Руханият • 18 Қазан, 2019

Көздері ғаріп болғанмен, көңілдері жарық

528 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әйгілі Борхес «Маған жұмақтың өзі кітапхана түрінде елестейді» деп­ жазыпты. Эразм Рот­тердамский болса: «Менің кітапханам қай­да болса, отаным да сол жерде» деген. Ал оралдық Темірға­ли Жұмағалиев кітап­хананы – шетсіз-шексіз ілім-біліммен, үлкен әлеммен жалғап тұрған аспалы көпірдей көреді.

Көздері ғаріп болғанмен,  көңілдері жарық

Батыс Қазақстан облысына танымал азаматтардың бірі Темірғали Жұмағалиев Тасқала өңірінде 1952 жылы дүниеге келген. 1968 жылы мектеп бітірген соң тракторист-машинист мамандығын алып, ауылда қарапайым еңбек етті. 1973 жылы әскери борышын өтеуге шақырылып, Хабаровск қаласында қызмет етті. Елге келген соң жүргізуші куәлігін алып, автокран жүргізді.

 Қараңғылық сәулесі

Мұның бәрі әдеттегі ауыл адамының өмірі ғой дерсіз. Әл­бетте. Темірғали аға да қара­пайым көппен бірге тіршілік ке­шіп жүрген. Бірте-бірте ден­сау­лығы сыр беріп, көз жана­ры нашарлағаны болмаса. 1988 жылы ІІ топтағы мүгедек атанды, кешікпей қармаланған қараң­ғылық тұтқынына түсті...

«Басқа салса баспақшыл» ғой адам. Темірғали аға да көзінен айырыл­ға­нымен, жаңа орта тапты. Қазақ со­қыр­лар қоғамына қабылданып, ең­­бек етті. Және бір тапқан досы – Орал қа­ласындағы Батыс Қазақстан об­лыс­тық зағип және нашар көретін аза­мат­тарға арналған арнаулы кітапха­насы болды.

– Бұл кітапхананы 1985 жылдан бері білемін. Сол кезден теп­лотехникамен тыңдайтын кітап­тарын алып, жаныма серік ететінмін. Бұл ұжым – мүгедек, мұқтаж жандардың алғысына бөленіп отырған орталық. Біздің сауатымызды ашып, көңіл күйі­мізді көтеріп, қоғамдық ортадан қол үзбеуімізге қол- ұшын созып жүрген ізгі жандар осында. Біздің бір қоғамның өзінде 480-500 оқырман бар. Басымыз жиі қосылады. Кітапханашылар мұн­да түрлі кештер, концерттер де ұйымдастырады. Өз өмірімде бұл кітапхананың маңызын айтып жеткізе алмаймын, – дейді Темір­ғали аға.

Бүгінде зейнет демалысында болса да Темірғали Жұмағалиев қоғамдық жұмыстардан қол үзбепті. Өмірден жиған тәжіри­бесі, кітаптан алған өне­гесі Тем­кеңді көкірегі қазына ақса­қал­ға айналдырған. Орал қалалық «Ақ бата – асыл мұра» байқауының жеңім­пазы кітапхананың әр шарасына қатысып, кейінгіге ақыл-кеңесін айтып, батасын беріп отырады.

Айтпақшы, Темірғали ағамыз 100 жылдық тарихы бар «Егемен Қазақ­стан» газетінің «Әдебиет», «Аймақ» айдарларын сүйіп оқитын оқырманның бірі. Бізбен әңгімесінде газеттің редакция ал­қасына және шығармашылық ұжымына сәлем айтып, ақжарма тілегін жеткізді.

Жарты ғасыр жаралы жүректің емі

Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға ар­налған арнаулы кітапхана 1969 жылы Қазақ КСР министрлігінің бұйры­ғымен ашылған екен.

Бастапқыда «қызыл бұрыш» ретінде қызмет еткен кітапха­наның қалыптасуы облыстық қазақ соқырлар қоғамының даму тарихымен тығыз байланысты. Алғашқы кітапхана Орал оқу өндірістік шеберханасында орналасқан. Сол жылдары Қазақ соқырлар қоғамы жанынан «Еңбек таңы-Заря труда», «Призыв» мерзімді басылымдары шығатын. Бұл зағиптар үшін үлкен көмегі бар басылымдар еді.

Оралдағы арнаулы кітапха­наға алғашында 15 жыл бойы І топ­тағы көз мүгедегі Николай Ле­ванов басшылық жасады. Кітап­­хана ісін әрі қарай дамытуда Ж.Жәленова, У.Үбішева, Ш.Оразаева, Ж. Мақасова сынды кітап­хана ісінің білікті мамандары көп үлес қосты.

Алғашқы жылдары кiтап қо­ры 2450 данаға жетіп, Ресей, Бе­ларусь, Украина баспаларынан шық­қан брайльдық әдебиеттер, ды­быстандырылған шығар­малар және графикалық құралдардың барлық түрі қамтылды.

Ал 1970 жылдары кітапхана катуш­калық магнитофондар мен дыбысты кітаптар, сондай-ақ 2475 дана дыбыс­тандырылған, 2100 дана жайпақ баспалы әде­биеттермен толықты.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1980 жылдары жалпы кітап қоры 18 763 данаға жеткен. Оның 9687 данасы – бедерлі нүкте түрінде, 5407 дана – жай­пақ баспа түрінде, 3 669 дана – дыбыс­тандырылған әдебиеттер еді.

