Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Маңғыстау облысы Онды ауылында жаңа мешіт ашылды

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданының Онды ауылында жаңа мешіт ашылды. Рухани орданың ашылу рәсіміне арнайы келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев алдымен «Ай-Ана» ескерткішіне тағзым етті. Ескерткіш 2009 жылы ел тілегін тілеген аналардың құрметіне, Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған жұбайларын күткен аналарымыздың символикалық бейнесі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анамызға арнап тұрғызылған болатын.

Маңғыстау облысы Онды ауылында жаңа мешіт ашылды

Ал, жергілікті тұрғындардың қолдауымен бой көтерген мешіт осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Бір уақытта 130-дай адам құлшылық жасай алатын мешітте ер адамдар мен әйел адамдарға арналған бөлме, күмбез және дәріс бөлмелері бар. Жалпы аумағы 250 шаршы метрді алатын орда мұнарасының биіктігі 15 метр, күмбезі 12 метр, ал қабырғалары 5 метрді құрайды.

-Қазақта киелі, қасиетті жерлер көп. Десе де, ұлы ойшыл, кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтай бір туар азаматты дүниеге әкелген бұл топырақтың орны бөлек. Осы киелі өңірден Әбекеңнің әлі талай ізбасарлары шығады деп ойлаймыз. Бүгінгі 80 жылдық мерейтойдың келешек ұрпақ үшін тарихи маңызы өте зор. Алматыдан бастау алған шаралардың жалғасы бүгін Маңғыстауда өтсе, ертең елордасы Нұр-Сұлтанда жалғасын таппақ. Осындай шараларға ат салысып жүргеніміз – Әбіш ағаның әруағының алдындағы борышымыздың өтелгені деп білемін, - деп Бердібек Машбекұлы өзінің жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар Маңғыстау ауданына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары Онды ауылындағы Әбіш Кекілбайұлы білім алған орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Абыз тұлға бұл білім ордасында 2-8 сынып аралығында оқып, балалық шағын осы жерде өткізген. Мектептегі абыз тұлғаның атындағы мұражайға Бердібек Сапарбаев жазушының дидары бейнеленген кілем сыйға тартты.