Аймақтар • 09 Қазан, 2019

Маңғыстауда Әбіш пен Фариза шығармашылығына арналған «Сөз бен саз» кеші өтеді

531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау арнасындағы «Сөз бен саз» бағдарламасының 27- концерті, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Әбіш Кекілбаевпен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Бұл туралы Маңғыстау облысының өңірлік коммуникация қызметінен хабарлады.

Маңғыстауда Әбіш пен Фариза шығармашылығына арналған «Сөз бен саз» кеші өтеді

Маңғыстау ауданында өтетін мерекелік кешке Қазақстанның әр аймағынан жиналған сазгерлердің ұлы тұлғаларымызға арнап шығарған әндері шырқалатын болады.

- Осы уақытқа дейін Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсыноваға арнап, арғы тарихы отыз жылдан аса, бергісі жас буын сазгерлер ән арнаған екен. Барлығын жинақтап бір концертке сыйғызып отырмыз. Бұл жерде Әбіш Кекілбайұлының шығармаларымен Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне жазылған әндер айтылмайды. Оларға арналған әндер айтылады. Негізгі авторлары еліміздің 8 облысынан келеді деп жоспарлап отырмыз,  - деді «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Бердіхан Әлмен.

80 жылдыққа арналған мерейтойда Жамбыл облысынан «Фариза жан» әнінің авторы, мәдениет саласының үздігі Әбиірбек Тінәлі, Алматы қаласынан қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Әлқожа, Қызылорда облысынан композитор Жақсыгүл Бегманова, Ақтөбе облысына Марғұлан Құлмағанбетов және маңғыстаулық ақын-сазгерлер қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік қазіргі уақытта Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облысында  Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынова есімі берілген 6 мектеп бар. Шығармашылық кештің ерекшелігі – аталған үш облыстан ең үздік деген оқушылары келіп, әдебиет алыптарының өлеңдерін нақышына келтіріп оқитын болады.