Әлем • 14 Қазан, 2019

Түгел түркіні түгендеген

936 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тамырын тереңге тартқан, тарихы тағылымды түркі дүниесі тағы бір бедерлі белесті бағындырып, биікке беттеп барады. Олай дейтініміз, 15 қазан күні бауырлас Әзербайжан елінің астанасы Бакуде өтетін Түркі кеңесінің VII саммиті бір кезеңнің қорытындысын шығарып, алдағы кезеңнің бағдарын белгілейтін басқосу болмақ.

Түгел түркіні түгендеген

Жалпы, жұртымыз жеті санын ырымдап, айрықша қадір тұтқан ғой. Жетінші рет өткелі отырған бұл алқалы басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған Түркі кеңесінің 10 жылдық мерейтойымен орайласып отыр. Дәлірек айтқанда, осыдан он жыл бұрын, 2009 жылы Әзербайжан жерінде түркітілдес мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдерінің президенттері Түркі кеңесін құру жөніндегі тарихи құжатқа – Нахчыван келісіміне қол қойған болатын.

Екіншіден, тамырлас жұрттың басын қосқан жиында Өзбекстан Республикасы Түркі кеңесіне толыққанды мүше болып кіреді. Орталық Азияда бүйірлес жатқан бауырлас елдің бірлікті бекемдеп, байланыстарды арттыру ниетімен жасаған қадамын ұйымға мүше мемлекеттер қуана қуаттап отыр. Бұл тұста тұтас Орталық Азияның ынтымақтастығын дамытуға сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезінен бері айрықша қажыр-қайрат жұмсап келе жатқан Елбасының үлесі зор екенін атап өткен жөн.

Үшіншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевқа «Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы» мәртебесінің салтанатты жағдайда тапсырылуы Баку саммитінің бас­ты оқиғасы болады деп есептейміз. Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған ұсынып, кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары бір ауыздан қабылдаған бұл шешім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түгел түркінің ортақ мүддесі жолындағы ерен еңбегіне берілген лайықты баға һәм алғаусыз құрмет екені анық. Әлбетте, бұл түгел түркінің құтты төрі – қарашаңырағы аталып жүрген қазақ елі үшін де айрықша мерейлі сәт екені түсінікті.

Сондықтан біз бұл мақаламызда мазмұнды әрі тарихи маңызды оқиғаларға толы «Назарбаев және түркі әлемі» жылнамасын әу басынан қайта парақтап шығуды жөн көрдік.

Егер бүгінгі Түркі ынтымақ­тас­тығына ұйытқы болып отырған ортақ ұйымдардың шығу тарихына көз жіберер болсақ, Бакуде орналасқан Түркі мәдениеті және мұрасы қорынан басқа барлық құрылымдардың бас­тауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұрғанын көреміз. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамытумен және түрік мәдениетін халықаралық деңгейде танытумен нәтижелі түрде айналысып келе жатқан Халықаралық Түркі мә­де­ниеті ұйымын (ТҮРКСОЙ) құруға 1993 жылы бастамашы болды. Егемен елдері­міз етек-жеңін жиып үлгермеген қиын кезеңде құрылып, қанатын кеңге жайған ТҮРКСОЙ ұйымы бауыр­лас жұрттардың мәдени-рухани жақын­дасуына өлшеусіз үлес қосып келеді. 

Сол жылы түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің рухы жай тапқан, Қазақ хандығының астанасы болған, әзірет қонған Түркістан қаласында Елбасы бастамасымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Осылайша дәл осы шаһарда алғаш рет Байкалдан Балқанға дейінгі аралықтағы алып аймақтан жиылған барлық түркі халықтарының жастары кездесіп, түгел түркі тәу ететін әз қала тамырлас жұрттардың рухани ынтымақтастығының темірқазығына айналды.

Бұл ретте, әрине, түркі интеграция­сы бағытында алғашқы қадамдарды жасауда Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың да көрнекті рөл атқарғанын атап өткеніміз ләзім. Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында алғашқысы Түркияда марқұм Тұрғұт Өзалдың бастамасымен өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының бүкіл саммиттеріне үзбей, жүйелі түрде қатысып келген Нұрсұлтан Әбішұлы 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы басқосуда кездесулердің нақты нәтиже беруі үшін тұрақты Хатшылық құруды ұсынды, ол келешек Түркі кеңесінің бастауына айналды. Түркі кеңесін құру туралы бастаманы Елбасы 2006 жылы Анталияда өткен түркітілдес мемлекеттер басшылары саммитінде тағы да қайталап айтты.

Сол сияқты 2008 жылы қарашада құрылған Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) да Елбасының бастамасымен жүзеге асты. Бұл шешім бауырлас түркі елдерін жақындастыру ісінде шын мәніндегі саяси салмақты қадам болды. Әлбетте, мұның өзі мәдениет және білім саласында жылдар бойы жүргізілген жұмыстың жемісі екені анық. Осы тұста тағы бір аса өзекті мәселені шешу керек болғанын да айтпасқа болмас. Ол – Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату. 1994 жылдың мамырына дейін жалғасқан бұл қанды қақтығыстың қызуын басу ісіне де Қазақстанның көшбасшысы зор үлес қосқаны мәлім.

Сонымен түгел түркі жұрты үшін тарихи сәт те жетіп, 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен бауырлас елдер басшыларының саммитінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Ол бүгінде Еуразия кеңістігіне «Түркі кеңесі» деген атпен көбірек танымал. Түркі кеңесі сонау салжұқ заманынан кейін шығыс пен батыс бөлігі бір-бірінен көз жазып, ажырап қалған ағайынның арасын қайта жалғады, араға мың жыл салып барып, тәуелсіз туыс мемлекеттердің саналы басқосуы арқылы түркі әлемін қайта тұтастырды.

 Осы айтылғандарды саралай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев үшін оның сыртқы саясатында түркі әлемімен жақындасу әуел бастан-ақ ең маңызды, тіпті стратегиялық бағыт болғанын байқаймыз. Сондай-ақ бұл орайда Қазақстанда іс жүзінде барлық түркі халқының өкілдері тұрып жатқанын да ескерген жөн. Дәлірек айтқанда, біздің еліміз үшін түркі интеграциясы дегеніміз сыртқы саясаттың ғана емес, ішкі саясаттың да мәселесі. Сол себепті де стратегиялық тұрғыдан маңызды. Сондықтан Елбасы тұтас түркі кеңістігін ұдайы назарында ұстай отырып, Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының барлық саммитіне қатысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен 2010 жылы Астана қаласында Түркі академия­сы құрылды. Түркі әлемінің ғылыми орталығының ашылу салтанатын Қазақстан мен Түркия Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл бірге өткізді. 2014 жылы халықаралық мәртебе алған Түркі академиясы содан бері түркі елдерінің академиялық қоғамдастықтарын ұйыстыру және түркология ғылымын жаһандық ауқымда жаңғырту мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Өткен 5 жыл ішінде ИСЕСКО-ға мүше болып, ЮНЕСКО-мен тұрақты байланыс орнатқан, Біріккен Ұлттар Ұйымында жиындар өткізген академия көптеген табыстарға қол жеткізді. Мысалы, Түркі кеңесін дамыту аясында Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасымен әзірлеген «Түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасын» айтсақ та жеткілікті. Бұл тұжырымдама 2018 жылы Шолпан-Атада өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ресми қабылданды. Жақында Мажарстанның Түркі кеңесіне бақылаушы ретінде енуіне алдымен бұл елдің Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін иеленгені оң ықпал еткенін атап өткен жөн. Түркі әлемінің ортақ тарихы мен тілі, мәдениеті мен әдебиеті, өркениеті мен руханияты төңірегінде зерделі зерттеулер жасап келе жатқан академияның жұмысын да Елбасы ұдайы назарда ұстап, қолдау көрсетіп отырады.

