20 Наурыз, 2010

“ЖАН ЖЫЛУЫ”

1197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
тағдыр тәлкегіне ұшыраған   тағы екі бүлдіршінді жебеді Наурыз мерекесі қарсаңында “Қазақстан” ұлттық телеар­на­сы­ның “Жан жылуы” әлеуметтік бағдарламасы тағы екі сәбидің сауабын алу үшін қайырымдылық акциясын жалғастырды. Бағдар­ла­ма мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, әле­у­меттік жағдайы төмен, сон­дай-ақ жетім балалар мен жалғыз басты, көп балалы аналарға көмек көрсету екендігінен ел құлағдар. Сонымен, бұл жолғы акцияға Қазақ қатынас жолдары универ­си­теті ат салысып, акция барысында 2 миллион 253 500 теңге жиналды. Енді жұрттың ізгі ниетінен құ­рал­ған қаражатқа “Жанұя” балалар кешенінің тәрбиеленушісі 5 жастағы Марк пен Алматы облысы Жамбыл ауданы, Қасым­бек ауылының кішкентай тұрғыны Нұр­лан Шо­қан-ға күрделі опера­циялар жасалынады. Кішкентай Марк дүниеге келгенде құдіреттің күшімен бір қолының және аяқтарының саусақтары жабысып туады. Бірақ, туған анасы сәбиін бұл күйінде қабылдай алмайды. Тіпті, баласын емізуден де, көруден де ат тонын ала қашып, ақыр соңында өзі жарық дүниеге алып келген нәрестесінен бас тартып, перзент­ханаға қалдырып, жүре беріпті. Заң бойынша тастанды ба­ла­ның ата-анасы мен туған-туыс­тарының шешім қабылдауы үшін алты ай уақыт беріледі. Бірақ, осы алты айда Марктің артынан ешкім іздеп келмепті. Нәресте түр­лі ау-руларға шалдығып, қатты қи­на­лады. Аурухана дәрігерлері ба­ланың өмірін сақтап қалып, ден­саулығы жақсарған Марк жеті айдан соң жетімдер үйіне келіп түседі. Жаны жайсаң, жүрегі жылы жандардың арқасында Марк аман-есен 4 жасқа толып, “Жанұя” ба­лалар кешенінің табалдырығын ат­тайды. Маркті “Жанұяның” тәрбиеші­лері отандық мамандарды шақы­рып, талай-талай пікірлескен де болатын. Мамандардың пікірінше, Марктің қолына көмек көрсету мүмкіндігі бар. Ал, аяғына да операция жасауға тәуекел етуге болатын секілді. Тіпті болмаған жағдайда арнайы протез жасау керек. Марк әлі сәби, сүйегі қатпай тұрып, ертерек қимыл­дауға әлі де мүмкіндік бар. Ал, күтпеген жерден аянышты халге түскенде Нұрлан 3 жаста еді. Ата-ана үшін азапты күндер 2003 жылдың қыркүйегінен басталды. Отбасына қонаққа келген туыс­тардың бірі жүгіріп ойнап жүрген Нұрланды басынан қысып ұстап биікке көтеріп, бірнеше рет айналдырып ойнайды. Баланың жан дауысы шығады. Үлкендер мұны: “Жігіт болатын бала да жылай ма екен?!” деп, күлкіге айналдырып қоя салады. Сол түні бала шырылдап жылап, “басым ауырып барады” деп ұйықтай алмай шығады. Ал, та­ңертең кішкентай Нұрлан орнынан тұра да, жүре де алмай қалады. Осылайша, бала үш жа­сында күтпеген жерден опық жеді. Қасіреттің қайғылы құшағына қалай кіріп кеткендерін білмеген ана мен әке жан ұшырып дәрігерлерге жүгірді. Міне, содан бері жеті жыл өтті. Жеті жыл бойы Нұрлан өз аяғымен жер баспады. Кешегі кішкентай Нұрлан бүгінде 10 жасқа келді. Дәрігерлер тиісті зерттеулер­ден соң жүйке-жұлын жүйесіне травмалық зақыммен қоса кезіндегі бала алған соққы нәти­жесінде мидағы қан айналу жүйесінің бұзылғандығын, соның салдарынан сал ауруымен қатар эпилепсияның туындап отырғанын дәлелдейтін сарап­тамалық анықтама береді. Қайырымдылық акциясына дейін, он жастағы Нұрлан Шоқанға өмірлік мүгедек болып қалу қаупі төніп тұрған-ды. Өкінішке қарай, Нұрланға отандық медицина көмек көр­сете алмады. Шет мемлекетте, Украинада жасалатын опе­ра-цияға қаражат қажет болды. Енді міне, екі балақайға да көп­тен үміт етіп күткен меди­циналық көмекті берудің күні жетті. Ізгі шараға Ақжол Мейір­беков, Майра Ілиясова, Меруерт Түсіпбаева сынды әншілер мен “Азия”, “Ринго” сияқты эстра­далық топтар атсалысты. Алматы.