Ұлт ұясы атанған ауданның бұл тойына Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген сенатор Рысқали Әбдікеров кезінде осы ауданды басқарғанда өзіне қолдау көрсеткен жергілікті азаматтарға алғыс сезімін жеткізді.
–Ұлытау бүгінде күн өткен сайын көркейіп, дамып келе жатқан өркенді өңір. Аумағында мұнай шығуына байланысты он жылдан астам уақыттан бері облыстық бюджетті демеп отырған бірден-бір аудан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту төңірегінде нақты міндет қойды. Аудан халқын алда ұлы іс, жасампаз өмір күтіп тұр, – деп қайырды сөзін мәртебелі мейман.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысушылар аудан орталығындағы саябаққа ағаш егіп, игілікті іс атқарды. Той қонақтары алдында аудандық мәдениет үйінің әртістері, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, шараға салтанатты реңк берді.
Мәдени шара бағдарламасына сай, «Тайжан ізімен» деп аталған республикалық ән байқауы және қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. Әншілер сайысында бас жүлдеге лайықты деп танылған жаңаарқалық Жалын Сыздықовқа 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Қызылордалық Б. Әбдімәжитовке бірінші жүлде бұйырса, оның жерлесі И. Дәулетхан екінші жүлде иегері атанды. Ал үшінші орынға арналған жүлде Жезқазған қаласының әншісі М. Шоқтаевқа берілді.
Қазақ күресінен белдесулер екі салмақ дәрежесінде өтті. Ұлытаудың ұланы Ернат Төлеш 70 кило салмақта қарсылас шақ келтірмесе, абсолюттік салмақ дәрежесінде Жаңаарқаның жампозы Жылкелді Құдайберген жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ұлытаудың баурайын дүбірге бөлеген мерекелік шара ел эстрадасының жұлдыздары қатысқан гала-концертпен түйінделді. Тойшыл қауым Өмірзақ Айниязов, Бейбіт Күшқалиев, Сиви Махмуди және Нұржан Керменбаев сынды әншілердің өнеріне тәнті болды.