Қоғам • 16 Қазан, 2019

Баспана бағасы неге көтерілді?

343 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаз бойы біршама тұрақты болған баспана бағасы күз келісімен қымбаттай бастады. Оған негізгі құрылыс материалдарының және жұмыс жүргізудің қымбаттағаны, сондай-ақ сауданың ұлғайғаны әсер етіп отыр.

Баспана бағасы неге көтерілді?

Әдетте жаз айларында ха­лықтың тұтыну белсенділігі артып, баға жиі құбылатын. Алайда биылғы жазда жыл­жымайтын мүлік нарығында айтар­лықтай жаңалық бола қойған жоқ. Оған елдегі әлеуметтік ахуал мен сая­си өзгерістердің әсері болғаны анық. 

Соңғы бірер жылдың бе­дер­індегі трендке көз жүгіртіп кө­рейік. 2018 жыл­дың шілде айында жаңадан тап­сы­рылған пәтердің бағасы бір айдың ішін­­де 0,1 пайызға арзандап, одан кейін­гі жарты жылда, яғни 2019 жыл­дың қаңтарына дейін тұрақты түре қым­баттаумен болды. Ал ақпанда қайтадан бірден 0,6 пайыз құлдырап, сол баға қыркүйек айына дейін сақталды.

Есесіне қайталама нарықтағы баға тұрақты өсім көрсетті. 2018 жылдың шілдесінен бері ай сайын шамамен 0,1-0,6 пайыз аралығында біртіндеп көтеріліп келді де, тамызда бірден 1,2 пайызға қымбаттады.

Жаз соңында жағдай тағы тұрақ­талып, құрылыс салу, сату процесі қайта қарқын алға­ны байқалады. Статистика комите­тінің мәліметінше, 2019 жыл­ғы қыркүйекте жаңа тұрғын үй бағасы өт­кен аймен салыс­тыр­ғанда – 0,4 пайыз­ға, қайталама нарық­тағы баға – 0,3 пайызға өсті. Был­тырғы қыркүйектегі көрсет­кішпен салыстырғанда жаңа үй­дің бағасы 3,6 пайызға қым­баттаса, қайталама нарықтағы үй құны 4,6 пайызға көтерілді. Жал­пы, жыл басынан бері жаңа үй­лердің құны – 3,5 пайыз, қай­талама нарық 3,3-3,6 – пайыз ара­лығында қымбаттаған.

Тағы бір айта кетерлігі, баспана жалдау бағасы 1 жыл ішінде 7,4 пайызға қымбаттапты. Соңғы бір айдың өзінде көрсеткіш 1 па­йызға көтерілгенін айта кетейік. 

Үш мегаполисте үй қымбаттады

Өңірлерге жекелей тоқталар бол­сақ, былтырғы қыркүйекпен салыс­тыр­ғанда жаңа үйлердің бағасы ең қат­ты қымбаттаған қала Қостанай бол­ды. Қостанайда баға бір жылдың ішінде 17,2 пайызға жоғарылады. Ал Өске­мен­дегі баға динамикасы антирекорд жасап, бір жылда 4,5 пайызға арзандады.

Ең ірі үш қалада жаңа үй баға әдеттегідей қымбаттап отыр. Былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда үй бағасы Нұр-Сұлтанда – 6,7 пайыз, Шымкентте – 6,6 пайыз, Алматыда – 4,9 пайызға көтерілді.

Қайталама нарыққа келер болсақ, Шымкент қаласы баспана бағасы соңғы бір жылда ең қатты қымбаттаған шаһарлардың көшін бастап тұр. Бұл қа­ладағы қайталама нарықтағы үй бағасы 27,4 пайызға өсті. Ал Ақтауда керісінше 0,9 пайызға төмендеген.

 

«Үй салу қымбатқа

түседі»

Статистика комитетінің мәліме­тін­ше, 2019 жылғы 9 айда құрылыс жұ­мыстарындағы баға көрсеткіші 1,1 пайыз өсті. Соның ішінде құрылыс-мон­таж жұмыстары – 0,2 пайыз, маши­на­лар мен жабдықтар – 3,2 пайыз, өзге де жұмыстар мен шығындар 3,5 пайыз қымбаттаған.

Құрылыс материалдарына кеңірек тоқталар болсақ, ең көп қолданылатын ғаныш картон – 5,4 пайыз, қыш тақ­тай­ша­лар мен тақталар – 4,2 пайыз, цемент – 3,5 пайыз, табақты шыны – 2,3 пайыз, битум – 2,2 пайыз, ағаш материалдары – 2 пайыз, құм және шағыл – 1,5 пайыз қымбаттады. Есесіне әк – 6,3 пайыз, бояу мен эмаль – 3,7 пайыз, құрылыс ертін­ділері – 0,9 пайыз, линолеум – 0,5 пайыз арзандапты.

Жалпы, соңғы бір жылдағы трендке назар аударсақ, құрылыстағы қызмет пен тауар бағасы 2018 жылдың соңына дейін тұрақты болғанын көреміз. Жыл соңында негізгі материалдар мен қызмет құны күрт арзандап, бұл үрдіс биыл жаздың ортасына дейін жалғасты. Ал жаздың соңына таман баға кері құбылып, қазір қымбатшылық жалғасып жатыр.

Жаңа үйлердің бағасына құрылыс жұмысының қымбатшылығы әсер етсе, қайталама нарықтағы үйлердің қымбаттауы сауданың көбейгенінен болды. Жоғарыда айтылғандай, жаз бойы тәуекелге бара қоймаған жұрт күзге қарай үй саудасына араласа бастады. Мәселен, Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылғы қыркүйекте республикада үй саудасы бойынша
29 279 келісімшарт жасалған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 0,4 пайызға көп. Ал жыл басынан бергі сауда көлемі 235 218-ге жетіп, былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айымен салыстырғанда 22,5 пайызға ұлғайды.

Соның ішінде нарық ең қарқынды үлғайған өңір – Алматы қаласы. Оң­түс­тік мегаполистегі баспана саудасы былтырғымен салыстырғанда 38,6 пайызға артып, 4,3 мыңға жеткен. Бұл жалпы республика бойынша көр­сеткіштің шамамен 15 пайызы. Екін­ші орында Қызылорда тұр. Бұл өңір­де баспана саудасы былтырғымен салыс­тырғанда 31,6 пайызға артқан.

Одан кейін Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы облыстарында сау­да көлемі 25-30 пайыз аралығында ұлғайған. Қарағанды, Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында көрсеткіш 20-25 пайызға өссе, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы баспана саудасы 15-20 пайызға көбейді. Республика бойынша тек Маңғыстау облысында ғана пәтер саудасы бәсең­де­гені байқалады. Онда көрсеткіш былтырғыдан 3,6 пайызға кем.