттері де айқындалған. Волонтерлердің өмірлік ұстанымдары мына өсиеттерде: ортақ іске адал бол, атқаратын тапсырмаларыңды түсін, жұмысыңды шын жүрегіңмен істе және еріктілік кәсібіңді мақтан ет, ол сенің жаныңның байлығын молайтады дегенге саяды.
Еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекіткен «Волонтерлік қызмет туралы» арнайы заң Қазақстанда 2016 жылдың аяғында қабылданды. Ол ЭКСПО-2017 көрмесін ойдағыдай өткізуге, оған еріктілерді жұмылдыруға заңдық негіз қалап берді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануын еріктілікті дамытудың жаңа кезеңі деп санайды. Сондықтан ол волонтерлік қозғалыстың көшбасшыларын ауқымды әлеуметтік міндеттерді шешу ісіне белсенді атсалысуға шақырды. Осы саладағы халықаралық серіктестікті ынталандыру қажеттігіне көңіл аударылып, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды.
Президент бастамаларының ішіндегі өзінің маңыздылығы жағынан ерекше орын алатыны – 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялауы. Себебі 2017 жылғы ЭКСПО халықаралық көрмесі мен 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау елімізде волонтерлер қозғалысы қабырғасының қатайып, өз дамуында қарқын алуына жағдай жасасады. Ендеше, 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялау оның тұрақты даму жолына түсіп, сандық қана емес, сапалық көрсеткіштерге қол жеткізіп, волонтерлікті аймақтарда дамыту, қозғалыстың басты бағыттарын анықтауға және оны ілгерілетуге ықпал етер еді. Сонда ғана оның тарихи-мәдени саламен шектелмей, барлық аймақтардағы маңызды әлеуметтік-қоғамдық мәселелердің халықтың мүддесі тұрғысында шешілуіне негіз болары анық. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстандағы еріктілер қозғалысына ерекше көңіл бөлуінде үлкен мән жатыр. Біріншіден, Президент бұл мәселенің халықаралық тәжірибесін жан-жақты біледі. Екіншіден, ол оның маңызын терең түсінеді. Үшіншіден, нағыз патриотизм – еріктілік, яғни Президент олардың өз еліне қызмет ету және оны көркейтуге қатты ынталы азаматтар екендігіне сенімді. Төртіншіден, тұлғаның жеке басының үлкен жеңісіне, оның жетістіктерінің тарихын қалыптастыруға жол ашатынына күмән келтірмейді. Бесіншіден, Қ.Тоқаев БҰҰ-да жұмыс істеген кезінде халықаралық волонтерлерге қолдау көрсеткен. Алтыншыдан, Президент еріктілерге біздер, ел басшылары көмектесуге міндеттіміз деп, Үкімет пен облыс әкімдеріне волонтерлік қозғалысты барынша қолдау туралы тапсырма бергені қоғамда, әсіресе жастар арасында қызу қолдау тауып отыр.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы