Аймақтар • 17 Қазан, 2019

«Бекет ата» мешітіне тарту жасады

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шеберлік – өнер әрі кәсіп, ал кәсіп – нәсіп. Нарықтық заман талабы қолынан іс келетін жанның құр қол отыруға емес, өнерін ортаға салып, қоғамның дамуына жұмсауын талап етеді.

«Бекет ата» мешітіне тарту жасады

Осы орайда іс бастаймын деген  шеберлерді қолдап, ая­ғынан тұрғызуға тырысатын, сондай-ақ  көп балалы аналар мен аз қамтылған әйелдердің жеке ісін жүргізуге, өз мүм­­­кін­діктерін дамытуына және ұлттық қолөнерді на­си­хаттауға көмектесетін әлеу­­­меттік жоба – «Көрпе Fest» ме­га-фестивалінің маңы­зы зор.

Алғаш тұсауын Нұр-Сұл­тан қаласында кескен фестиваль өңірлердегі жұмысын Ақтау қаласынан бастады.  Елі­міздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Маңғыстау облысы әкім­дігінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль аясында оқы­ту семинарлары, тігін жә­не қолданбалы өнер бойын­ша сабақтар өткізілді, әлеу­мет­тік желілерде бизнес жүр­гізу бойынша шеберлік сы­нып­тары мен көрмелер ұйым­дас­тырылды.

Шара аясында танымал этнодизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзаданың қолөнерші ізбасарлары дайындаған бұ­йым­дар жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар «Аналар ама­наты» деректі сериалы­нан фильм көрсетіліп, онда «Мәдени мұралар мен ұлттық қолөнерді жаңғырту» әлеуметтік жобасы туралы айтылды.

Ырза Тұрсынзада мен оның шәкірттері Маңғыстау облы­сының тарихи орындары бойынша экспедиция ұйым­дастырып, олар «Бекет Ата» мешітіне өз қолдарымен тігілген жастықтар, көрпе­лер, ұлттық нақыштағы жамыл­ғылар сыйлады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дей­тін хал­қымыздың бабалар ру­хын қастерлейтін қалпына сай жасалған сыйлықтар енді мешітке келген жамағаттың қажетіне жарайтын болады.

Сондай-ақ еліміздің төл мә­дениетінің дамуына зор үлес қосып жүрген батыр аналарға «Аманат» қоғамдық қоры атынан сыйлық, ең озық тігіншілерге Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Тігін ма­шиналар үйі» атынан бар­лығы отыз тігін машинасы, қаржылай сертификаттар мен алғысхаттар табысталды. Ал қыз-келіншекке арналған ең әдемі көйлек тіккен қаты­су­шыға арнап авторлық дизайнда жасалған маталар сыйлыққа тапсырылды.