Руханият • 09 Қазан, 2019

Ақтауда жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды

698 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шара Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өтті. Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жас ақындар мүшәйрасының марапаттау кешіне облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясы, білім басқармасы, жастар ұйымының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Ақтауда жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды

«Қазақ тілі» ҚБ төрағасы Бектұр Төлеуғалиевтің айтуынша, бірлестік Әбішке арналған байқауларды 1995 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Дарынды жастарды анықтау, қолдау көрсету мақсатындағы байқауда бақ сынаған 20-ға тарта жас ақындардың облыстың белгілі өнер адамдары мен ғалымдар бағалады.

Нәтижесінде, 1-орынды Шайыр орта мектебінің 10-сынып оқушысы Амандық Орынбаев, 2-орынды «Білім инновация лицейінің» 10-сынып оқушысы Рамазан Тезекбаев иеленсе, 3-орын Маңғыстау ауданы, Шетпе лицейінің 11-сынып оқушысы Ұлдай Дауыловаға бұйырды. Марапатты Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев табыстады.

Сондай-ақ шарада өзге аталымдар бойынша өткен байқаудың  қорытындылары жарияланды. «Қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы шығарма» аталымы бойынша Түпқараған ауданы Ж.Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Гүлдана Нұрғабылова жүйрік деп танылды. «Елбасы еңбектерінен шығарма» аталымы бойынша ынталандыру сыйлығын ІТ лицейінің 10-сынып оқушысы Шұғыла Жоламанова, 3-орынды Бейнеу ауданының Күйкен орта мектебінің оқушысы Айдана Жадигерова ұтып алса, «Әбіш Кекілбаевтың еңбектерінен шығарма» аталымынан 1-орын Қарақия ауданының №1 мектептің 9-сынып оқушысы Арайлым Сабыроваға, «Абай Құнанбаевтың еңбектерінен шығарма» аталымынан жүлде Түпқараған ауданының М.Әбдіхалықов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ұлмира Жиделіге бұйырды.

Байқауда орын алған жүлдегерлерге дипломдар және қымбат сыйлықтар табысталды, ынталандыру сыйлығын алғандар да тартудан тыс қалған жоқ.