Спорт • 09 Қазан, 2019

Жаңаөзеннің жампозы

230 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан ерлер арасында өткен әлем чемпионаты тарих қойнауына кетті. 90 мемлекеттен 400-ге жуық боксшы бақ сынаған сайыста еліміз 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен бейресми жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінді. Ал құрама қоржынына жалғыз алтын медальды Бекзат Нұрдәулетов салды.

Жаңаөзеннің жампозы

 Ширек финалда жүлдесіз қала жаздады

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында туып-өскен Бекзатты әкесі ең алғаш рет 10 жасында бокс үйірмесіне ертіп барған екен. Үйдің үлкені болғандықтан іні-қарындасына қорған болсын деген ой ғой. Жекпе-жектің бұл түрі болашақ чемпионға бірден ұнаған көрінеді. Содан жағдай өзгеріп, бала Бекзат 11 жылдан кейін әлем чемпионы атанып отыр.

Негізі, Бекзат бағы бар жігіт екен. Әйтпесе қаншама талантты боксшы әлем түгілі құрлық біріншілігінде бой көрсете алмай, қолғабын шегеге іліп жатқанын көріп жүрміз. Ал 22 жастағы боксшының бағы мен бабы қатар шапты. Олай дейтіміз, Жаңаөзеннің тумасы бұған дейін 91 кило салмақта бақ сынап келді. Жастар арасында әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Қазақстан чемпионатының финалисі, Спартакиаданың қола жүлдегері атанды. Барлығы жүлделі орын. Оның үстіне Қазақстан чемпионатында тәжірибелі Василий Левитке есесі кеткені бар. Вася тұрған кезде 91 кило салмақта №1 боксшы бола алмайтынына көзі жеткен Марат Жәкиевтің шәкірті 81 кило салмақ дәрежесіне ауысуға бел буды. Ол бірден жаңа салмақты жатсынбады. Президент кубогына қатысып көріп еді, күміс медаль еншіледі. Нәтижесінде, әлем біріншілігіне баратындардың тізімінен Бекзат та табылды. Бұл туралы бас бапкер Ғалым Кенжебаев былай деген еді: «81 килода бәсеке өте күшті. Азия чемпионы Бек Нұрмағамбет, Президент кубогының финалисі Бекзат Нұрдәулетов және жастар арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбай құрама сапында жаттығып жүр. Бұл жолғы таңдау Бекзатқа түсті».

Бас бапкер Ғалым Қалиұлы дұрыс таңдау жасапты. Ширек финалға дейін Бекзат Хон Ин Ги (Оңтүстік Ко­рея), Корбай Налек (Венесуэла), Мача­до Кеноны (Бразилия) оңай ұтты. Ал ширек финалда түрік боксшысы Байрам Малканмен қолғап түйістірген жерлесіміз ойда жоқта жүлдесіз қала жаздады. Себебі екінші кезеңнің қо­рытындысы бойынша екі боксшының ұпайы тең болатын. Тек соңғы шешуші раундта ғана бапкерлер ақылына құлақ асқан Нұрдәулетов түрік боксшысына бірнеше соққы дарытып, жеңісті жұлып алды.

Ла Круздың арманын күл-талқан етті

Жартылай финал. Көп боксшылар рингке шығарда түрлі қимылдар жасап, секіріп, айқайлап жатады емес пе? Солардың бірі Бекзаттың қарсыласы – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Сезар Ла Круз еді. Жекпе-жек алдында «Бұл жолы қалай болады екен?» деп тақымымызды қысқанымыз рас. Сөйт­сек, жерлесіміз алынбас қамалдай кө­рінген «Куба қабыланын» сабады ғой, шіркін. Сол қолмен иек пен маң­дайдан, оң қолмен құлақ шекеден бірнеше соққы жасаған Бекзат тіпті екінші раундта қарсыласын нокдаунға жі­берді. Кейін статистикаға қарасақ, он жыл бойы әлемде №1 боксшы атанған Ла Круз карьерасында бірде-бір нокдаун алып көрмепті. Осылайша бұл 81 ки­лода Куба дәуірінің біткен күні болды.