Жалпы, Елбасының түркі әлеміне қатысты қызметі мен қолдауы тек ынтымақтастық ұйымдарымен, тиісті құрылымдармен шектелмейді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Түркия мен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынас тығырыққа тірелгені де есімізде. 2016 жылы осы шиеленісті тарқатуға Н.Назарбаев зор үлес қосты. Сол сияқты, Нұр-Сұлтан қаласында Сириядағы ахуалға қатысты Түркия, Ресей және Иран арасындағы, сондай-ақ басқа да бірқатар мемлекеттердің өкілдерінің қатысуымен «Астана форматы» аясындағы келіссөздер өткізіліп келеді.

Түркиямен тарих, Ресеймен тағдыр қосқан Қазақстан ұзақ жылдар бойы олардың өзара сындарлы ынтымақтастық орнатуына дәнекер болуда. 2014 жылы Түркі кеңесінің IV саммитінде Н.Ә.Назарбаевтың Түркия Еуразиялық экономикалық одақтың қауымдастырылған мүшесі бола алады деген ойын сол тұста барлығы «таңданыспен» қабылдаған болатын. Осылайша Елбасы Анкара мен Мәскеуге Қазақстанның Еуразиялық және түркілік интеграцияның арасында қайшылық жоқ деп санайтынын, керісінше екеуі бір-бірін толықтыруға тиіс екені туралы белгі берді. «Интеграциялардың интеграция­сы» кейінірек Н.Ә.Назарбаев тарапынан 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының мінберінде айтылған «Үлкен Еуразия» идеясына негіз болды. Елбасының Түркі кеңесін құру және Орталық Азия елдерінің интеграциясына қатысты атқарған жұмыстарын дәл осы жаһандық ауқымда қарастырған жөн. Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) құру туралы бастамасы, араб елдері мен Израиль өкілдері бір үстел басында кездесетін жалғыз алаң Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК), сол сияқты Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) құру жөніндегі бастамалары да ос(ы қатарда атап өтілуге тиіс.

Сындарлы саяси қатынастарды қалыптастырудан бөлек, Елбасының экономика саласындағы бастамаларын, бірінші кезекте Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» геоэкономикалық мегажобасына белсене атсалысуын ерекше атап өту керек. «Бір белдеу, бір жол» қазірдің өзінде алып құрлықты тұтас қамтып, болашаққа жол тартқан және мыңжылдықтар тереңіндегі тарихты тірілткен жобаға айналды: тарихта Ұлы Жібек жолы ғұндар державасынан бастап Алтын Орда дәуіріне дейінгі аралықта Ұлы дала тарихындағы өркениеттерді жалғап келгені мәлім.

Түркі әлемін алып бәйтерек десек, осы қасиетті дарақтың дара тамырлары  ғасырлар мен дәуірлердің терең қойнауынан нәр алады. Әр замандағы түркі дарабоздары дүйім дүниені жасампаздықпен жаңғыртып, бұрқ еткен қуатты пассионарлық күш-жігерімен, ақыл-ой даналығымен  қара бұдын халқының қамын жеп, тарих доңғалағын алға жылжытыпты, өркениетке өз өрнегін қалдырыпты.  Ал осы «түркі әлемі» деген ұғым соңғы жиырма жылдың көлемінде жаһан жұртшылығы тарапынан мойындалып, әдеби, ғылыми, саяси қолданыстарға еркін еніп кетті.

Елбасының бастамалары нәти­же­сін­де Еуразияның жүрегіндегі елдердің басын біріктіретін Түркі кеңесі құрыл­ға­нын айттық. Ортақ тудың төңірегіне топтасқан бұл елдер алып құрлықтың солтүстігі мен оңтүстігін, шығысы мен батысын байланыстырып жатыр. Түркітілдес елдер арқылы Жаңа Жібек жолының құрлықтық транскас­пий желісі, сонымен қатар Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі өтеді. Басқалардан бұрын түркі елдерінің өзі кең-байтақ Еуразия құрлығында ұзақ мерзімді тұрақтылық пен берік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға мүдделі екенін айқын көрсетіп отыр.

