̶ Өзіңіз айналысатын кәсіптің қыр-сырымен таныстырсаңыз?
̶ Менің 2017 жылы ашылған «Алтай» деп аталатын шаруа қожалығым бар. Сол жылы Үкіметтен 30 гектар жер телімін алдым. Бұл жерге кешенді шаруа қожалығын салдым. 2018 жылы 300 гектар жайылымды жер алдым. Бүгінде шаруа қожалығында сүт өнімдері сонымен қатар, ет өнімдерін сатумен айналысамыз. Қазір 50 бас сиыр бағып отырмын. Қарамағымда бір сауыншы, бір көмекші жұмыс істейді. Біздің ауыл қалаға жақын. Әр аптаның соңында облыс орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрменкесі болады. Соған өзіміздің сүт және ет өнімдерін апарып сатамыз.
̶ Кәсібіңізде сүт өнімдерінен пайда көбірек келе ме, әлде ет өнімдерінен бе?
̶ Екеуінен де пайда бар. Ауылшаруашылығы жәрменкесінде әкімдік белгілеп берген баға бойынша өнімдерімізді сатамыз. Бекітілген межеден аспауымыз керек. Соған қарамасқан кеткен шығындарымызды ақтап алып отырмыз.
̶ Кәсібіңізді дамыту үшін қандай мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыңыз?
̶ Кәсібімді дамыту үшін «Бизнес бастау» жобасына қатыстым. Сосын мемлекеттен 6 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн теңге несие алдым. Жылына 520 мың теңге төлеп отырмын. Жыл сайын бұл меже азайып отырады. Пайызы төмен болғандықтан аса қиындық туғызбайды. Менің несие төлейтін уақытым, мал басы семірген күз уақытымен тұспа-тұс келгендіктен мен үшін қолайлы болып отыр. Несие алар кезде мен сияқты жастар қағаз жинау, құжат толтыру кезінде еш қиналған жоқ. Тек орта жастағы ағаларымыз үшін проблемалар туындады. Ол кісілердің ішінде бел ортасына келгенде қолын бір-ақ сілтегендері де бар. Мен 3 млн теңгеге 12 бас сиыр алдым. Бұл жерде ескеретіні, несие арқылы алғаннан кейін белгілі бір ережелер бар. Мысалы, мал 4 жастан аспауы керек. Саны 12 басқа толуы керек.
̶ Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жас кәсіпкерлер үшін қаншалықты тиімді?
̶ Әрине, тиімді. Өйткені ешкімнің қалтасында дайын қаражаты жоқ. Сондықтан 6 пайызбен несие алу арқылы ұтымды кәсіп ашуға болады. Тек ауылды жерде түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Тіпті жергікті әкімдікте отырғандардың өзі қандай бағдарлама, кім үшін тиімді екенінен бейхабар болып шығады. Тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен де ауыл тұрғындары ниет танытқанымен сауаты, ақпараты жетпей жатады. Онсызда «несе алсаң, құрисың» деген ойдағы халықтың пікірін өзгертетіндей мамандар жоқ. Қарапайым малшаруашылығымен айналысқандарға мемлекеттен субцидия берілетіні туралы ешкім білмейді. Естісе де, оны қандай жолмен алуға болатынынан хабарсыз.
̶Екінің бірі 28 жаста кәсіп аша бермейді. Мал шаруашылығымен айналысу туралы ойға не себеп болды?
̶ Студент кезден бастап кәсіп ашуды жоспарлап жүрдім. Жиған-терген ақшама шетінен мал алып отырдым. Кейін нақты шешім қабылдап кіріскеннен кейін көлігімді сатып, мал алдым. Қалайда мал басын көбейтуді жоспарладым. «Бизнес бастауды» отандық телеарналардағы жаңалықтардан көрдім. Сосын сол туралы ақпарат жинай бастадым. Сосын «Игілік» бағдарламасы арқылы 1 ай оқып, сертификат алдық. Қажетті құжаттарды жинадық. Бұған жарты жылдай уақыт жоғалтым. Біз жас болған соң аяғына жеткіземіз деген мақсат болды. Қазір еш өкінбеймін. Кәсібім алға жылжып келеді. Алға қойған мақсат пен жоспарларым да бар.