«Әр айқас өзінше қиын болды. Со­лардың ішінде кубалық Ла Круз­бен өткен кездесуді ерекше атап өтер едім. Қалай дегенмен Олим­пия ойындарының чемпионы, әлем бірін­ші­ліктерінде де топ жарған. Аты жер жарған қарсылас Әділбек Ниязым­бе­товтің жолын бірнеше рет байлаған боксшы. Әділбек ағам да тактикалық тұрғыда кеңесін айтты, өз тәжірибесімен бөлісті. Бапкерлер де оны әбден зерттеген ғой. Соның арқасында жеңіске жеттім. Осындай азулы қарсыласты жеңу үшін дұрыс тактика құрған бапкерлеріме алғыс айтқым келеді. Бұл – жеңіс тек менің емес, қазақ халқының, бапкерлерімнің, командамыздың жеңісі», деді Бекзат.

Ла Круз бұған дейін 81 килода сынға түскен жерлесіміз Әділбек Ниязым­бетовті 2011, 2013 жылғы әлем бірін­шілігінің финалында екі рет жеңгенін, Рио Олимпиадасында алтынсыз қал­дырғанын білеміз. Бір қызығы, Әділбек те, Бекзат та Маңғыстау облысынан және екеуі де Марат Жәкиевтің шәкірті. Енді заңды сұрақ туады. Осындай жеңіс Нұрдәулетовке қалай келді? Жауап іздеп көрелік. Біріншіден, бізге Бекзат барлық қарсыласынан ірі көрінді. Ірі болатындай жөні бар. Ол бұған дейін 91 килоға дейінгі салмақта сынға түскен-ді. Сол қолмен жасаған соққылары көбіне діттеген жеріне жетіп отырды. Екіншіден, Бекзаттың қайсарлығына тәнті болдық. Рингке шығар алдында ол өзін салмақты ұстап, көзбен қарсыласының мысын басып тастай алады екен. Өзіне өте сенімді. Үшіншіден, Жәкиев бапкерге Хулио таңсық боксшы емес. Оның шәкірті Ниязымбетовпен үш рет кездескенін айттық. Әлем чемпионаты алдында Ресейде Қазақстан мен Куба боксшылары оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сол кезде Марат бапкер шәкіртін кубалық боксшыға арнайы даярлаған. Осының барлығы бір арнаға тоғысқаннан кейін жерлесіміз бұл жекпе-жекте жеңімпаз атанып отыр. 

Бекзат бұл жекпе-жек жайлы: «Ла Круз нокдаун алған кезде-ақ жеңіске жететінімді білдім. Осыдан кейін 81 килода Куба дәуірінің күнін аяқталды деп ойлаймын. Ла Круздың өзі де әлем чемпионатында төрт рет топ жарып, атын бокс тарихына қалдырғысы келгені анық. Бірақ оның арманы бұл жолы орындалмады».

Рухы мықтыға жеңіс бақыты бұйырады

Рухы мықты деген осы шығар. Барды, әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы демей  шықты, жеңіске жетті. Осындай рухпен Бекзат әлем чем­пио­натының финалында өзбек Дилшодбек Рузметовпен қолғап түйіс­тірді. Дәл осы өзбек боксшысы биылғы Азия біріншілігінде тағы бір жерлесіміз Бек Нұрмағамбетовтен жеңілген болатын. Бұл жолы да оның Алаш баласына есесі кетті. Барлық төреші бірауыздан Бекзат Нұрдәулетовті (5:0) жеңімпаз деп таныды. Бұдан артық не керек?! Бекзатқа бәрекелді дейміз.

 Енді 81 килоны «қазақтың салмағы» дейтін күн де алыс емес. Себебі бапкерлер қазірдің өзінде лицензиялық турнирге кімді алып барамыз деп бас қатырып отыр. Бұл салмақта әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтен бөлек, Азия чемпионы Бек Нұрмағамбет, жас­тар арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбай бар. Үшеуінің кез келгені атой салуға дайын. Бәсекенің жоғары екенін, ал бәсекелестік артса, құраманың көрсеткіші жоғары болатыны сөзсіз.

«Арманым – Олимпиада чемпио­ны болу. Соған ұмтыламын. Ең алдымен отбасым мен халқымның үміті. Бір қауым ел сеніп тұрғанын білгенде, босаңсуға хақым жоқ деп санаймын. Сондықтан демалыс уақытында да жаттығудан қол үзбеймін», деді чемпион.

Бәрекелді! Енді Бекзатқа және құрамадағы боксшыларымыздың есіне сала кетсек. Алдағы уақытта даңғазаға бой ұрып той тойлап кетпей, 2020 жылы Токио Олимпиадасына дейін аянбай тер төксе дейміз. Қанша жерден атақ-даңқың дүркіреп тұрғанымен, кімнің дайындығы күшті, сол әрдайым биік тұғырдан көрінетінін ұмытпау керек.

 

Алмас МАНАП