Руханият • 11 Қазан, 2019

НЗМ «Фариза - поэзия падишасы» атты мәнерлеп оқу байқауын өткізді

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлы дала ақындары» зерттеу-шығармашылық жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Фариза - поэзия падишасы» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Оқушылардың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, әдеби мол мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына арналды. Бұл туралы НЗМ баспасөз қызметі хабарлады. 

НЗМ «Фариза - поэзия падишасы» атты мәнерлеп оқу байқауын өткізді

Махаббат, табиғат, азаматтық лирика тақырыбында қалам тартқан ақынның жыр-шумағын жатқа оқудан өткен байқауға Зияткерлік мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Байқаудың құрметті қонағы ретінде «Шабыт» фестивалінің лауреаты, 2019 жылы өткен «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты Фариза Оңғарсыноваға арналған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алған ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің Мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі Мирас Асан шақырылды. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеген ақын Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесіне, бірегей болмысына арнаған өзінің арнау өлеңін оқып берді.

Фариза апаларының жыр-шумақтарын беріле оқыған қатысушылар әрбір өлең жолының мазмұндық құрылымын терең сезініп, тыңдаушыларға шебер жеткізе білді. Байқаудың қазылар алқасы құрамында болған директордың орынбасары Рамазан Оспанға, ақын Мирас Асанға, актер Ыбырай Мұхтарұлына өлеңді мәнерлеп оқып, әсерлі етіп жеткізе білген оқушылардың қатарынан үздіктерді таңдау қиынға соқты.  

«Мен онымен қай кезде көрісемін?» өлеңін оқыған оқушы Мәдина Исмұрат ІІІ орын, «Мұқағалиға арнау» өлеңімен Дархан Әбдіхан ІІ орын, «Жақсылық туралы жыр» өлеңімен  Ару Сейдалиева І орын, «Жұрт мені қатал дейді» өлеңін нақышына келтіре оқыған Шұғыла Серғали бас жүлдеге ие болды. Кеш қонағы Мирас Асан байқау жеңімпазға өзінің қолтаңбасымен «Сүйесің, жүрек, сүйесің» кітабын сыйға тартып, кездесуді әңгіме-сұхбатпен жалғастырды. Ақын жастарды ұлтжанды болуға шақырып, сұлулыққа деген ынтаның, поэзияға деген құштарлықтың ізденімпаздық қасиеттерді  дамытуға ықпал ететінін айтып өтті.