Түптеп келгенде, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша және тікелей атсалысуымен бауырлас елдердің сәтті интеграциялануындағы маңызды көлік магистральдары мен мұнай-газ құбыр жолдарынан кем түспейтін гуманитарлық жобалар жүзеге асырылып, идеологиялар қалыптасқанын де ерекше атап өткен жөн. Бұл орайда табысты жүзеге асырылған «Мәдени мұра» жобасына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және Елбасы қаламынан туған «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына айрықша тоқталуға болады. Бұл аталғандардың қай-қайсысы қазір тек қазақ халқының ғана емес, барша түркі әлемінің де ортақ игілігіне айналып отыр.

Осылайша бүгінде Түркі кеңесі деңгейінде «Түркі әлемінің қасиетті орындары» және «Түркі әлемінің ұлы тұлғалары» бағдарламалары жүзеге асырылуда. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстан астанасында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізу туралы өзекті бас­тама көтерілді. Бұл оқиға да барлық түркітілдес елдер мен бауырлас халықтардың ортақ тарихына айналатын кезең.

Ежелгі Түркістан шаһарының мәр­тебесін облыс орталығы дең­гейіне көтергені, сондай-ақ облыс атауын Түркістан деп өзгертуі Елбасы­ның кейінгі жылдары жасаған жұмыс­тарының бірі. «Түркістан» деген тарихы терең мағыналы сөздің өзі байтақ түркі әлеміндегі барша халықтың жүрегінен ойып орын алғаны ақиқат.

Қазақстанның терең тарихы Ұлы даланың тарихымен һәм мәдениетімен, барша түркі халықтарымен мәңгі үзілместей болып берік байланған. Сол себепті Қазақстанда рухани тамырымызға үңілу арқылы қоғамдық сананың жаңғыруы  «жалпытүріктік ауқымға» таралуы табиғи құбылыс деуге негіз бар. Олай болса, кеңестік кезеңдегі біздің идеалдарымыз бен мүддемізге қайшы кеңестік тарихнамадан мұраға қалған «сынған айнаның» әр бөлшегін қайта құрастыратын уақыт келді.

Елбасының ондаған жылдың бе­дерінде дәйекті түрде жүргізген саяса­тында ұлттық және жаһандық, гума­ни­тарлық бастамалар мен экономикалық мегажобалар берік үйлесім тапты. Олар бір-бірін толықтырып қана қоймай, өзара сабақтасып жатыр. Мұндай сая­сатты жүргізу үшін өмірлік зор тәжі­рибе мен құрыштай берік сая­си ерік-жігер ғана емес, даналық деп аталатын айрықша қасиет керек екені белгілі.

Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев барша түркі әлемінің мойындалған рухани жетекшісі саналады. Сондықтан оны «түркі интеграциясының архитекторы» деп атайды. Халықаралық Түркі академиясының «Түрікбарометр» деп аталатын әлеуметтік жобасы (2017 және 2018 жылдар) осыны растайды. Назарбаевтың есімі Ататүрікпен қатар түркі елдеріне кеңінен танымал тұлғалардың көшін бастайды. Сауалдамада Елбасы – түркі әлеміне ортақ лидер, Қазақстан – түркі халықтарының қарашаңырағы, түпкі ортақ отаны ретінде қабылданғанын айқын аңғарамыз.

Түгел сөзді түйіп айтсақ, Түркі кеңесінің Бакуде өтетін VII саммитінде Н.Ә.Назарбаевқа Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесінің табысталатыны Елбасының атқарған еңбегіне берілген лайықты баға және зор құрмет екені даусыз. Бұл оқиға тамыры терең түркі тарихындағы маңызды тағы бір белес болады деп сенеміз.