 Тәуелсіздік түлеткен кітапхана

– Егемендік жылдары кітап­хана қызметі жаңаша өрбіді. Тәуел­сіздік кітапхана өміріне елеу­лі өзгеріс пен мол мүмкіндік әкелді, – дейді кітапхана директоры Қаракөз Борамбаева.

Кітапхана тарихында 1990 жылдан бері қарай болған өзгерістерге көз салсаңыз, шынында да солай. 1998 жылы мұнда «Брайлист» үйірмесі ашылды. 2002 жылы тифло-ақпараттық библиографиялық сек­торы жұмысын бастады. 2003 жылдан барлық санат­та­ғы мүгедектерге қызмет көр­сететін «Қайырымдылық» бағдар­лама­сы іске кірісті. 2004 жылы орталық­тандырылған кітапхана жүйелерінде кітапханалық пункттер ашылды. 2005 жы­лы «2002-2005 жылдарға арнал­ған мүгедектерді оңалту» мем­лекеттік бағдарламасы аясында кітапханаға тифлокомплекс берілді. 2006 жылы алғашқы брайльдік принтері сатып алынып, бедерлі-нүктелі қаріп тү­рінде кітаптар шығарыла бастады. 2007 жылы кітапханаға «АИС- СБ РК» кітапханалық-ақ­параттық автоматтандырылған бағдарламасы енгізілді. 2008 жылы бедерлі-нүктелі қаріп тү­рінде қоғамдық «Луч» газетінің ал­ғашқы нөмірі шықты. Ол тоқ­санына 1 рет шығады. 2009 жылы зағип және нашар көретін оқыр­мандарды компьютерлік сауаттылыққа баули­тын ақпа­раттық-компьютерлік зал ашылды. 2010 жылы дыбыс­ты кі­тап­тарды өңдеу бөлімі жә­не дыбыс­ студиясы ашылды. 2012 жылы «Ақжайық» интел­лектуалды клубы ашы­лып, ал­ғаш рет оnline ойыны өтті. 2014 жылы Оралда «Арнаулы кітап­хана ақпа­раттық кеңіс­тікте» атты рес­публи­ка­лық прак­тикалық конференция өтті. 2015 жылы – «Шабыт» ақпараттық мәдени орталығы ашылды. Осы жылы «Ерекше балаларға – ерекше кітаптар» қайырымдылық акциясы жарияланып, әйелдерге арналған «Әдемі-ау» журналының бедерлі-нүктелі қарпі түрінде алғашқы нөмірі оқырманға жол тартты. 2016 жылы «Қадыр әлемі» үйір­месі ашылды.

көрермен

Әрине, мұның бәрі мәдени меке­менің әдеттегі жоспарлы шаралары дерсіз. Бірақ қызметін жылына 3 мың­ға тарта мұқтаж жан пайдаланатын кі­тапхана үшін әрбір шара маңызды, әр оқырман қымбат.

Облыс орталығында орналасқан кі­тапхана алыс ауылдарда тұратын зағип­тарды да ұмытпайды. Алыс аймақ­тарда тұратын көз мүгедектігі бар жандарға ақпарат қолжетімді болу үшін әр өңірде кітапханалық пункттер ашу жұмысы жүргізілді. Орталық­тандырылған кі­тапхана жүйелерімен келісімшарт тү­зіліп, өзара байланыс орнатылды.

– Қазіргі заманауи кітапхана – тек ақпарат ордасы ғана емес, зағип жан­­дар үшін өз тағдырластарымен дидар­ласатын, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени-шығармашылық әрі рухани байлық ордасына айналып отыр, – дейді кітапхана қызметкері Айжан Дәулетқалиева.

Сырттай қарағанда бұйығы көрі­нетін кітапхана өмірі қыз-қыз қайнап жатыр. Жоғарыда айтылғандай, мұнда «Муза» поэзиялық клубы, «Ақжайық» зияткерлік клубы, «Сырласу» қыз-келіншектер клубы, жас оқырмандарға арналған «Қадыр әлемі» үйірмесі, «Жалынды жастар», «Денсаулық» клуб­тары тұрақты жұмыс істейді. Тақырыптық материалдар топтамасы, шағын кітапшалар, бедерлі-нүктелі «Луч» газеті, қыз-келіншектерге арнал­ған «Әдемі-ай», балаларға арналған «Балбұлақ» журналдары басылып шығады. Түрлі тақырыптық, еске алу кештері, дөңгелек үстелдер, кітап тұ­саукесері, онлайн ойындар, байқау, диалог алаңы, әдеби-квест, және т.б. ша­ралар ұйымдастырылады. Мәселен, жақында ғана Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі ақын Ғайсағали Сейтақтың «Өлеңмен өрген өмірін...» атты кеші өтті. «Ақжайық – ару мекенім» атты кешке таны­мал композитор Донеділ Қажымов шақырылды.

P.S. Қазіргі қым-қуат ақпарат заманында кітап, газет-журнал оқушылар азайды деп айтамыз. Бірақ Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған ар­наулы кітапханасында мұндай мәсе­ле жоқ. Бұл кітапхана қызметін дұ­рыс ұйымдастыруда болса керек. Қараңғылықты қармалап қалған қам­көңіл жандардың қалауын тапқан ұжым­ды жартығасырлық мерейтойымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тілейміз.

Батыс Қазақстан облысы