Бір өкініштісі, статистикалық мәліметтер де бүгінде елімізде алаңдатар ахуалдың екендігінен хабар береді. Біздің елдің тек суицидтің өзінен әлем елдері арасында алдыңғы төртінші орынды иеленіп тұруы ешкімді бейжай қалдырмаса керек. 2016 жылғы мәліметке жүгінсек, тек бір жылда 1756 өз-өзіне қол салу жағдайлары орын алған. Соның ішінде тек 700-ден астам дәйектің ғана нақты себептері анықталған. Олардың басым көпшілігі жалғыздықтан, өзін керексіз сезінуден, тұрмыстық ауыртпашылыққа шыдамаудан, ата-аналарымен, туыстарымен тіл табыса алмау сияқты жағдайлардан өз-өзіне қол жұмсауға барған. Ал қыздарымыздың кәмелет жасына жетпей жүкті болып қалуы жағынан Батыс Еуропа елдерінің өзін екі-үш есе артқа тастапты. Тағы да статистикалық деректерге жүгінер болсақ, тек соңғы бес жылдың ішінде 33 051 осындай жүктілік жайлы дәйектер тіркелген, соның ішінде мектеп қабырғасында жүрген 15-18 жас аралығындағы 9 906 қыздарымыз жасанды түсік жасатқан. Осындай жағымсыз жағдаяттардың орын алу себебі неде?
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «ұлтымыздың рухани жаңғыруындағы қоғамдық ұйымдардың рөлінің де аса маңызды екенін» ескере келе, 1992 жылы құрылған «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығының атқарып жатқан қызметі жайында бірер ауыз сөз қозғамақпыз.
Бүгінгі таңда «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына кіретін еліміздің барлық өңірлерінде таралған қайырымдылық мекемелер саны алпыстан асты. Қаржыландыру көзі отандық демеушілеріміздің қаржылай және мүліктік жәрдемі болып табылады. Қайырымдылық мекемелер бүгінгі күні мектеп жасындағы балаларға, орта деңгейлі оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, ата-бабаларымыздың жолы, салт-дәстүрлеріне сай тәрбие жұмысымен айналысады. Осы мақсатта негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалалардағы, облыс, аудан орталықтарындағы алдыңғы қатарлы мектептерде, лицейлер мен гимназияларда, орта және жоғары оқу орындарында алыс, шалғай ауыл балаларының келіп білім алуына мүмкіндік туғызады. Сол үшін халықтың тығыз орналасқан үлкен қалаларда оларға тұрақты жататын орнымен, күнделікті ас-ауқатын айырып отыратын осындай қайырымдылық мекемелер қызметтері ұйымдастырылған. Көпшіліктің қажеттілігіне сай қызмет жасап жатқан қайырымдылық мекемелердің қалыптасып, аяғынан тұрып кетуіне қаржылай да, қол жәрдемімен де көмек беріп, жанашыр болып жүрген ел азаматтары көптеп саналады. Сонымен қатар күнделікті қажеттіліктерімізді өтеуде қарапайым тұрғындардың, жеке кәсіпкерлердің, сауда нүктелеріндегі, базарлардағы бөлшек саудамен айналысып жүрген көпшіліктің көрсеткен көмектері орасан зор.
Жақсыны көрмекке дегендей, біздің мекемелердің тәрбиеленушілерімен кездесуге келіп, құрметті қонақтары болып кеткен мемлекет қайраткерлерімен, лауазымды тұлғадағы ел азаматтарының бірқатарын, соның ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай» қайырымдылық мекемесінде қонақта болып, тәрбиеленуші шәкірттерімізбен бірге естелік суретке түскенін атап өту біз үшін үлкен абырой. Зиялы қауым өкілдерінің санитарлық талаптарға сай кең, жарық әрі жайлы жатақханаларды аралап, тәлім алушы жастарымызбен жақын танысқаны олардың ел болашағына деген шынайы жанашырлығының белгісі. Ал күнделікті оқу-тәрбие жұмыстары барысына келсек, мекемедегі сыныптар заманауи талаптарға сай электронды құралдармен қамтамасыз етілген, шәкірттеріміздің оқу үлгерімдерінің жетістіктері күн сайын, тоқсандық қорытындылары сынақ тапсыру арқылы жіті қадағалануда. Тоқсан қорытындысы бойынша жеткен жетістіктерімізбен кеткен кемшіліктерімізді сараптап, алдағы мерзімге қажетті іс-шараларды жоспарлап оң нәтижеге жетудің жолдарын қарастырамыз. Мүмкіндігінше үштілділік саясатты жүзеге асыру үшін ағылшын, орыс тілдерін терең меңгеруге, болашақта ғылыммен шұғылдануға ынталандыру мақсатында математика, физика сияқты күрделі пәндерден қосымша репетиторлармен жұмыс істеуге жағдай туғызудамыз. Мекемелердің штаттық кестесінде тәрбие жұмысына жауапты арнайы педагогикалық білімді ұстаз лауазымдары және тәрбиеленушілердің денсаулығын қадағалап алғашқы медициналық көмек көрсетуге және санитарлық нормалардың талаптарының орындалуын қадағалауға тиісті орта дәрежелі медицина қызметкері лауазымдары қарастырылған.
