Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Алаш жұрты абызын ардақтады

427 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапарымен барып, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы аясын­да орнатылған ескерткіш­тің ашылу рәсіміне қа­тыс­ты.

Алаш жұрты абызын ардақтады

Мерейтой Ақтау қаласында Әбіш Кекілбайұлының атындағы об­лыс­тық тарихи-өлкетану мұ­ра­жайы ғимаратының және ғимарат алдына қойылған жазу­шы ескерт­кішінің ашылуымен бас­талды.

Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлының ерен еңбегі қандай құрметке де лайық екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткерінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірі ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқи­ға деп бағалады.

–Біз бүгін рухын ұлықтап отыр­­ған Әбіш Кекілбайұлы – адам­­заттық болмыстың жо­ға­ры дең­гейіне көтерілген бір­туар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халқымыздың мақтанышына ай­налған аза­маттардың есімін жа­дымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Ел­ба­сының «Шір­кін-ай, осындай қазақтар көбі­рек болса екен», деп Әбіш ағаға ризашылық біл­діруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құр­мет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады,– деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның Еңбек Ері ата­­ғына ие болған тұңғыш қалам­­гер­дің әдебиет әлеміне кел­геннен бас­тап ұлттық сананы сақтау үшін мол үлес қос­қа­нына, ана тілімізді, салт-дәс­­түрімізді және төл мәде­ние­тімізді дәріптеп, хал­­қына адал қызмет еткеніне тоқ­тал­ды. Ұлт­тық болмыс пен ұлт­­тық рух Ә.Кекілбайұлы шы­ғар­­­­ма­шы­лы­­ғы­ның діңгегіне ай­нал­­ғанын айт­ты.

–«Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Клас­сик қаламгердің бұл еңбек­тері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді, – деп баға берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекетіміздің же­тістіктері қаламгердің ұлт тағ­дыры туралы мақалаларында толық көрініс тауып, қоғамның шынайы сипатын танытқан Әбіш Кекілбайұлының көсем­сөзі халық­тың рухани азығына ай­налғанын, заңғар жазушының туындыларына тарих пен тәуел­сіздіктің арқау болғанын сөз етті.

– Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шексіз, бірегей және әмбебап. Әбіш Кекілбайұлы – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дейді. Әбіш Кекілбайұлының шығармалары ғасырдан-ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері екенін, Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы жазу­шының еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты.

– Әбіш Кекілбайұлы тәуелсіз­ді­гімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы ел мүддесін бәрінен де биік қойған нағыз патриот, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат, барша жұртқа ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен тұлға екенін айта келе, қазіргі қазақстандық патриотизм үш тұғырға негізделуі керек деп санайтынын мәлім етті.

– Бірінші, патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады. Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте ма­ңызды. Түп-тамырымыз мың­жыл­дықтарға ұласады. Мұны мақ­­таныш сезіммен айту – парыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол тарихымызға қатысты көптеген деректі жа­рыққа шығару қажеттігіне, азат­тық үшін күрескен арыс­тары­мыздың есімін ұлықтау арқы­лы азаматтарымыздың, әсіресе жас­тардың бойына отан­шыл­дықты дарыта алатынымызға мән берді.

– Екінші, патриотизм мем­лекетімізді және мемлекеттік инс­титуттарды құрметтеуден бас­талады. Мемлекетіміздің қазіргі құндылықтарын бағалау бар­шамызға ортақ міндет. Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз. Көпшілік, әсіресе жастар мемлекет болмаса, ұлт болмайтынын ұғынғаны жөн. Бүгінгі буын түрлі қауесеттің жетегіне ермей, ел іргесінің бүтіндігін сақтауға атсалысуы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Қазақ­стан патриотизмі» ұғымы бәріміз үшін ұлттық құндылық болуы қажет екеніне, бүкіл идеология Отанды шексіз сүюге бағытталу керектігіне тоқталып, еліміздегі жастар ұйымдарын осы игі бас­тамаға жұмылуға шақырды.

