Аймақтар • 17 Қазан, 2019

«Кәсіп түбі – нәсіп» жобасына қызығушылық танытушылар артып келеді

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңаөзенде мемлекеттік мекеме, колледж басшылары мұнай компаниялары, сервистік қызмет көрсетуші мекеме жетекшілері мен көші-қон полиция қызметкерлері «Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы аясында дөңгелек үстел басына жиналды. Барлық сала жетекшілеріне жобаның негізгі мақсаты түсіндіріліп, мұнайшылар шаһарындағы жұмыссыздықпен күрес шаралары талқыланды.

«Кәсіп түбі – нәсіп» жобасына қызығушылық танытушылар артып келеді

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры-жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев: «Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы шеңберінде кәсіпкерлердің, Жаңаөзен тұрғындарының, жастарының ұсыныстары қолдау табады. Түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуге ат салысатын боламыз. Мұндай дөңгелек үстелді алдағы уақытта да ұйымдастырамыз. Өйткені, мұнайлы шаһар тұрғындарын толғандыратын сұрақтар азайса, жұмыссыздықпен күресу шаралары оң нәтижесін берсе, кәсіпкерлердің ісі оңға басса - біздің көздеген мүддеміздің нақты орындалғаны деп түсінеміз», дейді.

Басқосуда сөз алған Жаңаөзен қалалық жастар ресурстары орталығының маманы Мұхаммед Бақытжанның айтуынша, жергілікті жастарға көбінесе робототехника, ІТ мамандықтары бойынша білім беріліп жатыр. Қазіргі қоғамның талабы осындай. Сондықтан да бұрынғыша ескі тізімде бекітілген мамандықтарға емес, нарыққа қажетті, сұранысқа ие мамандарды даярлауды ұсынды.  

Жаңа жоба аясында Жаңаөзен қаласынан 10 оқу орталығын ашу жоспарланып отыр.

- Ірі кәсіпорындарға оқу орталығын бірлесіп ашу туралы түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Қаладағы колледж басшыларына қысқа мерзімді оқыту курстары, сұранысқа ие мамандықтар жайлы ұсынысымызды бердік. Жұмыспен қамту бөлімдеріне жастарға қолайлы оқу орталықтарын ашу туралы әңгіме жүргізілді, дейді МО кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің 1-дәрежелі сарапшысы Руслан Бисекенов.

Дөңгелек үстелден соң жаңа жобаның жұмыс тобы Жаңаөзен қаласының орталық базарларын аралап шықты. Онда сауда жасаушыларға жобаның тиімділігі түсіндіріліп, кәсіпкерлер палатасы ұсынатын қызметтер қатары айтылды. Дүкен иелерін несие алу, бизнесті кеңейту, әкімшілік кедергілер кездескен жағдайда кәсіпкерлер құқын қорғау, курстарда оқу мәселелері қызықтырды.

Сонан соң жұмыс тобы «Жаңаөзен» сауда орталығына барды. Сауда үйіне келушілер мен кәсіпкерлерді несие алу, бұрынғы қарыздарынан құтылу жолдары, кепілдік зат мөлшері, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын көтеру сынды мәселелер көбірек толғандыратын болып шықты. Жұмыс тобының білікті мамандары ұсыныстардың барлығын жинап, алда жүзеге асатын іс жоспарға енгізетін болады.

 

 

Маңғыстау облысы