Президент • 14 Қазан, 2019

«Достастық визасын» енгізуді ұсынды

301 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

«Достастық визасын» енгізуді ұсынды

Шараға Армения, Әзер­бай­жан, Беларусь, Қырғызстан, Мол­дова, Ресей, Тәжікстан, Түрік­менстан, Өзбекстан елдерінің көшбасшылары қатысты.

Жиын барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шең­берінде көпқырлы өзара іс-қи­мыл жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ 2020 жылғы ТМД-ға төра­ғалық ету және ТМД Атқару комитетінің төрағасы туралы мәселелер қаралды.

Мемлекет басшысы өз сөзін­де Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығы ұйымын одан әрі дамы­туға қатысты өзінің кешенді ұсыныстарын айтты.

Президенттің пікірінше, ТМД – достастық елдері арасында саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды сақтап, нығайтуға зор ықпал еткен беделді халықаралық ұйым.

Қасым-Жомарт Тоқаев дү­ние жүзінде шиеленістер мен белгі­сіздіктің дәуірі туып, сенімсіздік дағдарысының кесірінен халықаралық қатынастардың архитектурасы шатқаяқтап, әлемдік экономиканың тұрақсыздығынан дамушы елдерден қаржы «қа­шып» жатқанын атап айтты. Мемлекет басшысының ойынша, осының салдарынан аймақтық интеграцияға көзқарас өзгеріп, бұған дейін мызғымастай көрін­ген қарым-қатынастар моделі әр­түрлі сынақтардан өтуде.

– Біздің ұйымға өзгермелі өмірге ыңғайлана отырып, аса күрделі де қажетті бейімделу про­цесінен өту керек. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ны құрылымдық жаңғырту процесіне кірістік. 2017 жылы Ұйымның одан әрі да­му тұжырымдамасы мен Эко­но­­микалық даму стратегиясын өзек­тендіру жұмыстары бас­тал­ды. Мен осы жұмыстарды жалғас­­ты­руға ниеттімін,– деді Прези­дент.

Мемлекет басшысы ТМД-ның негіз­гі міндеттерінің бірі сау­да-экономикалық ынты­мақ­тас­тықты дамыту деп санайды.

– ТМД-да 2011 жылы құ­рылған еркін сауда аймағы біздің мемлекеттер арасындағы тауар айналымын жақсартуға жағ­дай жасады. Сонымен қатар сауда ынтымақтастығын одан әрі кеңейту үшін қазіргі кедер­гілерді азайту жөніндегі жұмыс­тар­ды жалғастыру керек. Ұйым шең­берінде экономикалық өзара іс-қимылдарға тың серпін беру үшін қосымша өсу мүмкіндіктерін қарастыру қажет,– деп топшылайды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бірлесіп атқа­ра­тын бірқатар перспективалы ба­ғыттарды атады. Олар: цифрлы тех­нологиялар, электронды сау­да, еркін қызмет көрсету және туризм.

– Цифрлы технологиялардың қарқынды дамуы мемлекеттердің тыныс-тіршілігін өзгертті. ТМД елдерінің барлығында экономиканы цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірлескен жұмыс­тың нәтижесін көру үшін ұйым шеңберінде білім мен тәжірибе алмасып, күш біріктіру маңызды. Осы орайда ТМД аумағында заманауи технологиялар жөнінде тұрақты негізде арнайы форумдар ұйымдастыруды ұсынамын,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылы әлемдегі электронды сауда көлемі жеке тауар айналымының 11,5%-ды құрап, 1,8 триллион дол­ларға жеткенін айтты. Са­рап­­шы­лардың болжамынша, 5 жыл­дан кейін бұл көрсеткіш 2,8 трил­лион долларға жетеді. Пре­зи­дент ұйым шеңберінде элек­­тронды сауданы дамытуға ық­пал ететін нормативтік құ­жат әзірлеуді ұсынды. Қазір Дос­тас­тық елдерінің жалпы әлем­дік саудадағы үлесі 1%.

Мемлекет басшысы туризм саласындағы өзара іс-қимылдың болашағы зор екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аталған сала әлемнің көптеген мемлекетіне пайда әкеліп отыр.

– Достастық елдерінің әрқай­сысына тән демалыс орындары, табиғи және тарихи нысандары бар. Олар әлемнің тартымды туристік бағыттарын толықтыра алады, – деді Президент.

Түрлі визалық және мигра­циялық ережелер туралы айтқан Мемлекет басшысы ТМД терри­ториясында Шенген келісімі се­кілді «Достастық визасы» деген шартты атаумен бірыңғай жүйе енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бас­тама туристер санын күрт арт­тыратынын, алайда аталған мәсе­лені сарапшылардың жан-жақ­ты зерттеуі қажет екенін айтты. Пре­зидент ұйым аясында 2020 жыл­ды Жеңістің 75 жылдығына ар­налуының символдық мәні бар деді.

– Сол сұрапыл жылдарда біз­дің халқымыз, соның ішінде қа­зақстандықтар да бар, басқын­шылар төндірген қатерге жұды­рықтай жұмылып қарсы тұрды. Май­дан даласында қаза болған батыр­ларға, ардагерлер мен тыл ең­беккерлеріне құрмет көрсе­ту біздің ортақ парызымыз. Біз, қазақстандықтар, Екінші дү­ниежүзілік соғыстың тарихының бұрмалануына түбе­гейлі қар­сы­мыз,– деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ТМД ау­ма­­ғында терең әрі жүйелі ұжым­­дасуға дайын екенін мә­лім­­деді.

ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысынан ке­йін төмендегі құжаттарға қол қо­йылды:

  1. Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы ұйымына мүше елдердің стратегиялық экономикалық ынтымақтастығы туралы декла­рациясы;
  2. Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы ұйымына мүше елдер басшыларының ұйымға мүше мемлекеттердің халқына және әлемдік қауымдастыққа 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғы­сын­дағы кеңес халқының Жеңі­сіне 75 жыл толуына орай үндеуі;
  3. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдердің бас бостандығынан айырудан басқа жаза түрлерін орындауды беру туралы конвенциясы;
  4. Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы ұйымына мүше ел­дер­дің 2020-2022 жылдар ара­л­ы­ғында терроризммен жә­не экс­тре­мизмнің өзге де зор­лық-зом­­былық түрлерімен күресте ын­ты­­мақ­тастығы туралы бағдарламасы.