– Үшінші, біздің мақсатымыз – ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, әлемдегі ла­йықты орнымызды алу. Отан­сүйгіштік – жай ғана ұран тастау емес. Қазіргі таңда бұл білім алу, ғылымға ұмтылу, инновация мен технологияны игеру арқылы жүзеге асады. Бүгінгі заман – бі­лектінің емес, білімдінің, яғни, ақыл-ой бәсекесінің заманы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастарымыз Қазақ елін бүкіл дүниежүзіне танытатын жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға талпынуы керек деді. Сонда ғана отаншыл, ұлтжанды ұрпақты жаңа геосаясат, геоэкономика жағдайына бейімдей алатынымызды айтты. Қазақстан патриотизмі осындай үш тұғырға негізделсе, тәуелсіздігіміздің нығайып, еліміздің жарқын болашағына жол ашатынына тоқталды.

Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының салмақты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы деп ерекше екпін берді.

– Бүгінгі күні зиялы қауымның маңызды міндеті өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу деп санаймын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөз соңында Әбіш Кекілбайұлының «Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген сөзі әрдайым есімізде тұратынын айтып, жазушының мол мұрасы, өнегелі тағылымы осы мақсатқа қызмет ете беретініне сенім біл­дірді.

Мерейтойдың ашылуына­ Қазақ­стан Республикасы Пре­мьер-­Министрінің орын­ба­са­ры Б.Сапарбаев, Ә.Кекілбай­ұлының жары Клара Жұмабайқызы, елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, жазушының замандас-достары және бірнеше елден келген қонақтар қатысты.

Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов өзінің құттықтау сөзінде: «Әбіш есімді данышпанды осыдан сексен жыл бұрын қазақ халқы бүкіл әлемге «Осындай да ұл таба аламыз!» деу үшін туғандай көрінеді. Халқымыз Әбіштей перзентін бір адамның бойына кісіліктің де, кішіліктің де, даналықтың да, даралықтың да, саралықтың да, шешендіктің де, көсемдіктің де қатарынан біте алатынын, бір адамның әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әрі аудармашы, әрі философ, әрі тарихшы, әрі әдебиеттанушы, әрі өнертанушы, әрі әлеуметтанушы, әрі саясаттанушы, әрі саясаткер, әрі қайраткер бола алатынын дәлелдеу үшін, солардың бәрінде де бір адамның кемелдікке жете алатынын көр­сету үшін туғандай көрінеді», дей келе, қа­зіргі әлемдегі қалам ұстаған адамға қойылар ең биік талаптың, суреткер атаулы салынар ең қатал сынақтың қан­дайына да шыдас беретін, әлем әдебиетіндегі ұлы жазушыларға тән қасиеттердің бәрі бар Әбіштің шын кемеңгерлігін дәлелдеу, түсіндіру, насихаттау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу керектігін айтты.

Ел азаматтары атынан сөз алған мемлекет және қоғам қай­раткері З.Алшымбаев пен ақын С.Нұржан Әбіш Кекілбайұлының есімі мен еңбегін ардақ тұтып арнайы келген Мемлекет басшысына, қонақтарға маңғыстаулықтар атынан алғыс айтып, Әбіштің шығармашылық және азаматтық болмысына тың ойларымен тө­гілте баға берді.

Осы күні Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Әбіш Кекілбайұлының аты беріліп, жаңа ғимаратқа көшкен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ әкімдігіне музей құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі заңғар жазушының сексенжылдық мерейтойы шеңберінде пайдалануға берілді.

Жалпы, бұл кешен «Әбіш Кекілбайұлы мәдени орталығы» деп аталады. Онда Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінен бөлек, кітапхана мен облыстық музыкалық-драма театрдың ғимараты да салынады. Кешеннің құрылысы биылғы қаңтар айында басталған. Толық аяқталуы 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Оның жалпы аумағы 10,6 гектар жерді құ­райды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық музей­дің жаңа ғимаратын аралап көрді. Естелік кітапқа тілегін жазып, қол­таңба қалдырды.

Айта кетейік, орталық алдын­дағы алаңға орналасқан ескерт­кіштің авторы – мүсінші, суретші Кө­шер Байғазиев. Қоладан тұрғы­зылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр, салмағы – 3,5 тонна болса,  тұғырының биікті – 2,4 метр.

Құны 48 млн теңге тұратын жобаның құрылыс жұмыстары 2019 жылы мамырда NCOC ком­паниясының демеушілігімен бас­талған болатын.

Мәдени орталықтың ашылу салтанатына жиналған жұрт­шылық зергерлер, ағаш, тас қашау өнерінің шеберлері, қолөнершілер мен тігіншілер ұсынған туындыларды тамашалады.

Маңғыстауда жазушының 80 жылдығына арналған шаралар жалғасын таппақ.

 

Маңғыстау облысы