Аймақтар • 13 Қазан, 2019

Үкімет делегациясы Ақ Жайық өңірінде

293 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған, құрамында Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Ақпарат жəне қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтер бар Үкімет мүшелерінің бір тобы Батыс Қазақстан облысында болды.

Үкімет делегациясы Ақ Жайық өңірінде

Облыстың Ақжайық, Бәйтерек, Теректі аудандарының түрлі еңбек ұжымдарын аралап, халықпен жүздескен үкімет делегациясы өңірде мемлекеттік бағдарламалар мен Президент тапсырмасы қалай орындалып жатқанына назар аударды.

Бәйтерек ауданының Дариян ауылында болған Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ауылдағы арнаулы əлеуметтік көрсету орталығымен танысты. Одан кейін мəдениет үйінде Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында жарияланған Жолдауы аясында жиын өтті. Тұрғындармен кездесуде ҚР еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АƏК жайында кеңірек түсіндіріп берді. Бүгінде елімізде 400 мыңнан астам отбасы – 2 миллиондай адам жаңа үлгідегі атаулы əлеуметтік көмек алып жатыр екен.

- Атаулы әлеуметтік көмек төленетін 1 млн. 300 мың баланың 60 пайызы - көп балалы отбасыларға тиесілі. Яғни осы санаттағы отбасылар мұқтаж болып отыр. Келесі жылы табыс көлеміне қарамай 4 немесе одан да көп баласы бар отбасыларға АƏК тағайындаймыз. Əр балаға 11 мың теңгеден төленеді. Кірісі аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген көмек беріледі. Əлеуметтік пакетте тамағы, киім-кешек, гигиеналық құралдар қамтылады. Кепілдендірілген көмек əлеуметтік карта – сертификат арқылы беріледі, - деді Б.Сапарбаев.

Премьер-Министрдің орынбарасы елімізде экономикалық қиындықтарға қарамастан халықтың əл-ауқатын арттыруға көңіл бөлініп жатқанын баса айтты. Биылғы бюджет қаражатының 40 пайызы əлеуметтік салаға бағытталған.

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында аудан дәрігерлерімен кездескен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та елімізде медицина саласын дамытуға көп көңіл бөлініп жатқанын айтты. Әсіресе жас мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі басты назарда. Министр ауылға келген медиктер ең алдымен баспанаға ие болуы қажет деді. Аудан орталығындағы емхана мен аурухананың ұжымымен жүздескен министр медицина саласын цифрландыру, емделушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде статусын айқындауды автоматтандыру барысын тексерді. Сонымен бірге кадр жетіспеушілігі, болашақ мамандар, яғни медициналық жоғары оқу орындарының студенттерімен бүгіннен бастап, байланыс орнату жөнінде тапсырма берді.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Батыс Қазақстан облыстық балалар ауруханасында да жергілікті дәрігерлермен кездесті. Бұл жерде әңгіме тақырыбы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту тураснда өрбіді.

Ал Теректі ауданындағы білім мекемелерінің жұмыс барысымен танысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова үш ауысымда білім беретін Подстепный қазақ мектебінің жағдайын көзімен көрді.

Орал қаласында белсенді жастармен жүздескен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан жастарға қамқорлық жүйелі жалғасатынын айтты.

- «Жас келсе – іске» деген. Сіздердің бойыңызда түрлі идея үнемі қайнап тұрады. Алда Еріктілер жылы келе жатыр. Еріктілердің көп бөлігі – жастар. Түрлі қайырымдылық шаралардың басында жастар жүреді деп сенемін. Мемлекеттік бағдарламалар көмегін тиімді пайдаланып, жаңа кəсіп бастаңыздар. Жастар саясатын дамытуға бағытталған ұсыныстарды біз әрдайым қолдаймыз, - деді Бердібек Сапарбаев.

Еліміздің мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында болды. Ақын атындағы әдеби-мемориалдық кабинетті аралап, біртуар қаламгердің мұраларымен қатар жергілікті ақын-жазушылар туралы деректермен, т.б. жәдігерлермен танысқан вице-министр орталықтағы Жазушылар, Композиторлар Одағының филиалдарын, оқырмандар үшін тұрақты жұмыс жасайтын қалалық кітапхана бөлімшесін, Ж.Набиуллин атындағы оқырман бөлмесін, жақында жасақталған күйшілер бөлмесін және әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылатын орындарды да аралады.

Осы жерде Қазақстан Республикасы Күйшілер одағы БҚО филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев министрлік тарапынан «Халық күйшісі» мемлекеттік атағы, Құрманғазы, Дина атындағы төсбелгісі бекітіліп, осы өнер майталмандарына берілуін ұсынды. Сондай-ақ Орал қаласында Құрманғазы музей-орталығын және алып домбыра монументін тұрғызуды, Орал қаласында батыс аймақтық-республикалық музыкалық мектеп-интернат кешенін ашуды ұсынды.

Ақ Жайық өңірінен шыққан танымал тұлғаларды ұлықтау туралы ұсынысты белгілі ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла да айтты. Келер жылы 100 жылдығы атап өтілетін ақын Жұбан Молдағалиевке Алматы қаласында ескерткіш орнатуды сұраған ұсынысты халық қол шапалақтап қолдады.

Үкіметтік делегацияның қорытынды жиыны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтті. Облыстың әр өңірінде халықпен жүздескен Бердібек Сапарбаев халықтың көңіл-күйі жаман еместігін, мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы тапсырмасы ретімен жүргізіліп жатқанын айтты. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралар кешені туралы түсіндіріп берді.

- Елбасымыздың «Алдымен экономика, сонан соң саясат» деген ұстанымын жақсы білесіздер. Қазақстанның экономикасы жүйелі дамып келеді. Биыл ел экономикасының даму деңгейі – 4,1% болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы ел табысының негізгі бөлігі халықты әлеуметтік қорғауға, әл-ауқатын жақсартуға жұмсалады, - деді Бердібек Сапарбаев.

Вице-Премьер Қазақстанда дарынды балаларды, әсіресе ауыл оқушыларын қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент қоры мен Үкімет берлесіп «Ел үміті» атты жобаны іске қоспақ. «Бұл арқылы мыңдаған дарынды балаға қолдау көрсетеміз» деді Б.Сапарбаев.

Үкімет делегациясының жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Батыс Қазақстан облыстық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманәлина, ақын Бауыржан Халиолла, журналист Жанар Дәулетова сөз алып, түрлі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Премьер-министрдің орынбасары мемлекеттік бағдарламаларды құруда, жүзеге асыруда халық арасынан айтылған осындай ұсыныстардың ескерілетінін айтты.

 Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

 Батыс Қазақстан