Руханият • 18 Қазан, 2019

Тылсым өнердің тәлімгері

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өмірбек Тілеулиев салған суреттерге үңіле қараған кез келген адам ең бірінші кезекте дала қазағының өмірін көрер еді. Табиғатпен үйлесімде ғұмыр кешкен көшпендінің дүниетанымын айқын аңғарып, ескі өмірді жаңаша тәсілдермен бей­нелеудің ерекшелігіне назар аударар еді. Біздің көзімізге де ең алдымен осы нәрселер шалынды.

Тылсым өнердің тәлімгері

Ол негізгі кейіпкерлері – дана қарт, ер жігіт, ибалы келіншек, періште сәби, жүйрік ат, қыран бүркіт, маңғаз түйе немесе қара шаңырақ, жас отау сынды ұғым­дар, сондай-ақ сал-серілік, саят­шылық дәстүрлері арқылы көш­пенді өмірдің тылсымға толы болмысын бейнелейді. Әр­бір кейіпкерге не әрбір ұғымға дара­лық дарытқысы келеді. Бұл орайда графикамен де, майлы бояумен де жұмыс істейтін суретші дәстүрлі реализмнен тыс сурет өнерінде «туынды ішіндегі туынды» принципін басшылыққа алатын постмодернизмді де жатсынбайтыны көрініп тұр. Оның Оқушылар сарайында ашылған «Атамекен» атты көрмесіне соң­ғы жылдардың бедерінде дүниеге келген туындылары қойылды.

«Атамекен» көрмесінің ашы­луы – зейнеткерлік жасқа жеткен суретшінің елге есеп беруі, шығармашылығындағы жа­ңалықтарды көрсетуі. Жа­ңа­лық демекші, 100-ден аса жұ­мыстардың ішінде өткен ғасырдағы қазақ үшін ең ауыр саяси зобалаңдар мен алапат аштық оқиғасы орын алған – 1916, 1932, 1937, 1986 жылдар Оро техникасымен салынған. Бұл тех­никамен, яғни матаға сурет салумен суретші соңғы жылдары ғана айналыса бастапты. Көрмеде сөз алған Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай суретші шығармашылығын рухани жаң­ғыруға қосылып жатқан үлкен еңбек ретінде бағалап, әсіресе Оро техникасымен бедерленген тарихи оқиғалардың жас ұрпаққа ой салатын мағыналы шығармалар екеніне тоқталды.

сурет

 Жазушы Жолтай-Жұмат Әлмашұлы көрме иесінің жас жігіттер сынды ізденгіштігіне тән­тілігін айтты. – Өмірбек ал­пысқа келсе де жас жігіттер сияқ­ты ізденеді. Бүгінгі көрмесі соның айғағы. Оның өзгеше мә­нермен салған суреттеріне риза болып тұрмын. Ол қандай жанр­да еңбектенсе де, өзегінде ұлттық негіз жатады. Тақырыпты кең ауқымда алады, – деді жазушы. Ал көрмеге қонақ ретін­де қа­тысқан Астана қаласы Жас суретшілер бірлестігінің төр­ағасы Өмірәлі Исмайлов алдағы жылы Солтүстік Кипрде Түркі елдері суретшілерінің мұражайы ашылатынын, оған еліміз атынан Тілеулиевтің де картиналары қойылатынын атап өтті.

Өмірбек Тілеулиев тек су­ретші емес. Ол сурет өнеріне ғашық жасөспірімдердің ұстазы да. Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқу­­шылар сарайында ұстаздық қызмет атқарып жүрген сурет­ші­нің жеке көрмесіне оқу­шы­лар­дың жиылуы да тегін емес. Өнерлі балалар көрменің ашылуында ән шырқап, би билеп ша­раның қызықты өтуіне бір кісідей атсалысты.

Оқушылар сарайында Ті­леу­лиев туындылары қойылған көрме көрермендерін күтеді.

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»