Руханият • 10 Қазан, 2019

Морозов орамындағы ойлар

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отыз-қырық үйден аспайтын елеусіз ғана орам. Жаңа мектеп ашылмағанда мұндай орамның бар екенін білмей де кетер ем. Биылғы жаңа оқу жылында бас қаламызда Абай Құнанбайұлы атында мектеп-гимназия ашылған. Оның ат шаптырым аумағының бір бұрышы нақ осы орамға тіреліп тұр. Баламды мектептен алып келе жатып, тура осы орамды басып өтем. Әр үйдің қақпасынан үш тілде көрнекі етіп жазылған Павлик Морозов есімін көрген сайын есіме қайдағы-жайдағы нәрселер түсіп, бойымды қызық сезімдер билейді.

Морозов  орамындағы ойлар

Кеңес одағының барлық пионеріне үлгі болған Павлик Морозовты 1931 жылы 13-14 жасында өз атасы пышақтап өлтірген. Орманға жидек тере барған Павлик пен інісі Федор сол күйі қайтқан жоқ. Кәдімгі шаруа пышағымен қаруланған қылмыскерлер, яғни, атасы Сергей Морозов мен әкесінің інісі Данила Морозов екі жасөспірімді өлтіреді. Бұл қылмысқа әже­сі Ксенияның да қа­ты­сы болғаны үшін сексендегі атасы мен әжесі түрмеге қамалып, ал, Данила мен «тапсырыс беруші» Арсений Кулуканов ату жазасына кесілген. Сексендегі қалтылдаған шал неге ет жақынын өлтірді? Өйткені 13 жастағы пионер бала сотта өз әкесіне қарсы куә болған. Сол заманда сельсоветтің төрағасы болған Трофим Моро­зовтың бай-құлақ­тар­мен сыбайлас­тығын, оларды салықтан босат­қа­нын, үкіметке тие­сі­лі астықты тығып қойғанын, қысқасы, әкесінің үкіметке қарсы істерін сот залында жайып салған. Содан соттың үкімімен Трофим Морозов он жылға сотталып кетеді. Тобыл губерниясына қарасты Герасимовка деревнясында болған сұмдық оқиғаның қысқаша мән-жайы осы. Кеңес үкіметі бұл баланы елу жыл бойы дәріптеп келді. «Қоғамда әділеттің , шындықтың салтанат құруы үшін туған әкесін де аяған жоқ». Тек қайта құру заманында әйгілі пионерге деген көзқарас өзгеріп, «туған әкесін сатты» деген жаққа қарай салмақ алып кетті. Бірақ қалай құбылтып айтсаң да туған әкесін сатқаны, сосын атасы мен туыс ағасының қолынан мерт болғаны факті күйінде қалады. Сельсоветтің төрағасы бол­ған әкенің төрт бала­сы мен әйелін тастап, басқа әйелге кетіп қалғаны, шешесі Татьянаның балаларды өз туыстарына жат етіп өсіргені баланың сотта өз әкесіне қарсы куәлік беруіне жеткіліксіз аргу­мент сияқты. Жалпы, Павлик Морозовтың бейбақ тағдырына қызыққан жұрт­қа оның өмірінде қым-қиғаш нәрселер өте көп. Бірақ меніңше соның ішін­де­гі ең елеулісі – әке мен баланың көзқарасының да, тұрмыстық жағ­дайының да үй­лес­пеуі. Әке бәрібір ескілікті жақтайды. Жаңа үкі­мет­тің қолшоқпары болып жүрсе де, оған қарсы әрекеттер жасайды. Жас бала жаңаның жаршысы. Өзі отағасы жоқ ошақтың бас көтерері. Төрт ұлдың ішіндегі тұңғышы. Қолында дымы жоқ кедей. Әке – бай, бала – кедей. Трагедияның басы осы жерде.

Тарихты сызып тас­тай алмайсың. Сондай да болған. Бірақ, бұл тегі жат, қаны бөлек басқа халықтың тарихы. Байтақ қазақ елінің ас­та­насындағы Абай Құ­нан­­­байұлы атындағы мек­­теп-гимназияға, онда білім алып жатқан жас жет­кін­шектерге балаң санасы жарақатқа ұшы­рап, соңын­да тағдыры трагедия­мен аяқталған Павлик Моро­зовтың қатысы бар ма? Олар неге күнделікті сол есімге көзайым болуы тиіс? Елеусіз орамда тұрса да, қайта-қайта көзімізге түскен соң, амалсыз жаздық. Арғы жағы ономастикалық комиссияға аманат.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»