Тәрбие жұмыстарын жүргізуде мемлекеттік және кәсіби мерекелерде, басқа да арнаулы даталарға байланысты өткізілетін мәдени-спорттық іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, соған сәйкес үнемі бақылауда ұсталынады. Соның нәтижесі мектеп шәкірттері де, студент жастар да өз орталарында білім жағынан да, қоғамдық белсенділігі жағынан да көзге түсіп, дүбірлі додаларда жүлделі орындарға ие болуда. Жүйелі түрде беріліп отырған рухани танымдық және имандылық, патриоттық тәрбиемен сусындаған түлектеріміз әртүрлі салада қызметтерін адал атқарып, отбасылық құндылықтарға аса мән беретін жарасымды отбасы құрып, еліміздің әртүрлі өндіріс ошақтарының тіректеріне айналды. Атап өтер болсақ, бүгінде шамамен, білім саласында 340, мәдениет саласында 100, діни бірлестіктерде және дін саласында 265, заң саласында 93, денсаулық сақтау саласында 162, құрылыс саласында 433, көлік және коммуникация саласында 165, коммуналдық қызметте 111, байланыс саласында 69, ауылшаруашылық саласында 300, жиһаз жасау кәсібінде 136, жеке кәсіпкерлік саласында 956-дан аса түлегіміз еңбек етіп, ел экономикасының дамуына белсенді араласуда. Бізден тәрбие алып шыққан түлектердің біршамасы топ жарып шығып, жаһандық бәсекелестікте де өз білімдерімен біліктіліктерін жетілдіруі арқылы алдыңғы қатарлы бірқатар елде, АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Азия елдерінде, Ресей Федерациясында ел абыройын арттырып еңбек етуде.
Берілетін тәлім-тәрбиенің негізгі темірқазығы болып табылатын әрекеттің бастапқы қадамы, ол, әлбетте әуелі оларды имандылыққа баулудан басталады. Сол себепті біз тәрбиеленушілерімізге негізгі сабақтарынан тыс уақытта бір мезгіл ата-баба мұрасымен жалғасып келе жатқан сүннет жолы, Матруди ақидасымен, Ханафи мазхабымен ұштасқан рухани-имандылық негіздерін үйренулеріне қолайлы жағдай туғызамыз. Оқытылатын пәндердің, оқулықтар мен әдебиеттер тізімі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің арнайы құрған комиссиясында тексеріліп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптауынан өткізіліп мақұлданған. Соның нәтижесі тәжірибемізде байқағанымыздай, қоғам тарапынан біздің мекемелердің қызметіне деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқандығы. Оған себеп, біріншіден, балаларының болашағын бізге аманаттаған ата-аналардың біздің мекемелердің қызметіне деген сенімдерінің артуы. Екіншіден, біздердің әлеуметтік әлжуаз топтардың арасында ұдайы өткізетін қайырымдылық шараларымыз. Үшіншіден, шет жерден елге оралып жатқан ағайындардың балаларының біздің мекемелерден өтетін бейімделу шаралары, яғни олардың орысша тіл, кириллица әрпімен жазу заңдылықтарын үйренулері.
Осы уақытқа дейінгі мәліметтерге сүйенер болсақ, «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы құрамына кіретін қайырымдылық мекемелерден тәрбие алып шыққан түлектер бірлік пен бейбітшілікті дәріптейтін, сабырлық сақтап қарапайым халықпен етене араласатын, толеранттылық пен тұрақтылық тұғырының нығаюына белсене атсалысып азаматтық позициясын нық ұстанатын елжанды топ өкілдерінің қатарында көптеп саналады.
Біздің мекемелердің жинақтаған оңды тәжірибесін елдің игілігі үшін әлеуметтік маңызы зор жүк арқалаған жоба ретінде ұсына отырып, қоғамдық келісім аясында жүргізілетін іс-шараларда болашаққа пайдасы тиетін өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі қызметтерімізді одан әрі дамытуға заң аясында болып жатқан өзгерістерге сай бірігіп ақылдасып әрекет жасауға шақыру. Бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыратын болашағымыздың бағдаршамы ретінде өзімізге тән ұлттық ерекшеліктерімізді ұлықтап, атадан балаға мирас болып жеткен баға жетпес құндылықтарымызды дәріптей білсек, ауызбіршіліктің алмайтын қамалы жоқ, төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алдымызда кездесетін қандай да бір кедергілерден қиналмай, еңсере өтуге ниеттенсек, кеңесіп пішкен тон келте болмас дегендей, татулықтың тәтті дәмін таттыратын, әрі руханияттың шыңына шығарып, ақиқаттың ақ жолына жеткізетін әрекеттің тек осылай болмақ екендігіне еш күмән жоқ.
Ахметжан ОМАРОВ
«Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы